Аймақтар • 05 Маусым, 2019

Ақтау айлағына Ресейдің «Бриллиант» кемесі келді

1304 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан, Әзербайжан Республикасы және Ресей Федерациясы Каспий теңізінде контрабандамен және заңсыз көші-қонмен күресті ұйымдастыру, сондай-ақ айдыннның биоресурстарын қорғау мақсатында бірлескен жедел-профилактикалық шараларды жүргізуді қолға алған. Жылына екі рет өткізілетін шара аясында Ақтау айлағына ат басын тіреген достық кемесінің экипажы теңіздегі көршілерімен, әріптестерімен бірге ортақ мәселе, яғни Каспий теңізін қорғау мәселесі бойынша бірлескен жедел-профилактикалық шаралардың қорытындысын шығармақ.

Ақтау айлағына Ресейдің «Бриллиант» кемесі келді

Бірлескен шара нәтижесіз емес. ҚР ҰҚК ШҚ Жағалау күзеті басқармасы басшысының орынбасары Т.Төребаевтың айтуынша, шара барысында Қазақстанда 117 адам шекара бұзғаны үшін ұсталса, 163 125 метр ау, 76 195 ілмекті қорап, әртүрлі браконьерлік құрал-жабдықтар тәркіленген және 60-қа жуық қайық түрлері мен өзге де құралдар табылған. Сонымен қатар, қаскөйлер қолдарынан құтқарылған 1000-ға тарта бекіре тұқымдас балық теңізге жіберілген. Екі айда атқарылған шаралардың нәтижесінде кінәлілерге 2 347 650 млн теңге айыппұл салынған.

Делегацияны Ресейдің ФҚҚ шекаралық басқармасының басшысы, генерал-лейтенант А.Буеров және басқарма басшысының орынбасары, контр-адмирал В.Игнатенко бастап келді.

Өз кезегінде қазақстандық шекарашылар «Сарбаз» шекара кемесімен Әзербайжанға, жаз айларында Дағыстан республикасының Махачкала қаласына барып, қаскөйлерді ауыздықтауға атсалыспақ.