Қоғам • 07 Маусым, 2019

Гүлшаш Әубәкірқызы: Отандық косметика шығарудың өз машақаты бар

1491 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Заманына қарай – адамы. Мойындау керек. Мысалы, қыз-келіншектердің көпшілігі қолына түскен қаражаттың белгілі бір бөлігін бет күтіміне жұмсайды. Тіпті тапқан-таянғанын қара басына, сәнді киінуге, сұлу көрінуге арнайтындар да бар. Сондықтан да бьюти-индустрия – базары жүріп тұрған әлемдегі ең үлкен нарықтың бірі. Егер бұл салада миллиардтаған қаражат айналып жатқанын және оның сапасына тұтынушыларының денсаулығы тікелей тәуелді екендігін ескерсек, онда отандық сапалы косметика өндірудің өзектілігі бұрынғыдан да арта түспек.

Гүлшаш Әубәкірқызы: Отандық косметика  шығарудың өз машақаты бар

Мәселен, былтыр Damu Research маркетинг және әлеу­мет­тік зерттеу агенттігі «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­­­тасының тапсырысымен елі­­міздің парфюмерия және косметика нарығына талдау жаса­ған екен. Осы мәліметке сәйкес, тек 2017 жылы аталмыш нарық­тың ауқымы 222,1 миллиард теңге қаражатты құраған. Қазақстандықтардың 80 пайы­з­ы қалтасына қарай, бағасы мен сапасының деңгейі әртүрлі косметикалық бұйымдарды сатып алады.

Алайда, өкінішке қарай, кос­метикалық бұйымдарға деген сұраныс артып келе жатқанына қарамастан, әлі де бұл нарықта отандық компаниялар саусақпен санарлық. Аяқтарынан тұрып, бизнестерін дөңгелетіп әкетуге әлмисақтан келе жатқан, жарнамасы жолға қойылған танымал брендтер әл бермейді.

Дегенмен, бұл жерде атап өтетін тағы бір үлкен мәселе бар. Шетелдерден әкелініп жатқан косметикалық бұйымдардың сапасы, тасымалдану барысындағы температураның сақталуы, құра­мы мен тағысын-тағыларға кім жауап береді? Күмәнді жағ­дай­лар жеткілікті. Қара базарларды жаулап алған Қытай мен Корея косметикаларының көп­шілігі контрафактылық тауарлар екеніне де көзді жұмып қарауға болмайды.

Осы орайда табиғи космето­логия тамыршысындай, табиғи сұлулықты дәріптеп, отандық косметология саласында жиырма жылдан бері үздіксіз ізде­ніп, тәжірибе байытқан бел­гілі кос­метолог Гүлшаш Әубә­кі­р­қы­зының жаңа тәуекелі құп­тауға да, қолдауға да тұрарлық.

Сонымен Алматыда көптен күткен Қазақстанда шығарылған «AG cosmetics» өнімдерінің тұ­сауы кесілді. Химиялық құрамы оңтүстігімізде жасалған отандық бет күтіміне арналған өнімдердің тұсаукесер рәсіміне косметолог Гүлшаш Әубәкірқызының тұ­рақты клиенттері – танымал өнер адамдары, бизнестегі қыз-келіншектер мен белгілі журналистер қатысты.  Отандық косметиканың тұсауы кесілді деп айтуға оңай болғанымен, оның жұмысы жеңіл емес.

Қарап отырсақ, аймақтарда соңғы жылдары отандық косметикалық өнімдер шығарып жүрген кәсіпкерлер бар. Алайда олардың барлығы дерлік үлкен сұранысқа ие болып, нарықты қамтамасыз етіп отыр деп айту қиын. Бірақ нарықты жаулап кете алмай отырған бұл қазақ­с­тандық өнімдердің сапасы жақ­­сы екендігін мойындау керек. Өйткені сақтау мерзімі шектеулі, құрамы бақылауға алынған, аз, шақтаулы мөлшерде шығарылады. Әйтпесе, «Туған жердің топырағы да ем» деген сөз қайдан шығады.

