– Қазақстан тәуелсіздік алғанда алғаш құттықтаған Түркия екенін білеміз. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынастың іргесі беки түскені белгілі. Қазіргі таңда қарым-қатынасымыз қай бағытта өріс алып отыр?
– Біздің қарым-қатынастарымызды достық сипатта деп бағаласақ, толық мәнін ашпағанымыз. Біздің байланысымыз бауырластыққа негізделген. Себебі біз – туысқан халықтармыз, ортақ тарихымыз, мәдениетіміз бар, тілдеріміздің түбі бір, әдет-ғұрпымыз да қатты ұқсайды. Осыларды негізге ала отырып, тәуелсіздік жылдарындағы дамыған қарым-қатынастар сол кезеңде қалыптасқан ортақ құндылықтар шеңберінде одан әрі дамып келеді.
Ортақ байланысымыздың маңызды бір белесі – Елбасының бастамасымен құрылған Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі. Бүгінде Түркі кеңесі Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан мен Түркияның жан-жақты ынтымақтастығының басты саяси тетігіне, маңызды аймақтық платформаға айналды. Өзбекстан да бұл ұйымға қосылуға дайындалып жатыр. Халықаралық Түркі академиясы да екі елдің арасындағы ынтымақтастық механизмдерінің бірі. ТҮРКСОЙ, ТүркПА, Түркі іскерлер кеңесі, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры – түркі елдерін жақындастыратын ортақ ұйымдар.
Елбасы 1991 жылдан бері Түркияға 24 рет барған. Ал Түркия басшылары біздің елімізге 15 рет, премьер-министрлері 6 рет келген екен. Яғни, әр жыл сайын мемлекет басшылары кем дегенде екі рет бір-бірімен әртүрлі деңгейде кездесіп отырған. Бұл – екі ел арасындағы жоғары ынтымақтастықтың бір үлгісі. Оның сыртында парламентаралық, үкіметаралық қарым-қатынас, сыртқы істер министрліктерінің арасында байланыс орнатылған.
– Наурызда Қазақстан тарихындағы тарихи шешім қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Түркия тарапы Елбасының саяси шешімін қалай қабылдады?
– Түркияның саяси истеблишменті, зиялы қауымы, жалпы қарапайым халқы арасында Елбасының беделі өте жоғары. Анадолыда Елбасын Түркі әлемінің арасындағы ынтымақтастықтың ең ықпалды саясаткері, мемлекеттік тұлғасы деп есептейді. Түркі әлемі халықтарын жақындатудағы ол кісінің рөлі ерекше деп бағалайды. Оны сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де көрсеткен басшы деп біледі. Н.Назарбаевты Түркі әлемінің көшбасшысы, Түркі әлемінің ақсақалы ретінде қабылдайды. Былайша айтқанда, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Елбасына құрметі ерекше. Халықаралық Түркі академиясы жүргізген бір сауалдамада «Қазіргі заманда Түркі әлемінің ең ықпалды көшбасшысы кім?» деген сұраққа Нұрсұлтан Назарбаевты көрсеткен.
Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары болса Түркияда күллі Түркі әлемінің манифесті, маңызды тұжырымдамалық құжаттар ретінде қабылданды. Себебі, Елбасы бұл мақалаларда, өзіне тән көрегендікпен, Қазақстанның рухани жаңаруының ғана емес, исі түркінің бірлігін нығайтудың нақты қадамдарын айқындаған.
Түркия Елбасының президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату шешіміне айрықша назар аударды. Түріктер мұндай шешім қабылданған кезде таңданысын жасыра алған жоқ. Сенер-сенбесін білмеген адам көп болды. Өйткені әлемде мұндай маңызды шешім қабылдаған басшы санаулы. Түріктердің арасында қимастықпен қабылдағандар да табылды. Әлі де Түркі әлемінің ықпалдастығын, саяси-экономикалық байланысын нығайтудағы рөлін жалғастыру керек еді деген пікірлер айтылады.
