«Кезексіз емхана» бағдарламасы қалай жүзеге асуда?
Бейсенбі, 23 мамыр 2013 2:50
Соңғы жылдары еліміздегі денсаулық сақтау жүйесіндегі оңды өзгерістің бірі – «Кезексіз емхана» бағдарламасы. 2011 жылдың қыркүйек айындағы амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін мекемелердің тіркеу бөлімінің қызметін ұйымдастыруды қамтамасыз ету жөнінде
Бейсенбі, 23 мамыр 2013 2:50
Соңғы жылдары еліміздегі денсаулық сақтау жүйесіндегі оңды өзгерістің бірі – «Кезексіз емхана» бағдарламасы. 2011 жылдың қыркүйек айындағы амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін мекемелердің тіркеу бөлімінің қызметін ұйымдастыруды қамтамасыз ету жөнінде
Денсаулық сақтау министрлігінің № 606 бұйрығына сәйкес халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған бұл бағдарлама бүгінде белең алып, жаппай жүзеге асуда. Осы ретте Алматыдағы Бостандық ауданына қарасты №17 қалалық емхана кезекті болдырмаудың тиімді жолымен жұмыс істеуде қанатқақты жобаны алғаш енгізген емдеу мекемесі болып табылады. Ендеше, елімізде жүзеге асырылып отырған «Кезексіз емхана» қандай бағдарлама, шынында да ол науқастарды дәрігердің есігін бағып, сарылып кезек күтіп отырудан құтқара ала ма? Осы тақылеттес сауалдарға жауап алу мақсатында 13 жылдан бері аталмыш емхананы басқарып келген, бұған дейін еліміздегі қан тамырлары хирургия саласында күрделі ота жасау мен енгізуде, шәкірт дайындауда, сондай-ақ, денсаулық сақтау саласын ұйымдастыруда өзіндік үлес қосқан «Құрмет» орденінің иегері, медицина ғылымдарының кандидаты Асхан СМАЙЫЛОВҚА жолыққан едік.
– Асхан Смайылұлы, бас ауырып, балтыр сыздамайтын пенде жоқ, ал ауыра қалсақ дереу емханаға барып, дәрігерге көрінеміз. Ауырып, жаны қиналып тұрған науқасқа әуелі тіркеу бөлмесінде, одан дәрігер кабинетінің алдында ұзын-сонар кезекті күтуге тура келеді. Осындай оралымсыздық көптің көңілінде көптен жүрген ой еді…
– Дұрыс айтасыз, мәселенің төркіні науқастардың сағаттап кезек күтуінде болып тұр ғой. Алдымен сөз еткелі отырған бағдарламаның қалай дүниеге келгеніне тоқталайын. Бүгінде елімізде бес мыңға жуық емдеу мекемесі бар десек, солардың арасында ең таңдаулы деген 50 аурухана мен 50 емхананың қатарына біздің №17 қалалық емхана да кірген-ді. 2011 жылы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова осы емдеу орындарының басшыларын Астанаға шақырып, республикалық кеңес өткізіп, әрқайсымызға денсаулық сақтау саласын қалай жақсартуға, оңтайландыруға болады деген ой тастады.
Содан «неге біздің науқастар қысы-жазы ыстық-суықта, қарлы жаңбырда болсын таңертеңгі сағат сегізден топырлап кезек күтеді. Неге біз шетелден, Еуропадан қалып қоямыз? Солардағы мәдениетті неге үйренбеске» деген ой келді. Екіншіден, емханамыз таңертеңгі сағат сегізден кешкі сағат сегізге дейін жұмыс істейді. Науқастар таңертеңнен түске дейін толассыз келеді де, түс ауғаннан кешке дейін қабылдауда адам жоқ, дәрігерлер бос отырады. Неге дәрігерлердің уақытын үйлестіріп, реттемеске деген ой тағы келді.
