13 Ақпан, 2013

Шарайна

298 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шарайна

Сәрсенбі, 13 ақпан 2013 7:13

Үшінші рет ядролық сынақ жасады

Солтүстік Корея үкіметі кеше жерасты ядролық сынағы табысты өткізілгенін ресми түрде мәлімдеді. Оның үстіне Пхеньяндағылар жай ядролық бомба емес, жоғары қуатты шағын ядролық заряд сынақтан өткізілгенін атап көрсетті. КХДР басшылығының мәлімдеуінше, сынақ техникалық жағынан табысты болған.

 

Сәрсенбі, 13 ақпан 2013 7:13

Үшінші рет ядролық сынақ жасады

Солтүстік Корея үкіметі кеше жерасты ядролық сынағы табысты өткізілгенін ресми түрде мәлімдеді. Оның үстіне Пхеньяндағылар жай ядролық бомба емес, жоғары қуатты шағын ядролық заряд сынақтан өткізілгенін атап көрсетті. КХДР басшылығының мәлімдеуінше, сынақ техникалық жағынан табысты болған.

КХДР-дің ядролық сынақ жасағанын өз кезегінде Оңтүстік Корея да растады. Бұл жөнінде Оңтүстік Корея президенті әкімшілігіне сілтеме жасай отырып, «Рейтер» агенттігі хабарлады. Сеул көршілерінің іс-әрекетін жазғырып қана қоймай, оны арандатушылық деп атады. Оңтүстік Кореяның өтініші бойынша Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Пхеньянның ядролық сынақтарына арналған жедел мәжілісі өткізілетін болды.

 

Тәртіпсіздіктермен атап өтті

Мысырдың астанасы – Каир қаласында президент Хосни Мүбәрактің биліктен кетірілгенінің екінші жылдығына арналған шеру болып өтті. Шеру акцияға қатысушылардың полициямен жаппай қақтығысына ұласты. Президент сарайы жанында бірнеше ондаған демонстрант қазіргі президент Мохаммед Мурсидің отставкаға кетуін талап етті.

Шерушілер өз талаптарын полицияға қарсы тас атумен «нығайтпақ» болды және резиденцияға кіреберісті жауып тастауға әрекет жасады. Полиция бұған қарсы суатқыш және көзден жас ағызатын газ қолданып, демонстранттарды алаңнан ығыстырып шығарды. Сөз ретінде айта кетсек, Египетті 30 жылға жуық уақыт басқарған Хосни Мүбәрак 2011 жылдың 11 ақпанында отставкаға кетуге мәжбүр болған еді.

 

Еуроодақтың Украинаға 19 талабы

Украинаның «Главком» порталы Украинаның Еуроодақпен ынтымақтасуы үшін қажет және орындалуы талап етілетін 19 критерийді жариялады. Осындай тізім бар екені туралы ақпарат бұған дейін де БАҚ-тарда көрініс беріп қалған еді. Бұл тізімнің ресми атауы жоқ, ол тек «19 индикатор» ретінде қаперге салынады.

Ал тізімге Украинадағы сайлау жүйесін жақсарту, милиция мен мемлекеттік қаржы жүйелерін реформалау, жемқорлықпен тиімді күресті қамтамасыз ету сияқты критерийлер енгізіліпті. Бірнеше критерийдің сот өндірісіне қатысы бар. Дегенмен, Еурокомиссиядағылар тізімнің ресми мәртебеге ие емес екенін көлденең тартады. Алайда жоғарыдағы критерийлер Украина мен ЕО арасында 2011 жылдың аяғында қол қойылады деп күтілген жаңа шартқа күні бүгінге дейін кесірін тигізіп келеді.

 

Шекарасын жабық деп жариялады

Ливия премьер-министрі Али Зейдан ел 14-18 ақпан аралығында 5 күнге өзінің Мысырмен және Туниспен шекарасын жабатынын жария етті. Премьер мұндай шешімнің себебін Ливия көсемі Муаммар Каддафиді тағынан тайдыруға алып келген қарулы қақтығыстың 2 жылдығына орай ерекше сақтық қажеттігімен түсіндірді.