– Қазақстанда сапасы жоғары отандық косметика өнімдерін дайындауды өте көп жылдар бойы армандап келдім. Біз көбі­несе шетелдік қымбат косметика өнімдерін тұтынамыз. Оның сапасына, құрамында не бар екеніне ешкім кепілдік бермейді. Кейде қымбат брендтердің өзі де күткеніміздей болмайды. Өйткені біз оның дардай атына ақша төлейміз. Ал арзанқол косметика бұйымдарының құрамында тиімді әсер беретін ком­поненттері түгел емес. Оның үстіне қазір елімізге көр­­ші елдерден ағылып келіп жат­қан импорттық косметика өнімдерінде есеп жоқ. Оның көпшілігі қай уақытта өнді­рілгені, тіпті елімізге қалай жет­кізілгені, қалай сақталғаны бел­гісіз. Көп жағдайда шетелдік бетті ағартатын кремдердің құр­а­мында қорғасын болады. Ол бетті ағартқанымен, зия­нын да жоққа шығармау керек. Тізе берсең, сапасыз кос­метикалардың әсерінен кері­сінше тері ауруларына душар болып қалатын жағдайлар жиі кездеседі, – дейді Гүлшаш.

– Отандық сапалы косме­тика шығару жолында өте ұзақ іздендім және оған үлкен дайын­дықпен келдім деп ойлаймын. Бұл косметиканың құрамы мен әсері жөнінде шымкенттік ғалымдар өте көп уақыт лабораториялық сынақтар жүргізіп, нәтижелерін зерттеген. Теріге әсері тиімді екендігіне көз жеткізілген. Ең бас­тысы, косметика құрамындағы ан­тиок­сиданттар мен гиалурон сияқты теріні жасартатын, нәр­лендіретін табиғи заттардың бар болуына әрі сапалы болуына бақылау жүргізіледі. Мәселен, қазір нарықта жарнамасы жүріп тұрған косметикалар жеткілікті. Бірақ олардың құтысындағы жазуларында бар коллаген, гиа­лурон қышқылы және түрлі дәрумендер жоқтың қасындай деуге болады. Өйткені мұндай сапалы ингредиенттердің еш­қайсысы да арзан тұрмайды. Оның өндіру технологиясы да күрделі.

– Міне, кәсіби деңгейдегі бет, тері күтіміне арналған өз тауарларымыз қолымызға тиген күнге де жеттік. Бастапқыда 12 түрлі косметикалық өнімді шығарсақ, кәсіби деңгейдегі бір ғана желімен шығатын өнім­деріміздің түрлері 15-тен асты. Сұлулық іштен, ішкі ағзалардың тазалығынан баста­лады. Қазір қолтықтың, аяқтың иісін кеті­ретін емдік косметикаларды шығаруды қолға алдық. Ең бас­тысы, біздің косметикамыздың құрамында не жазылған, ішінде де сол болады. Сондықтан да ішінде анық қандай қоспасы бар екеніне көзіміз жететін, өзіміз сапасын бақылайтын қазақ­стандық бет күтіміне ар­налған кремдерді шығаруды көксеп келдім. Әрине отандық өнімдер шығарудың да өз машақаты мен қиындықтары бар. Дегенмен менің косметология саласындағы 20 жылдық тәжірибем арманыма жетуге жол ашып берді, – дейді Гүлшаш Әубәкірқызы.

Сонымен қатар биыл Гүлшаш республикамыздың алыс аймақ­тарына өзінің «Gulshash» франшизасын берді. Бүгінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Атырау қалаларында «Gulshash» сән салонының бөлімшелері бар.

– Біздің қыз-келіншектердің бәрі әдемі. Тек күнделікті күйбең тіршілікпен бет күтіміне мән бере бермейді. Бет деген күтімді ерекше қажет етеді. Өйткені қысқы аязда да, күннің аптап ыстығында да, жел мен шаң-тозаңнан да бетіңізді көлегейлеп жүре алмайсыз. Сондықтан бетке арнайы уақыт бөліп, оған күтім жасап отыру керек. Бет – адамның айнасы іспетті. Ішкі жан дүниеңіз, көңіл күйіңіз, тіп­ті тәніңіздің саулығының өзін бетіңізге қарап білуге болады екен. Өз елімізде отандық өнім шығару туралы көптеген жылдар бойы армандаған едім. Бұл жолда ұзақ іздендім. Менің күткен нәтижем де бірден бола қойған жоқ. Соған қарамастан, ұзақ жылғы ізденіс табысты болып, өзімнің арманыма айналған косметикалық өнімдерге қол жеткізіп отырмын, – деген Гүл­шаш қыз-келіншектердің бетін ағартатын импорттық өнім­дер­дің көпшілігінің құрамында ағзаға аса зиянды қорғасынның бола­тынын айтады.

