Аймақтар • 09 Маусым, 2019

Талғат Теменов Орал театрында Шыңғыс Айтматовтың шығармасын сахналады

926 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» повесі бойынша «Арманым - Әселім» атты лирикалық драмасының премьерасы өтті. Шығарманы сахнаға лайықтап, қойған – Қазақстан Республикасының халық артисі, Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Талғат Теменов.

Талғат Теменов Орал театрында Шыңғыс Айтматовтың шығармасын сахналады

Екі күн қатарынан қойылған премьерада театрда ине шаншар орын болмады. Оралдық көрермен әйгілі қырғыз жазушысының қаламынан туған шығарманы ыстық ықыласпен қабылдады.

- Кешелі бері біздің өңірімізде елеулі мәдени оқиға – жаңа қойылымның тұсаукесері болып жатыр. Шынында да Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әр премьерасы – біз үшін үлкен жетістік. Оның үстіне бәрімізге танымал Талғат Теменов ағамыз Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келіп, оралдық театр ұжымымен бір айдан бері қоян-қолтық жұмыс істеп, осындай тамаша дүниені Ақ Жайық көрермендеріне ұсынып отыр. Біз бұған өте қуаныштымыз. Талғат ағамызға зор алғысымызды білдіреміз. Біздің өңірге келген өнер адамдары жиі айтып жүргендей, Оралдың аудиториясы бөлек, көрермендері ерекше. Шынайы ризашылықтан туған ықыласымызды қабыл алыңыз! – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов режиссер Талғат Теменовке алғыс хат пен гүл ұсынып тұрып.

Көпшілік қошеметіне бөленген Талғат Теменов те сахнада тұрып толқи сөйледі:

- Менде трайбализм жоқ, бірақ жеті ата-бабам осы өңірде, Бөкейлікте жатыр. Сондықтан, ақын айтқандай, «Мейлің батыр, Мейлі ғалым, данасың, Бәрібір сен туған жерге баласың!» деген рас екен. «Махаббат бекеті» фильміндегі басты кейіпкердің есімі Орал болуы да перзенттік ықыласымның белгісі болатын. Осы кезге дейін әлемнің 80 елін араладым, өнер көрсеттім, бірақ атажұрт сахнасында тұңғыш рет қойылым қойғаным осы екен. Соған ыңғайсызданып та тұрмын, - дейді режиссер.

Бір сағаттан сәл асатын уақытқа ғана созылған спектакль барысында көрермен бір қуанып, бір жылап, сан түрлі күйге түседі. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дариға Мұштанова айтқандай, «Өмірдің өзіндей шиыршық атып көз алдыңнан өтіп жатқан xикаят тебірентпей, көзіңе жас алдырмай қоймайды. Әп- әдемі басталған өмірін өз еркімен қор етіп, маздай жанып тұрған бақыт шырағын өзі үрлеп өшіріп тастаған адамның енді түзетуге келмес қатесіне куә боласыз. Өзіне риясыз сеніп, етегінен ұстаған сүйген жарына сенімді серік те бола алмай, туған ұлының басқа адамды әке деуіне де өзі себепкер болған талай Ілиястар бүгінгі қоғамда да жүргені рас қой».

Қойылымның басты кейіпкері Ілияс рөлін – Жасқайрат Валиуллиев, Әселді – жас өнерпаз Нұржиян Хасанова сомдады. Сондай-ақ театрдың танымал әртістері Наргиз Шадыева, Мұсағали Бектенов, Гүлжиян Шынтемір де өз бейнелерін нанымды алып шықты.

Жаңа қойылымды тік тұрып көріп, оны сахналаған режиссер мен суретшіге, артистерді гүлмен көмкерген көрермен қауым тағы бір қуанышты жаңалыққа куә болды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласында жаңа Мәдениет сарайы салынатынын, барлық шешімдер қабылданып, байқау өткенін хабарлады. Жаңа мәдениет ошағының құрылысы маусым айында басталмақ.


Батыс Қазақстан