Сайлау • 09 Маусым, 2019

ҚР Президенттігіне үміткер Төлеутай Рахымбеков дауыс берді

724 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан ҚР Президенттігіне кандидат Төлеутай Рақымбеков Астанадағы Ұлттық музейде орналасқан №52 сайлау учаскесіне сағат тура 10.00-де дауыс беруге келді. Қасында зайыбы Салтанат, қызы Ғалия және екі немересі болды. Кандидат журналистерге берген шағын сұхбатында көңіл күйінің жақсы екендігін, дегенмен бойында аздаған толғаныстың да бар екендігін айтты.

ҚР Президенттігіне үміткер Төлеутай Рахымбеков дауыс берді

- Бүгінгі күнді Қазақстан тарихындағы елеулі күн деп есептеймін. Ел үмітін ақтаймын деген 7 кандидат сайлауға түстік. Бағдарламамызды жарияладық. Соған сай бүгін халық өз таңдауын жасайтын күн. Өзім сайлау алдындағы насихат жұмыстарына байланысты және халықтың талап-тілектерін тыңдау мақсатында еліміздің 17 өңірінде де болдым. Жалпы байқағаным, халықтың көңіл күйі жаман емес. Бірақ проблемаларды да аз айтқан жоқ. Соған орай осы сайлауда кім сайланса да, халықтың жан айқайын еститін кандидат жеңіске жетсе екен деген тілектемін, - деген Төлеутай Сатайұлы өзінің жеңіске деген сенімі бар екендігін айтып өтті. Журналистердің қойған сұрақтарына жауап бере келе насихат жүргізуге берген бір ай уақыт жеткілікті болғандығын, халықты аралау барысында ел ішінен оғаш оқиғаларды байқамағандығын айтты. Мұнан кейін сайлаушы ретінде дауыс беріп, өз таңдауын жасады.

Ұлттық музейде орналасқан №52 сайлау учаскесінің төрағасы Батырхан Жұмабаев журналистерге бұл учаскеде 4661 адамның сайлаушы ретінде тіркелгендігін, сағат 9.00-ге дейін солардың 10 пайызы дауыс беріп үлгергендігін, әзірге тәртіп, заң бұзу, басқадай бір оғаш оқиғалардың тіркелмегендігін, сайлау барысын партиялар атынан тіркелген 5 бақылаушының қадағалап отырғандығын айтып өтті. Олар – Нұр Отан, Ұлт тағдыры, коммунистер, кәсіподақтар, Аманат партияларының өкілдері.

- Сайлау учаскемізге дауыс беруге алғашқы болып ақсақал адам келді. Ол кісі куәлігін ұмытып кеткен екен. Ерінбей үйіне барып, куәлігін алып келіп, алғашқы болып дауыс берді. Сөйтіп алғашқы сайлаушы ретінде сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ кәмелет жасына толып, бірінші рет дауыс берген жастарға дәл осы күні туған адамға, жиыны 10-ға тарта адамға сыйлық бердік. Түрлі денсаулық жағдайына, қарттығына байланысты біраз адамнан үйінде дауыс беруге өтініштер түсті. Сағат 12-ден кейін үйлеріне дауыс беру жәшігін апарып, олардың да дауысын алатын боламыз, – деп мәлімдеді ол.

Т.Рақымбековты ҚР Президентігіне кандидат ретінде ұсынған «Ауыл» партиясы сайлау штабы төрағасының орынбасары Ғазиз Тастаев өз кандидаттарының насихат жұмыстарын белсенді түрде жүргізгендігін, бәрі де сайлау заңдылығына сәйкес өткендігін айтып берді.