Аймақтар • 07 Маусым, 2019

Шымкенттегі өрт сөндірілді

1009 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы аумағындағы Тассай ауылы, Жібек жолы даңғылының бойында орналасқан жанар жағармай құю бекеті маңында сағат 11.03-тер шамасында жарылыс болып, өрт шықты. «Өрт көше жағалауындағы газ құю, жанар жағар май құю бекетіне жақындап келеді. Өрттің салдарынан пайда болған жарылыстың жалын күші қатты сезілді. Жолда келе жатқан, кондиционер қосылып, терезесі түгел жабық автокөліктегі біздің бетімізге ыстық леп келді», дейді куәгерлер.

Шымкенттегі  өрт сөндірілді

Жарылыс қаупі болғандықтан өрт шыққан жерге  3-дабыл бойынша өрт сөндірушілер аттанып, арнайы техника мен жеке құрам оқиға болған аумаққа 11:20-да келіп жеткен.

Өрттің ошағы  «Мураз» ЖШС АГЖБ аумағында орналасқан газ цистернасы болған.   Мұнда әрқайсысының сыйымдылығы 200 т.м. екі бос газ цистернасы болыпты және солардың біреуіндегі газ қалдығы жанған. Ал, екіншісі салқындатылып, өрттен оқшауланған.

Бұған қоса АГЖБ аумағындағы сыйымдылығы 7 т.м. 2 автоцистерна мен 50 т.м. 2 автоцистерна жарылған.

Өрттің бетін қайтаруға жалпы 21 арнайы техника мен жеке құрамның 90 қызметкері жұмылдырылған.  Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша алапат өрт 12:21-де толықтай сөндірілген. Оқиға орнында өрт сөндірушілер мен барлық құзырлы органдар қызметкерлері жұмыс істеуде.

Жойқын жарылыс кезінде бір адам зардап шеккен. Ол - нысанның қызметкері, 1999 жылы туған Анар Ерлан Еркінбекұлы. Жедел жәрдем қызметі 20 жастағы денесін қатты күйік шалған жігітті Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигинация орталығына жеткізген. 

«1999 жылы туған науқас өте ауыр жағдайда жеткізілді. Денесінің 98 пайызын күйік шалған. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр»,  дейді орталықтың бас дәрігері М.Ермаханбетова.


Шымкент