Аймақтар • 09 Маусым, 2019

Шымкентте жаңа отау тіккен жас жұбайлар да сайлауға белсене қатысуда

656 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін - ҚР Президентінің Сайлауы күніне орай Шымкент қаласындағы сайлау учаскелерінде сағат 7:00-ден дауыс беру басталып кетті.

Шымкентте жаңа отау тіккен жас жұбайлар да сайлауға белсене қатысуда

Шымқалалықтар бұл реткі саяси науқанға белсенділік танытуда. Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлаудың сағат 12-дегі нәтижесі бойынша Шымкент қаласындағы көрсеткіш  24,6 пайызды құрап отыр.

Тіпті, сайлау учаскелеріне Қайтпас мөлтекауданындағы бір әулетке жаңа түскен жас келін де өз таңдауын жасауға келген. Бұдан өзге сайлауда әрбір азаматтың дауысы маңызды екенін түсінген жаңа отау тіккен жас жұбайларда келіп, елдік мәселеге бей-жай қарамайтындығын көрсетті.

Таңмен таласа Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов А. Пушкин атындағы N1 мектеп-гимназиясындағы 92 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Аталған сайлау учаскесінде 4 байқаушы бар. Мұнда жалпы 2504 сайлаушы тіркелген.

«Бұл саяси іс-шара - еліміз үшін өте маңызды. Ең бірінші болып, әріптестеріммен бірге келіп дауыс беруді ұйғардым. Бұл - болашағымды таңдау. Барша қала тұрғындарын өз Конституциялық құқығын пайдаланып, дауыс беруге шақырамын. Бәрінде өз таңдау құқығы бар», - дейді Ғ. Әбдірахымов.

Ал, Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында орналасқан №99 сайлау учаскесінде 2402 адам тіркелген. Оның ішінде 3-і мүмкіндігі шектеулі жандар. Мұнда келушілердің саяси додаға бір кісідей атсалысуы үшін бар жағдай жасалған. Қала тұрғындарының да, ел іргесін ұстар жастардың да белсенділігі ерекше. «Аманат» азаматтық платформасының да сайлаудағы бақылау жұмыстары жоғары деңгейде.

«Таңертеңнен әрбір келген сайлаушыларымыз өзінің қалаған кандидаттарына дауыс беріп жатыр. Дауыс беруге құқылы әр азамат сайлауда өз таңдауын жасауы тиіс. Олар осындай кезеңде бейтарап қалмауы керек», - дейді сайлаудың бақылаушы өкілдері.



Шымкент