– Қызым Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Бірақ ата-анасымен бірге дауыс беру үшін ол елордадан есептен шығару талонын алып келді. Мен тұрақты және гүлденген Қазақстан үшін және ең бастысы – балалардың болашағы үшін таңдау жасадым. Менің 7 айлық кішкентай немерем бар. Оның бақытты елде өмір сүруі үшін және болашағы үшін де дауыс бердім деп ойлаймын, – деді Ерлан Қошанов.
Осы жерде облыс әкімі жерлестерін атақты боксшы Геннадий Головкиннің бүгінгі тамаша жеңісімен құттықтады.
– Көптеген қазақстандықтар сияқты жекпе-жекті мен де тікелей эфирден тамашаладым. Twitter-де құттықтау жазып, Геннадийдің анасы Елизавета Сергеевнаны құттықтадым, – деді ол.
Аталған сайлау учаскесі таңертеңнен бастап белсенді тірлік пен мерекелік көңіл-күйге бөленген. Аумақтық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша, тіркелген 2855 сайлаушының 20 проценті таңғы сағат 10.00-ге дейін дауыс беріпті. Сайлаушылардың көбі жастар. Олар үшін бұл - алғашқы сайлау. Көптеген адам дауыс беруге отбасымен, кішкентай балаларымен келді.
Қарағанды облысында 787 сайлау учаскесі жұмыс істейді. ҚР Президентін сайлау барысын өңірде 40-тан астам халықаралық байқаушы қадағалайды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сай, таңғы сағат 10.00-де облыс бойынша сайлаушылардың келуі 10,1 процентті құраған.
Қарағанды облысы