Аймақтар • 07 Маусым, 2019

Шымкентте қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесі енгізіледі

843 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«SHYMKENT» ӘКК» АҚ биыл 1000 автобус сатып алуды жоспарлауда. Жоба бойынша 300 автобус маусым-шілде айларында, қалған 700 автобус жылдың соңына дейін сатып алынады. Электронды төлем жүйесін ендіру бойынша корпорация әлеуетті инвестор «Оңай» ЖШС-мен бірге жұмыстар істелуде. Электронды төлем жүйесін 2019 жылы бастап, 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында ендіру жоспарланып отыр.

Шымкентте қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесі енгізіледі

Бұл туралы қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте  қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев айтып өтті.

Салалық басқарма басшысының мәліметінше шаһарда  өткен жылы әлеуметтік маңызы бар жалпы 10 бағыт бойынша автобустар шалғайдағы шағынаудандарға қатынай бастаған. Атап өтсек, 55, 141, 142, 143, 144, 146, 147, 148, 149 және 150 бағыттары күнделікті қала тұрғындарын тасымалдауда.

Сондай-ақ, жыл басынан бері қалада 21 көлік компаниясына кемшіліктерді жою жөнінде 67 ескерту хат жолданған. Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, қоғамдық көлік бағыттарының жұмысын бақылау мақсатында көлік компанияларының өкілдерімен бірге рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. 2019 жылдың нәтижесінде талапты сақтамаған екі бағытпен келісім-шарт бұзылған.

Қаладағы қоғамдық көлікпен қатар көшелердің сапасы да қатаң қолға алынған. Бүгінде шаһарда 33 шақырымды құрайтын 11 магистралды көшеде құрылыс, қайта құру және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бір жерүсті өткелінің және 5 көпірдің құрылысы және қайта құру жұмыстары атқарылуда.


Шымкент