Содан жұмысты үйлестіруді бірден тіркеу бөлімінен бастадым. Бұрындары кез келген емхананың тіркеу бөлімінде көп болса екі-үш телефон жұмыс істесе, оның санын онға жеткіздім. Бұрын онда төрт қызметкер болса, оларды он беске көбейттім. Сөйтіп, тіркеу бөлімі анықтама, диспетчерлік қызмет түрін көрсетіп, емхананың бұрынғыдай түске дейін емес, таңертеңгі 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін ретімен, кезегімен жұмыс істеуіне қол жеткіздік. Бір айта кетерлігі, тіркеу бөліміне тек сырттан науқастар ғана телефон соға алады, ал емхана жағынан байланысқа шығуға тыйым салынған. Содан емханаға келушілерді әр кез жинап, «енді таң атпай емханаға келудің қажеті шамалы, жылы үйде, жұмсақ диванда отырып тіркеу бөліміне телефон шалып, дәрігер қабылдауына алдын ала қалаған күніңізге, уақытыңызға жазылып, үйге дәрігерлік шақыртулар беру мүмкіндіктеріңіз бар» деп мәселені түсіндіріп, ақпараттық парақшалар іліп, ұжымды да дайындадым. Әрине, жаңа бастамаға қарсы болғандар да кездесті. Байқаймыз, жұмысымыз ыңғайға келіп қалған сияқты. Әсіресе, бұл жоба жұмыс істейтіндер үшін өте оңтайлы болып шықты. Жұмыстан қашанғы сұрана берсін. Телефон шалып, өзіне қажетті уақытты таңдап, он-он бес минөттің ішінде шаруасын бітіреді де кетеді. Ал бұрын қалай еді, кезек сақталмаған соң науқастар бір-бірімен сөзге келіп, арты дау-жанжалға айналып, шағым айтушылар көп болатын. Ал мына жағдайда тіпті, ешкім танысын да кіргізе алмайды. Өйткені, әркімнің өз уақыты бар. Осылайша, біріншіден, кезекті реттеуге, екіншіден, арыз-шағымның санын азайтуға, үшіншіден, науқастардың уақытын үнемдеуге қол жеткіздік.
Сол кездері Астанадағы Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығына оқуға бара қалдым. Онда жобамның таныстырылымын өткізіп едім, жұрт өте жақсы қабылдады. Бұл жаңалық министрдің орынбасарына, одан министрге жетеді. Көп ұзамай министрдің селектрлік мәжілісі өтетін болып, бізден «кезексіз емханаға» байланысты материалдарды сұратты. Түстен кейін селектрлік мәжілісте осы жайында он бес минөт баяндадым. Министр сөзімді бөлмей тыңдады да, таныстырылым аяқталған соң: «Естіп отырсыздар ғой, бүгіннен бастап еліміздегі барлық емхананың бас дәрігерлері, орынбасарлары осы тәжірибені үйреніп енгізу үшін Алматыдағы №17 қалалық емханаға барасыздар», деді. 1911 жылдың аяғына дейін барлық өңірлерден емхана басшылары келіп, бар жайтты өз көздерімен көріп қайтты. Біздер осы бағытта іске кіріскеннен кейін министрліктің амбулаторлық-емханалық көмек көрсететін ұйымның тіркеу орнының қызметі туралы №606 бұйрығы шықты. Осылайша, 2011 жылдың 1 қазанында осы жұмысты ресми түрде бастап кеттік. Артынша 2011 жылдың 20 желтоқсанында Денсаулық сақтау министрлігі тез әрі сапалы медициналық көмек көрсететін, кезектері жоқ және емхана қызметі ретке келтірілген ең үздік емхананы анықтауға бағытталған «Кезексіз емхана» бағдарламасы аясында «Бүгін – сен үздік, ертең – барлығы» атты республикалық байқау жариялады. Әрине, біз байқаудың жеңімпазы атандық. Былтыр сәуір айында Финляндияға барып қайттым. Ағымдағы жылдың 1 наурызында «Кезексіз емхана» байқауының 2-кезеңіне де қатысып, онда еңбек ресурстарын тиімді пайдалану және медбике ісінің рөлін жоғарылату идеясын ұсындық.
– Елімізде соңғы жылдары аурудың алдын алу мақсатында скринингтік бағдарламалар жүргізілуде. Бұл іс-шара дәрігерлерге қосымша жүктеме болып отырған жоқ па?
– Скрининг – белгілі жастағы дені сау тұлғаларды профилактикалық медициналық тексеруден өткізу, яғни аурудың алдын алу. Қазақстанда скринингтің бірнеше түрі өтуде. Барлық скрининг тұрғындар тіркелген медициналық емханаларда тегін. Осы ретте емханада кезек тудырады деген емделушілерді үшке бөліп жібердік. Бірінші лек, ол өзіңіз айтып отырған, скринингтік бағдарлама бойынша келетіндер. Оларды бірінші қабатта жеке дәрігер, медбикесімен қабылдайды да, жалпы кезекке кірмейді. Екінші лек, зертханалық тексерулер, ол да таңертеңгісін бір-екі сағаттың ішінде аяқталады. Үшінші лек, негізінен учаскелік терапевт пен бейінді маман (узкий специалист) дәрігердің қабылдауына баратындар. Міне, осы жүйенің нәтижесінде емханада науқастар көп болады деген дүйсенбі күннің өзінде кезек 10-12 адамнан аспайды. Өйткені, әр дәрігердің қабылдауына әркім өз уақытында келіп-кететіндіктен, әр кабинеттің алдында көп болса екі-үш адамнан отырады. Бұл ыңғайлы болды.
