Аймақтар • 05 Маусым, 2019

Маңғыстауда «Үздік мемлекеттік қызметшілер» анықталды

920 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында «Үздік мемлекеттік қызметші» республикалық конкурсының өңірлік деңгейі өтіп жатыр. Конкурс ережесіне сәйкес 31 үміткер конкурстың тестілеу кезеңіне жіберіліп, 13 үміткер сәтті өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстауда «Үздік мемлекеттік қызметшілер» анықталды

Ал бүгін тестілеуден өткен 13 үміткердің 12-сі конкурстың өңірлік комиссиясымен әңгімелесу кезеңінде бақ сынады.

Әңгімелесу кезінде, қатысушылардың сауалнамадағы мәліметтері, жазылған уәждемелік эссенің сапасы, жариялымдары мен марапаттарының бары, ғылыми атағы мен дәрежесі, «А» корпусы қызметшілерінің кадрлық резервіне тіркелу фактісі, спорттық және қоғамдық қызметі назарға алынады. Сонымен қатар, конкурсқа қатысушылардың жеке жобалық жұмыстары бағаланады.

Жеке жобалық жұмыста мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру бойынша экономикалық немесе әлеуметтік әсері бағаланған жаңарту ұсыныстары болуы тиіс. Жаңартылған ұсыныс нақты, дәйекті және бұрын тәжірибеде болмаған, қолданыста жоқ ойды ұсынуы маңызды, қолданыстағы әртүрлі тәжірбиелер бағалауға жатпайды. 

Өңірлік комиссия 9 адамнан және хатшыдан тұрады, оның құрамы облыс атынан республикалық деңгейге шығатын үздік мемлекеттік қызметшіні бағалауға және анықтауға құзырлы мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, тәуелсіз сарапшылар және өзге тұлғалар қатарынан қалыптасады. Облыстың үздік мемлекеттік қызметшісін анықтауда конкурс мүшелеріне негізгі жауапкершілік жүктелген.

Қатысушылардың жобалық жұмыстарын бағалау комиссия мүшелері үшін де оңайға соқпады. Дегенмен, 12 үміткердің ішінен 7-еуі үздік деп табылған Маңғыстау облысы білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Клара Кулатаева, Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Кесикбаева Раушан, Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Асель Балманова, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бас маманы Ербол Жұмабай мен Жанна Шыртанова және қатысушылардың ішіндегі ең жас мемлекеттік қызметші, Маңғыстау облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Талгат Сахтаганов, Ақтау қалалық кәсіпкерлер және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрсейіт Айладыр «Үздік мемлекеттік қызметші» конкурсының финалдық кезеңіне, яғни республикалық деңгейіне дайындалатын болады.