Қоғам • 08 Маусым, 2019

Түркістанда 300 мемлекеттік қызметші баспаналы болады

1071 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл облыс орталығы Түркістанда 1836 отбасы қоныс тойын тойлайды. Олардың 300-і мемлекеттік саланың қызметкері болса, 1200-і әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар.

Түркістанда 300 мемлекеттік қызметші баспаналы болады

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Түркістанға сапары кезінде салынып жатқан тұрғын үйлерді аралап көрді. Агенттік төрағасы алдымен әкімдік жанынан ашылған жобалық кеңсе жұмысымен танысты. Осыдан үш ай алдын құрылған кеңсе бес бағыт бойынша жұмыс істейді. Мұндағы мамандар өңірдегі жобаларды жедел жүзеге асырудың тетіктерін қарастырады. Ол үшін кеңседегі сала мамандары әрбір жобаны дер кезінде саралап кем-кетігі болса толықтырады. Одан кейін тиісті орындарға ұсынады. Өңірдің дамуына үлес қосқысы келген тұрғын өз жобасын кеңсеге ұсына алады. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін кеңсеге 1364 жоба келіп түскен. Олардың басым бөлігі инфрақұрылым саласын дамытуға бағытталған.

Азаматтарға бір терезе қағидасы бойынша қызмет көрсететін миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысымен танысқан агенттік басшысы тұрғындардың тіркелу барысын бақылады. Аталмыш орталық қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығының қасында орналасқан. Яғни тіркелуге келген азамат бірден екі мекемеге де соғып тірлігін тындыра алады.

Түркістанға жұмыс сапары кезінде агенттік төрағасы облыс әкімімен бірге  цифрландыру жүйесі үздік деп танылған Түркістан қалалық орталық емханасындағы жаңа технологиялармен танысты. Емханада цифрландыруға байланысты инфокиоск, куаркод, онлайн  хабарлау, колл- орталық, тікелей Кмис-ке қосылған терминал, автодозвон мен ПУШ іске қосылған. Сондай-ақ,  науқастарға смс- хабарлама жеткізу ісі қолға алынып, тіркеу орнында аз уақыт ішінде күрделі өзгерістер мен жаңартулар жасалған. Өз кезегінде Алик Шпекбаев емхана қызметін Нұр-Сұлтан қаласының медицина мекемелеріндегі заманауи жабдықтармен салыстыра отырып, жоғары бағалады. Емхананың тіркеу орнында "Адалдық алаңы" мен әлеуметтік қызмет көрсету орындары жұмыс істеуде. Онда Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі  жандарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, триаж жүйесі арқылы халыққа қызмет етеді.