Алайда, Елбасының Nur Otan партиясы мен Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығын жалғастыра беретіні, саяси мемлекеттік маңызды шешімдерге қолдау көрсететіні туралы мәлімдемелері түріктердің күмәнін сейілтіп, сенімдерін арттырды. Қазіргі таңда Қазақстанның келешегі үшін осындай шешімнің қабылдануы өте дұрыс қадам делініп отыр.
– Мевлют Чавушоғлудың сапары барысында Елбасына Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Құрметті төрағасы мәртебесі берілді. Жалпы, бұл бастама қалай шықты?
– Қазақстанның аймақта саяси-экономикалық тұрғыдан тұрақты болуы, Еуразия континентінде ықпалды ел болуы тікелей саяси түсіністікке байланысты. Сондай-ақ Түркия үшін тәуелсіздік жылдарындағы стратегиялық, бауырластық қарым-қатынастың одан әрі жалғасуы өте маңызды. Сондықтан Түркия тарапы Елбасы Н.Назарбаевтың түркі елдерінің ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлесін ескере отырып, лайықты баға беру қажеттігін жақсы түсінді. Елбасының тарихи шешімінен кейін екі күн өткен соң Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған осындай шешімге келіп, оны басқа әріптестеріне ұсынды. Ұсынысты түркі елдерінің басшылары бірден қолдады. М.Чавушоғлу сапары барысында осы ұсынысты жеткізді. Елбасы мұны зор ықыласпен қабыл алды.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, Құрметті төраға мәртебесі – Елбасының Қазақстан мен Түркия, Түркі әлемі арасындағы ықпалдастықтың архитекторы ретіндегі оған деген құрметтің көрінісі. Ал Елбасы түркі интеграциясының белді бір үйлестірушісі, дәнекері, қамқоршысы, қолдаушысы ретіндегі жұмысын әрі қарай жалғастыра береді.
– 9 маусымда елімізде президенттік сайлау өтеді. Осы саяси іс-шараға елшіліктің дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Алдағы президенттік сайлауды Түркия зор ықыласпен күтіп отыр. Сайлауға шамамен 11 байқаушы келеді. Жоғары сайлау комиссиясынан екі байқаушы, ЕҚЫҰ, осы ұйымның Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа кеңесі атынан өкілдер келеді. Бұдан бөлек, жеке байқаушы ретінде келетіндер бар. Шамамен Түркиядан он шақты байқаушы келмек.
Қазір Түркияда 3 сайлау учаскесі бар. Олар Анкара, Ыстанбұл, Анталия қалаларында орналасқан. Осы үш қалада да Қазақстанның өкілдіктері бар. Түркиядағы екі мыңға жуық Қазақстан азаматы сайлаушы ретінде тіркелген. Елшілік халықты ақпараттандыру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Жалпы, сайлауға дайындық аса жоғары деп айта аламын.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент өкілеттігін атқаруын Түркия халқы қалай қабылдады?
– Біріншіден, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Түркия саяси басшылығы, интеллигенциясы тәуелсіздік жылдарында Елбасымызбен үзеңгілес болған әріптес ретінде есептейді. Елбасының қасында болып Қазақстанның көпвекторлы, көпдеңгейлі сыртқы саясатын қалыптастыруға, бағытын айқындауға және оны жүзеге асыруға көмектескенін жақсы біледі. Ол кісіні халықаралық деңгейдегі кәсіби дипломат ретінде бағалайды. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғанынан, бірнеше шет тілін еркін меңгеріп, Батыс және Еуропа елдерімен дипломатия саласында өнімді жұмыс істегенінен хабардар. Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкімет басшысы, Сенат Төрағасы, мемлекеттік тұлға ретіндегі қайраткерлігін үлгі тұтады.
Түркиядағы саясаткерлер ол кісімен тікелей әріптес болды. Әртүрлі халықаралық аренада қоян-қолтық жұмыс істеді. Мәселен, Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлу екеуі бір-бірін жақсы таниды. Сондықтан Түркия саяси истеблишменті, интеллигенциясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қайраткерлігіне еш күмән келтірмейді. Ол кісінің бауырластық қарым-қатынасты одан әрі дамытатынына, Қазақстанның Орталық Азиядағы, Шығыс пен Батыс, Азияғы құрлығындағы сындарлы саяси бағыты одан әрі жалғасатынына сенімді.