– Айтыңызшы, бізде бір науқасты қабылдауға бөлінген уақыт нормативі бар ма?
– Әрине, бар. Норматив бойынша бір терапевтік қабылдауға әр науқасқа он бес минөт бөлінген. Әрине, бұл уақыт аздық етеді. Дәрігерге де қиын. Кабинетінің алдында отыз адам отыр делік. Үш сағаттың ішінде бәрін қабылдап үлгеруі керек. Сол үшін дәрігер не істейді, кейде асығыстыққа жол береді. Сырқат адамды шешіндіріп, түгел қарап шығуға уақыты жоқ, бір жағынан жазып, тіпті бет-жүзіне де қарауға шамасы келмей жатады. Мұндай жағдайда сапа қайдан болсын.
– Ал енді сол сапаны жақсарту үшін не істеу керек?
– Дәрігердің жүктемесін азайтуымыз керек. 1993 жылы Америкаға барғанымда медбике атқаратын жұмыс көлемін, медбике мәртебесін көріп таңғалып келдім. Оларда медбике үлкен клиниканың өзінде бөлімше меңгерушісі қызметін атқарады. Мәселен, бізде хирургия бөлімшесіне ғылым докторы, профессор жетекшілік етсе, оларда медбике. Яғни, медбике кәдімгі педиатр, терапевт сияқты өз алдына жеке мамандық. Бізде қалай, медбике – дәрігердің «қосымшасы», «көмекшісі», «барып кел, шауып келі». Демек, медбике өз бетінше еш нәрсе шеше алмайды. Қалай десек те, біз медбике ісінің сапасын көтермей, медициналық көмек сапасын көтере алмаймыз. Сондықтан да министріміз «кезексіз емхана» бағдарламасынан кейін бірінші, екінші медбике нормативін енгізді. Қазір бізде учаскелік терапевтің қарауында екі, ал жалпы тәжірибедегі дәрігерде (врач общей практики) үш медбике бар. Бірақ, олардың функциясы ашылмаған. Біздің мамандар соны жете зерттеп, өңдеп, бірінші, екінші медбике не істеуі керектігін анықтады, оны министрлік бекітіп берді. Мысалы, екінші медбике емханада отырмайды, өзіне тиесілі учаскені аралап, бүкіл тұрғындарды жаңа туған баладан еңкейген кәріге дейін тіркеп, олардың барлық проблемасын біліп отырады. Мысалы, скринингтен өту керек болса, телефонмен хабарлайды, болмаса барып шақырады. Емханаға келсе өздері күтіп алып, бойын, салмағын өлшеп, қантын, холестеринін тексеріп, электрокардиограммаға түсіріп, анализдері жақсы болса үйіне жібереді. Оған дәрігердің қажеті жоқ. Ал егер патология табылып жатса, аурудың алдын алу бөлімінің дәрігеріне жібереді. Ол көріп, қажет деп тапса, бейінді маманға жолдама береді. Жоғарыдағы тексерулерді жасау үшін медбикелерді өзімізде оқытып, үйреттік.
– Асхан Смайылұлы, кезекті болдырмаймыз деп бейінді мамандарға алдын ала жазылғанмен, науқастарға апталап, кейбір мамандарға он-он бес күндеп күтуге тура келеді. Сондықтан неге бейінді мамандардың санын арттырмасқа?
– Жалпы емхана ережесі бойынша тіркелген пациенттің негізгі дәрігері – учаскелік терапевт. Ауырып келген сіздің кардиологқа бару-бармауыңызды учаскелік дәрігеріңіз шешуі керек. Мысалы, сізде қант диабеті болса глюкоза, гармон мөлшерін анықтауға бірінші рет эндокринологқа көрінесіз де, қалған уақытта терапевт бейінді маманның емін жүргізіп, бақылауда ұстауы тиіс. Міне, сонда бейінді маманға жүктеме аз болмақ. Ол учаскелік терапевт емес, консультант, яғни учаскелік терапевтің білмеген жерін айтатын кеңесші. Ал біздің пациенттер қайтеді, белі ауырса – невропатологқа, жүрегі ауырса – кардиологқа барады. Ал емханадағы жалғыз невропатолог, жалғыз кардиологқа емханаға тіркелген 78 мың адамның бәрі өз бетінше баратын болса, не болмақ? Кезектің көкесі сонда болмай ма? Оларға жиырма кардиолог, урологты қайдан табамыз. Ал сонда терапевт не істеуі керек? Міне, осы жүйені реттестіруде бүгінде Қазақстанда төрт қанатқақты жоба бар. Оған Алматыдан төрт емхана еніп отыр. Ол жобада учаскелік дәрігердің функциясы анықталмақ. Өйткені, қазір қалай, басымызды невропатолог пен нейрохирург, оған қоса окулист, лор, стоматолог емдесе, кеудені – эндокринолог, маммолог, пульмонолог, кардиолог, төменірек – гастроэнтеролог, гепатолог, хирург, уролог, одан кейін акушер-гинеколог, аяқ-қолға артопед, травмотолог, т.