Аймақтар • 08 Маусым, 2019

«Ertis Promenade» маусымы шақырады

1240 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығы тұрғындары мен қонақтары үшін «Ertis Promenade» жобасының екінші маусымы басталды.

«Ertis Promenade» маусымы шақырады

Ертіс өзені жағасындағы орталық жағалаудың төменгі бөлігінде бой көтерген «Ertis Promenade» сахнасы таңқаларлық.  

Үлкен кең LED-экраны  ілініп, жағажай сахнасы жарық шашатын түрлі иллюминациялармен безендірілген. Осы жерде жаз бойы  апта сайын отандық және шетелдік әншілер ән салады.

Биылғы жазғы маусымының ашылуына жерлес әншілер Меруерт Түсіпбаева, Роза Мұқатаева, Ринат Мальцагов және Дамира Мажитовалар келді. Көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әндерін шырқап, жақсы көңіл-күй сыйлады.

Тұрғындар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ресми сайтындағы сауалнама арқылы «Ertis Promenade» жобасына шақырылатын жұлдызды ұсынып, өз таңдауларын да жасай алады. 

Жағалауда су бұрқақтар жарыса төгіледі, жарықшамдар жарқырайды. Гүлзарлар көздің жауын алады. Абаттандырылған Ертіс жағалауының ұзындығы енді жыл сайын қосылып, 7 шақырымға созылады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жағалаудағы жөндеу жұмыстары демеушілердің қаражаты есебінен жүргізілуде. Баспалдақтарға  жиналмалы орындықтар қойылған.

Ұялы телефонды қуаттау құралдары, тегін сымсыз ғаламтор жүйесі үшін баламалы энергия көздері іске қосылған. 

Ашық аспан астындағы дәмханалар үшін алаңдар құрылып, сатылар  ретке келтіріліді, орындықтар жасалды.

Жағалаудың ландшафтық архитектуралық кейпін жақсарту үшін жаңа қоршау қойылып, ретро үлгісіндегі қалқан бөлшектері орнатылыпты.

Енді  ретро стиліндегі дәмхана ашылып, жағалау сәнін келтірмек.

Қазір ерекше жасалған  «ЧайкоFFский» шағын кафесінде кофе мен шәй балмұздақ, сусындар сатылады.

Суретті түсірген: Валерий Бугаев