– Түркиядағы қазақтар туралы айта кетсеңіз...
– Түркияда шамамен 20 000-нан астам қазақ бар. Олар Түркияның түрлі қалаларында тұрады. Алғаш өткен ғасырдың 70-жылдары көшіп келгенде Ниде деген қалада орналасқан. Онда әлі күнге дейін Алтай деген ауыл бар. Кейінірек көшіп келгендердің бірқатары Ыстанбұлға, бірқатары Еуропаға көшіп кетті. Бірақ әлі де 25 үй қалған. Ауыл әкімі – қазақ. Сонда жыл сайын қазақтардың басқосуы, фестивалі өтеді. Елшілік әрдайым қатысып, қолдау көрсетеміз. Ауылға баратын жолды жөндеп, ауыз су жеткізіп бердік. Енді балалар ойнайтын кішігірім футбол алаңын салуды жоспарлап отырмыз.
Атап өтетін жайт, қазір Түркиядағы ең танымал музыкалық аспаптардың бірі – домбыра. «Түркия, домбыра» деп интернеттен іздесеңіз, көп видеоға кезігесіз. Мысалы, полиция қызметкерлері, қарапайым түрік азаматтары домбыра тартқанды ұнатады. Көптеген саяси партиялар сайлау науқанындағы әндерінің біразын қазақтың күйлерімен әрлеген. Осылайша әндеріміз бен күйлеріміз саяси науқанда қолданылып жүр.
– Экономикалық байланыс туралы айта кетсеңіз.
– Түркия – Қазақстанның сауда-экономикалық әріптестігінде маңызды елдердің бірі. Мысалы, елімізде жұмыс істеп тұрған шетелдік компаниялар саны жөнінен Түркия екінші орынды иеленеді. Қазір елімізде екі мыңға жуық түрік компаниясы бар. Яғни, әр 20 компанияның біреуі Түркияға тиесілі. Тәуелсіздік жылдарында алдымен келген инвесторлар да солар болды. Олар құрылыс, азық-түлік, тұтыну тауарларын шығару, туризм, қызмет көрсету салаларына алғашқылардың бірі ретінде араласты. Осы уақытқа дейін Анадолыдан елімізге шамамен 3 миллиард доллардай инвестиция құйылды. Өз кезегінде Қазақстан Түркияға 1 миллиард доллар шамасында инвестиция салды.
Екі ел арасындағы сауда-саттық биылғы алғашқы тоқсанда былтырғымен салыстырғанда 50 пайызға артты. 2018 жылы тауар айналымы 1,9 миллиард долларды құрады. Былтыр экспорт көлемі 1,2 миллиард, импорт 700 миллион доллар болды. Бұл көрсеткішті одан әрі жақсарта түсу үшін Сыртқы істер министрлігі мен елшілік тарапынан бірқатар стратегиялық бағыттарда жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, Қазақстанда жұмыс істейтін компанияларға реинвестиция жасау, екіншісі – Түркиядағы алғашқы 500-дікке кіретін ірі компаниялармен тікелей жұмыс істеу.
Түркия – шағын және орта бизнесі жақсы дамыған ел. Ел экономикасын құрайтын кәсіпорындардың шамамен 85 пайызы шағын және орта бизнес өкілдеріне тиесілі. Экспорттың 70 пайызын шағын және орта бизнес құрайды. Елшілік сол компанияларды Қазақстанға әкелу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытудың бір бағыты – біздің елдің географиялық орны. Қазақстан – 18 миллион тұрғыны бар нарық қана емес, Орталық Азия, Ресей, Қытайға ашылатын үлкен қақпа. Сондықтан Түркия компаниялары Қазақстанда бизнес жүргізу үлкен мүмкіндік екенін жақсы түсінеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»