Аймақтар • 06 Маусым, 2019

Үшемдер мен қос ана үйлеріне оралды

942 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығы Түркістанда мамыр айында екі ананың үшем босануы алғаш рет тіркеліп отыр.

Үшемдер мен қос ана  үйлеріне оралды

Үшемдердің ата-аналары мен дәрі­гер­лер «көз» бен «сөзден» сақтанған да болар, 1 мамырда дүниеге келген үшем туралы ақпаратты жария етпепті. Облыстық №3 перинаталдық орталықта мерзімінен ерте босанған 27 жастағы Динара Нарханова үш ұлды өмірге әкелді. Нәрестелердің салмағы 
1 820, 1800 және 1730 грамнан болған. Алғашқы кезде сәбилердің жағдайы ауыр болған соң дәрігерлер жасанды тыныстау аппаратына қосып, бір ай көле­мінде денсаулықтарына ерекше күтім жаса­ған. Қазір жағдайлары жақсарып, сал­мақтары екі келіден асқан. Жасанды ұрық­тан­дыру жолымен жүкті болған келіншек балаларының есімін Икрам, Ислам және Имран қойыпты. Бұған дейін бір қызы бар отба­сының перзенттері осылайша төртеуге жетіп отыр.

Ал екінші үшемнің анасы Сайера Туклиева – 29 жаста. Бірлік ауылында тұ­ра­­тын келіншек 27 мамыр күні босанған. Кесарь тілігі арқылы екі қыз бен бір ұлды өмір­ге әкелген жас ананың үйінде тағы үш пер­зенті бар. Нәрестелері де айы-күніне толып, өз үйлеріне жіберілді. «Үшемдерге жүк­ті екенімді бесінші аптада білдім. Үй-іші­мізбен қуандық. Бастапқы жүктілік кезінде біраз қиналған кездерім болды. Бірақ ерекше күтім жасап, дәрігерлердің айтқанын орындадым. Перзенттерімді аман-есен босандым. Дәрігерлерге алғыс айтқым келеді, бізге жақсы ем-дом жасап, жақсы қарады. Есімдерін Фатима, Исмайл, Зухра деп қойдық. Осылайша өмірге үш перзент әкеліп, батыр ана атандым. Алла тағалама осындай перзенттер бергені үшін ризамын», дейді Сайера Туклиева.

Үйлеріне шығарыларда қос ана мен нәрестелерге облыстық әкімдіктің атынан сый-сыяпаттар жасалды. Әр нәрестеге арба мен кереует, киім-кешек, ойыншық табыс етілді. Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Мұқан Егіз­баевтың айтуынша, сәбилер алдағы уа­қыт­та да ерекше күтімге алынады. «Қазіргі таңда нәрестелердің жағдайы жақсы. Ме­ди­циналық күтім жасап, үйлеріне жақсы жағ­дайда шығарып жатырмыз. Бұдан былай әр отбасына медбике бөлінетін болады. Үшемдердің жағдайын қарап, бақылауда ұстап отыратын боламыз», деді Мұқан Егізбаев.

Жыл басынан бері өңірде үш үшем дүниеге келген. Екі ана Түркістан қала­сын­да, тағы бір ана Шымкент қаласындағы облыс­тық перинаталдық орталықта босан­ған.

 

Түркістан облысы