Сайлау • 09 Маусым, 2019

Әміржан Қосанов дауыс берді

873 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ұлт тағдыры» қозғалысынан президенттікке үміткер Әміржан Қосанов Нұр-Сұлтан қаласындағы №72 лицейде орналасқан №57 сайлау учаскесіне жұбайымен келіп, өз дауысын берді.

Әміржан Қосанов дауыс берді

«Бірақ біз осы сайлаудың аясында мүмкіндігінше белсенді әрекет етуге тырыстық. Ең басты нәтиже осы сайлаудың саяси процесс ретіндегі шарықтаған шыңы - дауыстарды есептеу және протоколдарды толтыру. Қазақстандықтар тек қана сайлау құқығын ғана пайдаланғысы келмейді, олар бақылау құқығын да пайдаланғысы келеді. Қазір көптеген тәуелсіз бақылаушылардың желісі құрылып жатыр. Олардың бізге ешқандай қатысы жоқ. Біз штабтарымыздың атынан ғана айта аламыз. Бірақ бағаны беретін тәуелсіз бақылаушылар», деді Ә.Қосанов.

Бұдан әрі кандидат Қазақстанда транзиттік билік басталғанын айтты. 

«Қазақстанда транзит басталды. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев формалды түрде Президент орнынан кетті. Одан соң, екінші адам келді. Ал бұл сайлауда келесі кім болатыны шешіліп жатыр. Бұл жанды, табиғи процесс деп ойлаймын. Халық осыған араласуы керек. Кез келген азамат өз кандидатын қолдай алады. Бүгінгі кешкі 20:00- ге дейін уақыт бар. Сайлаушыларды қалаған кандидатына дауыс беруге шақырамын», деді Әміржан Қосанов. 

№57 сайлау учаскесінің xатшысы Сандуғаш Мәжитованың айтуынша, аталған учаске бойынша 4503 адам тіркелген. Соның ішінде алғаш рет дауыс берушілер де бар. Оларға учаскеде арнайы сыйлықтар берілді. 

Еске сала кетейік, бүгін Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау басталды. Аталған сайлауда ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады.