Руханият • 07 Маусым, 2019

Әнес Сарай: Менің бала кездегі өмірім түгелдей спорт еді

1267 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Әнес Сарай: Менің бала кездегі өмірім түгелдей спорт еді

– Әнес аға, сіздің қаламгерлік қа­дамыңыз жайлы қазақ қауы­мы жақсы таныс. Бірақ сіздің жас кезіңізде спортпен айналы­сып, әжеп­тәуір нәтижеге жетке­ніңізді былайғы жұрт біле бермей­ді. Сол себепті өзіңізді газет оқырман­да­ры­на осы қырыңыздан таныс­тыр­сақ деген ниет бар. Не айтасыз?

–  Әрине, айтарым бар. Өйткені менің бала кезімдегі өмірім түгелдей спорт десем қателесе қоймаймын. Өйт­кені біздің бозбала шағымызда  қазіргідей әлем-жәлем алдамшы тір­лік немесе үйкүшік, бұйығылық, те­лефонға телміру деген түбімен бол­ған жоқ. Сондықтан да шығар, біз­дің тұяқ тірер түбіріміз спорт еді.

Әуелі еркін күреспен айналыстым. Бір ғана нәтижемді айтайын, 1956 жылы осы күрес түрінен ересектер арасында Атырау облысының чемпионы болған адаммын. Салма­ғым – 63 кило. Қараңыз, ал енді мені күрес кілеміне ертіп алып шыққан жанкүйерім кім дейсіз ғой, жеңіл атлетикадан КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері, 100 және 200 метрлік қысқа қашықтықта жүгіруден КСРО халықтары спартакиа­дасы және Еуропа кубогының чемпионы,  Кеңес Одағы Қарулы күштерінің 14 дүркін жеңімпазы, одақтық рекордты 6 дүркін жаңартқан атақты желаяқ – Әмин Тұяқов ағаң.

– Демек, Әмин ағаны ертеден біле­­­тін болдыңыз ғой?

– Иә. Ол екеуміз Гурьев пединс­титутында бір курста бірге оқыдық. Екеуміз жүгіруге қатыстық. Мен бал­паңдап жүгіре алмаймын. Қазақ­та сөз бар емес пе, «досың қан­дай болса, сен де сондайсың» деген. Сөй­­тіп Әмин досым мені жетелеп кү­рес үйірмесіне әкелді. Өйткені ол кісі спорттың адам өмірі үшін пай­­далы екенін әлдеқашан аңғарған адам ғой.

Ол кездің ахуалы басқа. Күллі инс­­­титутта жалғыз зал бар. Бәріміз аралас-құралас, қат-қабат жапсарласып жаттығамыз. Залдың оң жақ бұрышында ескі кілем төселген. Ба­луандар сонда жаттыққан болады. Әмин бастатқан желаяқтар залдың ортасында, одан қалды коридорында ырғып-шоршып жүгіріп жүретін.

Өз басым спортқа жанын берген­ Тұяқовтай талантты адам көргем жоқ.­ Ол жүгіріп келіп тік секіргенде  төрт­пақ жаман залдың төбесіне ба­сы барып дік етіп тиетін. Алапат күш-қуа­ты аяғында еді. Санының сырт­қы терісі тарғылданып, бұлшық еттері даланың тағы ақ бөкенінің ойынды еті сияқты қара сіңірленіп, буылтықтанып тұратын…

– Спортпен қай жас шамадан бас­тап шұғылдандыңыз?

–  Менен дене шынықтырумен қай жасыңыздан бастап айналыстыңыз деп сұрақ қойып отырсыз ғой…

– Иә.

– Ым… байырғы қазақ өмірі, яғни менің бала кездегі өмір сүру әдебім мен күнделікті тіршілігім түгелдей спорт дедім емес пе. Мәселен, біздің ауылдың қыстауы мен жайлауының арасында үш үлкен өзен болды. Атақты Еділдің теңізге құяатын кең атырап­ты тармақтары. Әрбір өзеннің жал­пақтығы 100 метрден кем емес.  Бала кезімде осы үш өзенді бірінен соң бірін кесіп, қатар жүзіп өте беретін едім.

Ал көктемде Еділ тасығанда суы 2,5 шақырымнан 5 шақырымға дейін жайылатын Осы бір теңіз сияқты жа­йылып жатқан жалпақ суды қалай болса солай жүзіп өте шығам. Судың арғы жағындағы ауылдарға бару үшін өзен ағынының жылдамдығын мөлшерлеп алам да, жоғарылау жақтан секіріп түсіп, ықтай аға жүзіп өтем. Шалқалап жүзем, шаршағанда су бетінде қалқып жатып демалам… Бірде осы әдіспен
5 шақырым тулап жатқан Еділдің өзін кесіп өттім. Міне, менің бала күнгі тірлігім…

– Ым… жүзуді жақсы меңгер­ген екенсіз, басқа қандай өнеріңіз болды?

– Тәй-тәй басып қаз тұрған кү­німнен бастап, аяғыма коньки байлап ержеткен адаммын. Бастауышты аяқтап, орта класқа көшкенде мек­тебіміз
25 шақырым қашықта болды. Соған күн сайын сабаққа конькимен барамын. Сол заманда конькидің «дутый», «беговой» дейтін түрлері болды. «Беговоймен» көсілткенде жүк машиналарынан қалыспай ауыл­ға қатар барып  жүрдім. Өте жас кезімде «снегурочка» дейтін балалар конь­киін ермек қылдым.

Артынан алпысыншы жылдар­дың басында Алматыға оқуға келген соң аяғыма коньки байлап кәсіби бап­кердің нұсқауымен, уақытты бел­­­гілеп сырғанап көрсем, спорт шеберлігіне жетеқабыл жүйткіп жү­ріппін.

Бала күнімде тағы бір айналысқан спортым − бәйге атына көп шаптым. Ағыскүрең дейтін жүйрік ат болды. Жануар алғаш мәреден шыққанда қос құлағын жымып, жұмсақ шабыспен ор қояндай ытқып отырады. Бәйге жолының орта шеніне келгенде мен ептеп қамшы басам, құлағының түбі терлеген соң бауырын жазып көсіледі. Атқа жайдақ мі­ніп шабамыз. Бұл жалғанның қы­зығы – бәйгеден қиқулатып алдыңа қара салмай, озып келген сәтің ғой. Ондай қызықтың талайын бастан кешірдік, қарағым! Қазір ғой, аттың үс­тінде бір сағат отыр­ған бала, өзін ат спортымен айналы­сып жүрмін деп ықы­­лық атады.

Одан кейін кол­хоздың қаптаған асау жылқысын біз сияқты қа­рулы балаларды алып барып үйреттіреді. Өйткені елге жуас мініс ат керек. Асау бастықтырғаның үшін еңбек күн, жалақы төлейді. Жүген-құрық тимеген құнандарды құрықтап ұстап, құлақтап тұрып, шыңғыртып ер салып, төс айылды қатты тартып, шап айылын шаптай тартып, мініп аламыз. Бір қолымыз ердің артқы қасында. Одан мықтап ұстап шу асауды шырық үйіреміз. Асау мойынын ішіне алып, тулайды кеп. Алғашқы қатты екпінде ұшып кетпей ерде бір орнығып қалсаңыз болды. Шу асау әрі-бері мөңкіп-мөңкіп бүйрегін соғып, солықтап  барып өзі тоқтайды. Біздің бала күнгі өмір осылай өтті…

– Алматыға оқуға келген соң өзіңіз баяғыдан бейім бір спорт тү­рімен айналыстыңыз ба?