б. емдейді. Сонда терапевтер кәдімгі диспечер болып қалды. Мысалы, біздер Мәскеуде оқып жүргенде Боткин сияқты терапевтер барлық ауруды білетін кең профильді мамандық иесі болатын. Қазір бәрін бөліп тастады. Мысалы, құяңды емдеудің соншалықты қиындығы жоқ. Терапевт жүрек ауруын неге емдей алмайды. Ал емдей алмаса, онда ол қандай терапевт. Сондықтан осы қанатқақты жобада емдеудің біраз бөлігі терапевтерге берілмек. Бейінді мамандарға терапевт емдеп, қолынан келмегенде, болмаса диагнозды анықтауда ғана жіберілмек. Бұл – бір. Екіншіден, жоғарыда айттым, бізде медбикелер дәрігердің «қосымшасы» деп. Неге сонша жыл оқыған, қолында дипломы бар медбике сенің ауру, ауру емес екендігіңді ажырата алмайды? Неге сондай бір жеңіл-желпі ауруларды дәрігердің мойнына жүктеп қоямыз. Сондықтан дәрігердің кейбір функцияларын екінші медбикелерге беріп отырмыз.
Мысалы, Финляндияға барғанда көрдік, екіқабат әйел босанғанша акушер-гинекологқа көрінбеуі мүмкін. Барлық анализі қалыпты, физиологиялық жағынан өзгеріссіз жағдайда акушердің өзі босандыра береді. Оған дейінгі процедураны жалпы тәжірибедегі дәрігердің медбикесі жүргізіп, бақылап отырады. Егер босануда проблема болып жатса ғана акушер-гинеколог қосылады. Біз оның бәрін апарып акушер-гинекологтың мойнына іліп қойдық. Оның үстіне елімізде мамандар жетіспейді. Қазір қараңыз, педфакты жауып тастадық. Емдеу факультеті жоқ. Бүгінде жалпы тәжірибедегі дәрігер алты жыл оқыса, жетінші жыл интернатура, мұның өзін екі жылдық жасамақ. Егер сіз кардиолог, невропатолог мамандығын қаласаңыз, резидентурада екі жылдан төрт жылға дейін оқисыз. Бүгінде жұмыс істеп жатқан бейінді маманның дені бұрыннан келе жатқандар. Олар зейнетке кететін болса, бейінді мамандарға тапшылық анық сезілетін болады. Бүгінде емханамыз осы жоба бойынша терапевтерді кардиолог, эндокринолог, т.б. салалық мамандықтарға оқытып жатыр. Қазір он дәрігеріміз білімін жетілдіруде.
– Ендеше, жаңадан салынған еліміздегі бірен-саран емханалар болмаса, әлі кезек мәселесін түбегейлі реттестіріп шешу қиынға түседі дейсіз ғой…
– Кезекті түбегейлі шеше алмауымыздың тағы да мынадай себептері бар. Кеңес өкіметі тарағанша Алматыда ең соңғы бой көтерген №4,№3,№9 емханасынан кейін бірде-бір медициналық мекеме салынбаған. Тәуелсіздігімізді алып, етек-жеңімізді жинаған соң Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасының аясында елімізде жаңадан емдеу мекемелері салына бастады. Соның бірі – біздің емхана. Соңғы жылдары Ұлжан, Құлагер шағын аудандарында, №21, №22, №23, №24 емханалары салынса, жақында №25 емхана пайдалануға берілмек. Яғни, емхана көбейген сайын, ондағы кезек өзі реттеле бастайды. Мысалы, біздің емхананың күндік нормативтік сыйымдылығы 500 адамға арналған. Бірақ мұнда келіп-кететін адамдардың саны 780-900 аралығында, қысты күндері мыңға дейін барады. Ол дегеніңіз – дәрігерге екі-үш есе жүктеме деген сөз. Біздер қанша кезекті құртамыз дегенмен, бәрібір нормативтен асып тұр. Сондықтан кезек мүлдем болмайды деп айта алмаймыз. Егер Еуропадағы сияқты нормативке сай 78 мың емес, 45 мың тұрғынға қызмет көрсететін болсақ, онда бұл жұмысты дөңгелетіп әкетуге болар еді.
Қорыта айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігінің «кезексіз емхана» бағдарламасы емханалардағы қызмет көрсету сапасын арттырып, жариялылықты қалыптастырмақ.
Әңгімелескен
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
–––––––––––––––––––
Суретті түсірген
Еркін ЕРКЕШ.