Қазір қыз-ке­­ліншектер сұлу көріну үшін пышаққа түсіп, ботекс сияқ­ты әдістермен бетінің жанын кетіріп, қабағын кескізіп, бә­ріне барады. Тіпті сапасыз пластикалық операциялардан өліп кететіндер бар. Міне, осы­ның бәрі ақша табудың кесі­рінен болып жатыр. Қаншама әйел өзінің табиғи түрінен айырылып, айнаға қарауға жүрегі дауаламайтын жағдайлар орын алуда.

«Бетке әжім түсірмеу де қыз-келіншектер үшін мәңгілік мәселе болып қала береді. Біз қазір қабақты көтеру, салбыраған ұртты кетіру, көз айналасындағы әжімдерді нүктелерге әсер ете отырып жазу әдісін қолданып жүрміз. Көбіне емдік шөптер, балдың түрлерін пайдаланамыз.

Кәсібімді сүйгенім болар. Әйтпесе осы жиырма жылда біздің Алматыда небір керемет сұлулық салондары ашылды. Долларлап ақша тастайтын қымбат косметологтар бар. Бірақ қазақтың біртуар талант­ты қыздары мен танымал адамдары – менің тұрақты клиенттерім. Мұның бәрі менің  өз қызметіме деген адалдығым деп ойлаймын», – дейді «AG cosmetics» өнімдерінің иесі Гүлшаш.

Айтқандай отандық өнім­дердің тұсауын екі бірдей ха­лық әртісі, екі елдің Розасы кес­ті. Осылайша отандық шара­ға Бішкектен арнайы келген Гүл­шаштың байырғы досы Қыр­ғыз­станның халық әртісі Роза Ама­нова мен Қазақстанның ха­лық әртісі Роза Рымбаева бас­таған танымал тұлғалар ортақ­тасты.

Осы салтанатты оқиғаға ар­­­найы келген Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева: «Бір-бірімізді қолдамасақ, отандық өнімдерімізді тұтынбасақ, кім бізді қолдайды?! Гүлшаштың отандық өндіріс ашып жатқаны үлкен еңбек. Бұл кез келгеннің қолынан келмейді. Мен осындай бауырларымыздың еңбегіне, жетістігіне қуанамын. Біз тек қана ет пен ұн өндіріп қоймай, өзімізге қажет тауарлардың бә­рін шығаруымыз керек. Әрқай­сымыз өз өнімде­ріміздің тұ­тынушысы болуға тиіспіз. Сон­да еліміз дамиды. Мені шет­­елдің қымбат косметикаларын пайдаланады деп ойлайтын боларсыздар, ол қате пікір. Үстімдегі киімдердің бар­лығы Қазақстанда тігілген. Жазғы демалысымды Алакөлде өткіземін. Енді міне, елімізде жасалып жатқан косметиканы қолдануға дайынмын. Германия машина шығарады, немістер міндетті түрде бірінші кезекте өз көліктерін мінеді. Сол сияқты біз де өз өндірушілерімізді қолдап, елімізде өндірілген бұйымдарды тұтынайық», – деп тілектестігін білдірді.

Гүлшаш замандасымыз БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Адамның денсаулығы мен кел­бетіне қатысты кәсіппен ай­на­лысатындар бірінші кезекке сапаны қою керек. Қауіпсіз болуына жауапты болуы тиіс. Қазір көбі косметология саласын жылдам байитын бизнес деп ойлайды. Мүлде олай емес. Адалдыққа құрылған кәсіп қана мұралы болады», деп сөзін тү­йіп, бизнес жолында осы қағи­дадан айнымайтындығын жеткізді.