Көтеріліс 17 ақпанда басталғанымен, жылдықты тойлау 15 ақпанда арна тартатын көрінеді. Ливияның көптеген тұрғындары, әсіресе, елдің шығысындағылар сондай-ақ осы күнге дейін ливиялықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырған және елдің жаңа конституциясын қабылдауға қол жеткізе алмай келе жатқан үкіметке қарсы наразылық акцияларын ұйымдастыруды да жоспарлап отырса керек. Қауіпсіздік шаралары қарастырылуда.

 

Сырттай 24 жылға сотталды

Бішкек гарнизонының әскери соты елдің бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев пен оның бауыры, бұрынғы мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Жаныш Бакиевке қатысты сырттай үкім шығарды. Ағайындылар өкілеттіктерін асыра пайдаланғандары және басқа да қылмыстары үшін кінәлі деп табылған.

Сөйтіп, бұрынғы президент 24 жылға бас бостандығынан айрылса, оның бауыры өмір бойы түрмеде отыруға кесілген. Әскери соттың ақпаратында Бакиевтердің не үшін сотталғандары нақтыланбайды. Қ.Бакиевтің 2010 жылғы төңкерістен кейін тағынан тайдырылғаны белгілі. Сол кездің өзінде-ақ ол Белоруссияға қашып үлгерген болатын. Қырғызстанның жаңа билігі оны қайтаруға талпынғанымен, оларынан түк шықпаған еді.

 

Алғашқы спутнигіне ән арнады

Әзербайжанның алғашқы телекоммуникациялық Жер серігі 8 ақпанға қараған түні орбитаға шығарылған болатын. Ол ТМД, Шығыс Еуропа, Солтүстік Африка, Орталық және Шығыс Азия елдеріндегі тұтынушыларға қызмет көрсетеді. Баку спутник ресурсының шамамен 20 пайызын пайдаланып, қалғанын «халықаралық рынокта жүзеге асыру ниетінде».

Ел президенті Ильхам Алиев спутниктің ұшырылуын тарихи оқиға және әзербайжан халқының үлкен табысы деп атаса, оған арнап ән шығарылды. Композиция «Біздің ұлттық спутнигіміз» деп аталады. Сөзін жазған еңбек сіңірген өнер қайраткері, полковник, ақын және публицист Абдулла Гурбани, ал сазын жазған КСРО халық әртісі, профессор Ариф Меликовтың шәкірті Нармина Нагиева.

 

Қысқа қайырып айтқанда:

 Қаңтар айының соңында қастандық жасалған Армения пре­зи­денттігіне кандидат Паруйр Айрикян ауруханадан шығарылды. Бірақ ол тексерілу үшін күн сайын ауруханаға келіп тұруы тиіс көрінеді. 18 ақпанға белгіленген сайлау аталған оқиғаға байланысты 2 аптаға шегерілген-тін.

 Ресей президенті Владимир Путин Мемдумаға шенеуніктердің шетел банктерінде ақша ұстауларына тыйым салатын заң жобасын енгізді. Заң жобасы шенеуніктердің шетелдерде активтер иеленуімен күреске бағытталған. Мұны бұзғаны үшін 5-тен 10 млн. рубльге дейін айыппұл салу немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

 Ресейдің Коми республикасының басшысы Вячеслав Гайзер «Воркутинская» шахтасындағы жарылыстан қаза тапқан кеншілерге байланысты үш күндік аза тұту жариялады. 800 метр тереңдіктегі метан жарылысынан 18 кенші опат болған еді.

 Ресей либералдарының серкесі Владимир Жириновский партиядағы темекі тартатындардың барлығын партиядан қуып шығуға уәде берді. Осындай мәлімдемені ол Мемдуманың мәжілісінде жасады. Мемдумада темекі тартуға қарсы заң жобасы талқыланған болатын.

Интернет материалдары негізінде дайындалды.