Қоғам • 08 Маусым, 2019

Шымкентте ардагерлер мен балаларға арнайы қызмет көрсететін орталық ашылды

1560 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкентте тұңғыш рет көп функционалды Белсенді өмір сүру орталығы ашылды. Аталған мекеменің салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен бүлдіршіндер қатысты.

Шымкентте ардагерлер мен балаларға арнайы қызмет көрсететін орталық ашылды

«Бүгін Шымкент қаласында алғашқы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының салтанатты ашылуына қатыстым. Орталық заманауи тұлғаға қажетті барлық жағдаймен қамтамасыз етілген. Интернет-кафе, емдік-уқалау, физикалық-емдеу бөлмесі, кинозал, кітапхана, тренажерлық зал, йога, үстел теннисі, бильярд аймақтарымен және балаларға арнап жабдықталған ойын бөлмелерімен қамтылған. Бұл орталықтың бір ерекшелігі - мұнда тек қариялар ғана емес, сонымен бірге өмірдің тәлкегіне ұшыраған жетім бүлдіршіндеріміз де арнайы келіп, ата-әже мейірімі мен қамқорлығына бөленуге мүмкіндік алады. Қарттарымыз болса өмірдің бір қуанышы - балалармен уақыт өткізіп, немере мәпелемек. Мұндай мүмкіндіктер қарттарымыздың да, балалардың да денсаулығы мен руxани күйіне оң әсерін тигізеді деген сенімдемін», дейді қала әкімі. 

Мегаполистегі жанға жайлылық сыйлайтын  орталықта  зейнеткер қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, балалар үйінің тәрбиеленушілері бос уақыттарын өткізіп, денсаулықтарын жақсарта алады. Сондай-ақ, мұнда зейнеткерлерге тегін әлеуметтік және медициналық қызмет көрсетіледі.

«Қоғамның дамуы қарияларымызға көрсетілетін қамқорлықпен байқалады. Жылдың басындағы есептік кездесуде қала тұрғындарының бірі менен Шымкенттен қарт кісілерге өмір салтын жақсартып, дене шынықтыруға арналған орталық ашуды сұранған болатын. Міне, бүгін осы орталықты ашып отырмыз. Зейнеткерлер мен қариялар бұл орталыққа отбасымен, балалары және немерелерімен келе алады», деді Ғ.Әбдірахымов.

Шымкенттегі бұл орталық Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың отандастарымыздың өмір сүру жасын ұзарту мен бұқаралық спортты дамыту тапсырмасы аясында ашылып отыр. Айта кетерлігі, шымкенттіктердің өмір сүру жасы ұзарып келеді. Мегаполис тұрғындарының қазіргі таңдағы орташа жасы 78 жастан асады.

Игілікті шарада қала әкімі тұрғындарды спортпен жаппай шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Қарттарға арнап қойылған концерттік қойылымда балаша қуанған зейнеткерлер би билеп, ән салып, мереке шаттығына бөленді.