– Жаспыз. Әр нәрсеге құмарлық басым. Мені жүзуге шақырды, күресті екі бастан білемін. Содан білетін дүниелерімді езіп жүрем бе деп, бұрын айналыспаған боксқа барып жазылдым. Бапкерім боксшылар ортасына танымал  Рыжков дейтін орыс. Екі жыл шұғылданып, бокс спортынан бірінші разряд нормасын орындадым да, доғара қойдым.

– Неге?

– Өйткені бұдан былай жазушы­лықпен айналысу керек болды. Әде­биеттің әбігері басталды.

– Сіз жоғарыда, яки 1956 жылы еркін күрес түрінен облыс чемпио­ны болдым дедіңіз. Осы жайлы тар­қатып айтып бермейсіз бе?

– Сол жылы өзім туған  Астрахань (Ресей территориясында) жерінен келіп, Гурьевтің пединститутына оқуға түстім емес пе. Институттың еркін күрестен жаттықтыратын бапкері (атын ұмыттым) белдесуге бейімі бар балаларды жинап үйірме ашты. Алты-ақ ай жаттықтым. Же­тін­ші айда облыс чемпионы атан­дым. Менің күрестегі басты ерек­шелігім – шаршауды білмеймін. Жа­сымда даланың жалпақ суларында көп жүзгендіктен бе, тынысым сұмдық кең. Албаты алқынбаймын, танк сияқтымын, тек алға!

Алғашқы үш белдесуді де таза ұттым. Шешуші төртінші кезеңде Мырзағалиев дейтін сақа жігітпен жолым түйісті. Қарсыласым танымал балуан, мен жас баламын, не істеуім керек… Көтеріп алдым да ұрдым. Со­лай ұттым. Әрі қарай күреспен шұ­ғыл­дануға мүмкіндік болмады. Себебі оқуды тастап кеттім…

–  Себебі?

– Атақты Эйнштейннің «Теория вероятности» дейтін ілімі бар. Ға­лам­дық жаңалықтарды осы ар­қылы ашқан. Бізге сабақ беретін Чер­нов дейтін ұстаз жаңағы ілімді үй­рететін. Қысқасы, ұстазымның айт­қаны миыма қонбады.  Ерегесіп қалдым. Сөйтіп оқуды тастадым да, әскерге аттанып кеттім.

– Әскерде десант болғаныңыз жайлы білеміз. Ол заманда Кеңес Армиясы десантшыларды тек спорт­­­шылар арасынан таңдап алушы еді ғой?

– Әрине солай болатын. Бірақ мен алдымен әскери училищеде оқыдым. Одан кейін ұшқыш-ис­требитель да­йындайтын бөлімге ке­ліп парашютпен секіруді үйрен­­дік. Бұл да спорттың бір түрі. Одан өткен соң бізге ең қиын соқ­қаны ката­пултьқа отырғызып, қол-­аяғыңды бай­лап, оқ сияқты атып жі­береді. Бұл жаттығудың маңызы – ұшақ­қа оқ тиген жағдайда ұшқыш-ис­­тре­бительдер құтқару тегершігін басып, отқа оранған ұшақтан осылай аты­лып шығады. Осыны үйрендік. Өйт­кені истребительде екі адам отырады. Бірі – ұшқыш, екіншісі – атқыш. Біз сол атқыштың оқуын оқыдық.

Осындай аса күрделі, әскери оқу-жаттығуларды тез әрі толық мең­­­геріп кетуіме менің бала күнгі тір­шілік қа­мы­мен айналысқан дене шынықтыру әрекеттерім көп көмегін тигізді.

– Қазіргі балаларда сіздер сияқ­ты тіршілік қамымен шынығу бар ма?

