Қан майданды белшеден кешкен
Бейсенбі, 30 мамыр 2013 2:08
Айнақұл Нарманбетов – Ұлы Отан соғысының қанды жолдарын белшеден кешкен майдангер ағаларымыздың бірі. Тоқсаннан асқан жасында да ол мәңгілік ұмытылмас сол күндерді еске алып, әңгімелеп беруге бар.
Бейсенбі, 30 мамыр 2013 2:08
Айнақұл Нарманбетов – Ұлы Отан соғысының қанды жолдарын белшеден кешкен майдангер ағаларымыздың бірі. Тоқсаннан асқан жасында да ол мәңгілік ұмытылмас сол күндерді еске алып, әңгімелеп беруге бар.
Айнақұл ағаның балалық шағы аласапыран заманда өткен. 1919 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Шу ауданының Жаршапқан (қазір «Жаңа жол») деген ауылында кедей отбасында өмірге келген ол ақ пен қызыл сапырылысқан алашапқын заманды бастан кешеді. 20-шы жылдардағы аштық, азамат соғысы сияқты қырғындар жас балаларды баудай түсіріп жатқанда әкесі Бейсембет етінің тірілігімен өзінің бес баласын аузымен тістегендей ажалдың тырнағынан аман сақтап қалады. Бірақ балалардың көрешегі әлі алда екен. Бейсембет аға 50-ге енді ғана келгенде, 1930 жылы қайтыс болады.
Сөйтіп, бұрынғы қиындықтардың үстіне енді жетімдік деген жебірейіл желкеден тұқыртып жетіп келеді. Анасы Бірләндір бес баланы асырай алмасына көзі жеткен соң еңірегенде етегі жасқа толып, жастары кіші қыздары Шекер мен Секеркүлді ғана алып қалып, көзінің қарашығындай үш ұлы: Мырзақұл, Айнақұл және Мырзатайды Шудағы балалар үйіне өткізуге мәжбүр болады.
Балалар үйінде жас шамасына қарай бірнеше жерге ауыстырылса да жетімдер бір-бірімен байланысын үзбейді. Соның арқасында кейін бір-бірін тауып алады.
Мектеп бітірген соң Айнақұл Шу темір жолына жұмысқа тұрады. Баланың алғырлығы және сол кездегі жас үшін көп олжа саналатын орта мектептегі білімділігі ескеріліп, оған жауапты қызметтер де берілетін болады. Өз қолы өз аузына жете бастаған соң Айнақұл шешесі мен қарындастарын да тауып, оларға материалдық жәрдем жасай бастайды. Осы жерден Айнақұлды темір жол мамандарын даярлайтын Алматыдағы бір жылдық курсқа оқуға жібереді. 1939 жылы ол курсты жақсы аяқтап оралады. Енді Айнақұлды бұрынғыдай қара жұмыстарға емес, станса кезекшісі секілді жауапты қызметтерге де қоя бастайды және басшылықтың бұдан да әріде оны өсіру ниеті бары көрінеді. Бірақ 1940 жылы Айнақұлды әскери міндетін өтеуге алып кетеді. Осыдан қайтып ол темір жол маңына оралған емес.
Айнақұл Нарманбетовтің «Жизнь полная подвигов» атты орысша шыққан ғұмырбаяндық кітапшасы бар. Сол кітапшадан майдангердің өмір жолындағы деректермен тереңірек танысуға мүмкіншілік болды.
1940 жылы әскерге алынған оны Украинаның Харьков бағытындағы әскер қатарына қосады. Осы жердегі оқу-дайындық курсында Айнақұлды танкист болуға дайындайды. Бірақ, ұзамай олардың батальонын қайта құру үшін таратады.
Сол кезде Бас штаб жалпы Қап тауындағы армияны қайта құрудан өткізіп, жетілдірген екен. Өйткені, Батыстан Германия басып кірсе оның одақтасы саналатын Түркия Қап тауынан шабуылдап қалар деген қорқыныш болған. Сондықтан да, КСРО басшылығы Қап тауындағы әскерді үнемі күшейтумен болған. Айнақұлдардың да әскери бөлімін Дондағы Ростовты, Ноғай даласын, Армавирді басып отырып, Дағыстан автономиялық республикасының Дербент қаласына әкеп шоғырландырады. Мұнда оларды артиллерист болуға дайындайды. Артынан неміс-фашистері басып алған Украинада болмай Қап тауындағы әскерде қызмет еткені Айнақұлдың аман қалуына да себеп болған секілді.
Ол осы армияда 1942 жылдың аяғына дейін қызмет етеді. Түркия жағы шабуыл жасамайтындығы анықталған соң ғана Бас штаб 45-ші армияны немістің Қап тауына бағытталған күштеріне қарсы шығарады. Артиллерист А.Нарманбетов Моздок, Малғабек, Орджоникидзе бағыттарындағы кескілескен шайқастарға қатысады. Осы Қап тауының сыртындағы майданға Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған даңқты жерлесіміз, ұшқыш Талғат Бигелдинов те қатысқан екен.
Айнақұл Нарманбетов өзін әрі пысық, әрі өжет жауынгер ретінде көрсете білген. Сондықтан оған старшина атағы беріледі. Артынан артполктің командирі А.Кашириннің жеке адъютанты болады. Мұның қызметіне, елгезектігіне риза болған полк командирі жас жігітті қайнаған соғыстан бір сәт аман сақтау үшін Бұхарадағы артиллерия командирлерін даярлайтын оқуға жібереді.
Сөйтіп, кешегі белшеден қан кешкен соғыстан бір сәт дем алуға мүмкіндік беріледі. Бұл артиллериялық училище Бұхараға Подольскіден эвакуациямен келген еді. Оқу бағдарламасы 10 айға шақталған. Жас жігіт оны жақсы аяқтаған соң кіші лейтенант әскери дәрежесін алады және бес күнге Шудағы үйіне барып келуге рұқсат алады. Майданнан су жаңа офицерлік формамен сау-сәлемет келген баласын көрген ананың қуанышын сөзбен айтып жеткізу қиын, әрине. Екі қарындасы да қуаныштан жүрегі жарылардай болады. Әрине, қан майдан жүріп жатқанда мұндай қуаныш өте сирек еді.
А.Нарманбетов училищеден кейін, 1943 жылдың аяғынан Мәскеу әскери округінде жасақталған 100-ші гвардиялық әскери-десанттық дивизияның қатарына қабылданып, осы құрамада Жеңіс күніне дейін соғысады. Дунай өзенінен өтудегі, Братислава, Брно, Австрияның астанасы Вена және т.б. қалаларын алудағы ерліктері бірнеше марапаттармен аталған. Ол екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен және бірнеше медальдармен наградталған. Ұлы Жеңістің 40 жылдығына «Отан соғысы» орденінің бірінші дәрежесін де алған.
Соғыстан кейін Ішкі істер органдарының мектебі мен ҚазМУ-дің заң факультетін бітірген ол ұзақ жылдар органдарда жемісті еңбек етіп, полковник шеніне дейін өсіп, құрметті демалысқа шықты. Ол қызмет еткен Жамбыл, Атырау, Алматы облыстарының ішкі істер органдарының қызметкерлері Айнақұл Нарманбетовты өздеріне үлгі тұтады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».