Жаз күндері елімізде 236 қала сыртындағы лагерь, 11 мыңға жуық мектеп жанындағы лагерь, 1700-ден астам шатырлы лагерь жұмыс істейді. Онда 2 млн 842 мың оқушы қамтылмақ. Ал республикадағы лагерьлерде 2,1 млн астам оқушы демалады. Қала сыртындағы балаларды сауықтыру ұйымдарын республикамыздың оңтүстік өңірлерінде 1-10 маусым аралығында, басқа өңірлерде 15-20 маусымнан кейін ашу жоспарлануда.
«Сауықтыру ұйымдарының дайындығы қажетті деңгейде жүріп жатқан жоқ. Тек 48 қала сыртындағы балаларды сауықтыру ұйымы ғана санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алған», деді Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров.
Оның айтуынша, министрліктің бақылауында 7 мыңнан астам балаларды сауықтыру ұйымы бар, оның ішінде 236-сы – қала сыртындағы балаларды сауықтыру ұйымы. Сондай-ақ Денсаулық сақтау вице-министрі «Мониторинг нәтижесі балалар лагерінде азық-түлікке байланысты жағдайлардың жиі орын алатынын анықтады. Яғни, тамақ өнімдерінің лабораториялық зерттеуге сай келмеуі, дұрыс дайындалмауы және сақталуы жағынан мәселелер туындайды», деді.