– Әй, жоқ-ау. Жап-жас жігіттерге қарап отырсам, отызға жетпей қам­пиып қарындары шығады. Бұл бірін­шіден, қамсыз, ойсыз, адамның тір­лігі, екіншіден, бесіктен белі шық­пай жатып машина мініп алады да, құдай берген екі аяғы жер иіс­кемейді. Сұмдық қой бұл! Алла қол-аяқты не үшін бер­ді. Адам деген құдай берген қол-ая­ғының хақысын өтеуі керек емес пе?! Өтелмеген ха­­­­қы қайтеді. Иесіне ауру-сырқау, пә­ле-жала болып айналып келеді. Сон­­дықтан мен жастарға айтар едім, жас күніңде денеңді ширатып алма­саң, қартайып та жарытпайсың. Жасың ұлғайғанда бойыңнан қуат ке­тіп, дәрі-дәрмекке сүйеніп, у ішіп күн кешесің. Бұл не? Бұл жасыңда спорт­пен айналыспағандықтың ке­сірі, бойыңда кәрілікке қарсы қуат-им­мунитет жоқ. Халқымыздың ежел­­гі түсінігінде балуан дегеніміз  – ел­дің қамқоры, халықтың намысы, өнер­дің үлгісі делінді емес пе?!

– Иә, рас айтасыз аға, баяғыда елдің ішінен шыққан балуандар – Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Қа­жымұқандарды алып қарасақ: әрі әнші, әрі күйші, әрі сазгер, әрі балуан, әрі халықтың қамқоры-тын. Қазіргілер олай емес,  заман басқа ма, әлде адам өзгерді ме?

– Спорт деген ұғымының бала­­масы талант дегенге саяды. Алла қалаған құлына талантты бөліп-жармай бір-ақ береді. Соны дамыту, жетілдіру басқа мәселе. Дарынның күш боп шығатын кезі бар,  ән болып айтылатын тұсы бар, шешендік жағы өз алдына бір төбе. Ғалымдар ай­тады екен, талант әуелі адамның физиологиясында, нақтырақ айтқанда арқа омыртқасының соңғы буыны сегізкөз сүйегі орналасқан бі­рін­ші омыртқадан бастап, шымыр­лап бойға тарайды. Атамыз қазақта, «арқасы қозып кетті», «арқалы ақын», «діңі мықты» дейтін теңеулер те­­гін айтылмаған. Дің деп отырғаны – омыртқа.

Демек, осындай діңі мықты тума таланттар қазақта көп болды. Жаңа өзіңіз айтқандай, Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Қажымұқан т.б. Бұ­лар­дың бүгінгі балуандардан өз­гешелігі құдай берген қуатын пайда табуға емес, хал­қының қамы үшін жұмсады.

Ол замандағы халықтың қамы деген не? Қазіргідей салып қойған театры жоқ, қосып қойып көріп отыратын теледидары жоқ. Бірақ халықты өнер-жырмен сусындатып, көңілін көтеру керек. Оны кім істейді?! Жаңағы құдай артықша талант берген адамдар атқарады. Сондықтан да жаратушы иеміз бір адамға барлық талантты үйіп беріп, құлдарына қайыр жасайтын. Ол таланттар болса, өзінің халқы, қоғамы, елі үшін қызмет ететін. Басқа ұғым болған жоқ.

Қазір адам да, заман да өзгерген. Құндылықтардың орны ауысты. Спорттың маңында ақша көп. Ақша көбейген жерде адамгершілік, ұлт­тық қасиеттер көмескіленеді. Оны көмескілейтін бізбіз, яғни адамдар. Сондықтан қазақ спорты төңірегіне ұлтжанды тұлғаларды топтастыра отырып, жаңа техника-технологияларды пайдалана отырып, дамытқан дұрыс. Қазіргі таңда топан судай қаптаған ақпарат көп. Сол себепті, жастарға, соның ішінде спортшы жастарға жақсы мен жаманды айырып танитындай ұғым-түсінік қалыптастырған жөн.

– Сөз соңында…

– Ақсақал ретінде айтар болсам, спорт деген жай бір алыс-жұлыс емес, ол рухани терең тынысы бар дүние. Осы тамыр-тынысты дөп басып бұқара жұртқа жақсы насихат жеткізулеріңізді тілеймін!