Аймақтар • 07 Маусым, 2019

Түркістан облысында еліміздегі ең ірі жылыжай кешені салынады

1049 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жылыжай кешенін салу үшін Келес ауданынан арнайы 500 гектар жер бөлінген. Инвестициялық құны 1,1 млрд АҚШ доллары болатын жобаны ресейлік «Эко-культура» компаниясы жүзеге асырмақ.

Түркістан облысында еліміздегі ең ірі жылыжай кешені салынады

Жылыжай голландық технологиямен жұмыс істейтін болады. Ал, мамандарды Ресейде арнайы ақысыз түрде оқыту жоспарлануда. Мұнда өндірілетін қызанақ пен қиярды ТМД мен Еуропа елдеріне экспорттау көзделіп отыр. Кешенге инфрақұрылым жүйесін тарту мәселесін нақтылау үшін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездескен «Эко-культура» компаниясының директоры Александр Рудаков жылыжай іске қосылса, жаңадан 10 мың жұмыс орны ашылатынын мәлім етті. «Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Кешен заманауи технологиямен жұмыс істейтін болады. Біз «ҚазақИнвест» компаниясымен осы ауқымды жобаны жүзеге асыруға қатысқанымызға өте қуаныштымыз», – деді  А.Рудаков.

Өз кезегінде облыс әкімі Ө.Шөкеев жобаға инфрақұрылым тарту мәселесі алдағы уақытта оң шешімін табатынын айтты.