Сайлау • 06 Маусым, 2019

ШЫҰ байқаушылары сайлауға мән береді

1047 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінде сыртқы саясат ведомствосының басшысы Бейбіт Атамқұловтың кезектен тыс президенттік сайлауға қатысатын Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) Байқаушылар миссиясының басшысы ретінде Қазақстанға сапармен келген ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Норовпен кездесуі өтті.

ШЫҰ байқаушылары сайлауға мән береді

В. Норов ШЫҰ Хатшылығы ұйымның соңғы 15 жылдағы қызметінің қазіргі 48-ші миссиясына үлкен мән беретінін атап өтті. «Алдағы сайлау өте бәсекелі болмақ және оған түрлі саяси бағ­дар­ла­ма­лар ұсын­ған жеті кан­ди­дат­тың, соның ішінде әйел адам­­ның қаты­суы қазақ­стан­дық сайлаушылар үшін шынайы кең таңдау мүм­кін­дігін қамтамасыз етеді», деп атап өтті ШЫҰ Бас хатшысы.

ШЫҰ Миссиясының бай­қау­шылары Қазақстанның 7 ірі қаласындағы сайлау учас­келерінде жұмыс істейтін болады. Миссия құрамында  ШЫҰ-ға мүше жеті мемлекеттің 25 заң шығару, атқарушы және сайлау органдарының өкілдері, сондай-ақ ұйымның тұрақты органдары Хатшылық пен Аймақтағы терроризмге қарсы құрылым атқарушы комитетінің ресми адамдары бар.

СІМ-де өткен кездесуде тараптар Шанхай ынтымақтас­тық ұйымының саясат пен қауіпсіздік, сауда және экономика, сондай-ақ мәдени-гума­нитарлық бағыттағы ықпалдасу барысын талқылады. Оған қоса, 13-14 маусымда Бішкекте өтетін ШЫҰ Саммитінің күн тәртібі мен оған дайындық барысы қаралды. Осы орайда қазақстандық министр 22 мамырда Бішкекте өткен ШЫҰ сыртқы істер министрлерінің осы іс-шараны дайындау жөнін­дегі кеңесінің қорытын­ды­сын шығарып, жалпы Қырғыз­стан­ның ШЫҰ-ға табысты төр­ағалық етуін ерекше атап өтті.

ШЫҰ Бас хатшысы Қазақ­станның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың ұйым аясындағы, бірін­ші кезекте, көпжақты ын­ты­мақтастықтың барлық бағы­тын нығайтуды көздейтін бас­та­маларына жоғары баға берді.

ШЫҰ шеңберіндегі өзара іс-қимыл – Қазақстан Респуб­ликасының сыртқы сая­сатын­дағы маңызды бағыт­тардың бірі. В.Норов Қазақстанның ШЫҰ-ның дамуына үлесін жоғары бағалап, еліміздің ұйымдағы тұғырлы орнына ерекше мән берді. Бұл жерде Үндістан мен Пәкі­с­танды толыққанды мүше етіп қабылдау арқылы ШЫҰ-ны кеңейту бағытында тарихи шешімдер қабылданған 2017 жылғы Астана саммитінің қорытындыларына ерекше назар аударылды.