Аймақтар • 05 Маусым, 2019

Маңғыстауда қылмыстық процесте заң бұзушылықтардың алдын алу және оларды жою мәселесі талқыланды

1157 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облыстық сотында судьялар мен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен «Қылмыстық процесті жүргiзетін органдардың заңдылық қағидатын дәлме-дәл сақтауы - азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстауда қылмыстық процесте заң бұзушылықтардың алдын алу және оларды жою мәселесі талқыланды

Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараның басты мақсаты – қылмыстық іс жүргізуде заңбұзушылықтың алдын алу, сонымен қатар қатысушылар ұлттық қылмыстық-процестік жүйенің еуропалық демократиялық жүйемен сәйкестігін де талқылады.

Жиынға қатысқан облыстық соттың төрағасы Ержан Даулиев аталған дөңгелек үстел басында өңірде қордаланған мәселелерді шешуге ықпал ету керектігін атап айтты. Қылмыстық процесс туралы айтқан ол қазіргі уақытта басы артық талаптар мен ережелерден арылып, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқығы мен бостандығын толық әрі сапалы қорғаудың басты міндет екеніне тоқталды.

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев сот жүйесін цифрландыру көрсеткіштерін, соның ішінде электронды қылмыстық істер мен қылмыстық сот бұйрығын арттыру керектігі туралы баяндады. Ол қылмыстық процесте тараптардың бәсекелестігі мен теңқұқылығын қамтамасыз ету қылмыстық процестің міндетті компоненті екенін атап айтты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар қылмыстық істерді прокуратураға қайтару, сотталушыларды ақтауға себеп болатын заң нормаларының сотқа дейінгі тергеу органдары тарапынан бұзылуы, басты сот талқылауында айыпты өзгертудің негізгі себептері, заң бұзушылықтардың қайталануы үшін шығарылатын жеке сот қаулылары туралы мәселелерді жан-жақты талқылап, ой-пікірлерін ортаға салды.

Қатысушылар жиынды қорытындылай келе, заң бұзушылықтардың алдын алу және сотқа дейінгі тергеп-тексеруде кемшіліктерге жол берілетін мәселелерді жою туралы бірқатар ұсынымдарды бекітті.


Маңғыстау облысы