Аймақтар • 09 Маусым, 2019

Батыс өңірдегі «Ұлттық ұлан» сарбаздары 100% дауыс берді

793 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Орал және Жаңаөзен қалаларында орналасқан «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери қызметкерлер Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына 100 пайыз қатысты» деп хабарлайды «Ұлттық ұланның» Орал қаласындағы баспасөз қызметі.

Батыс өңірдегі «Ұлттық ұлан» сарбаздары 100% дауыс берді

«Батыс» өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бойынша орынбасары подполковник Бақыт Алазовтың айтуынша, әскери бөлімдерде ашылған сайлау учаскелерінде дауыс берушілердің белсенділігі өте жоғары болған. Әскери қызметкерлердің жеке құрамы ғана емес, олардың отбасы да саяси науқанға түгел қатысқан. 

Сайлау учаскелерінде дауыс беру заң бойынша таңғы сағат 7-де басталса, арада бір сағат уақыт өткенде сайлаушылардың 70 пайызынан артығы өз дауысын беріп үлгерген. Сайлауға қатысушылардың басым бөлігі – 18-ге енді толған, тұңғыш рет дауыс беру құқығына ие болған жас сарбаздар.

Әскерге Қарағанды қаласынан шақырылып, қазір Ақтаудағы 6656 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын атқарып жатқан қатардағы жауынгер Берік Есқалиев та осындай тұңғыш дауыс берушілердің бірі. «Мен тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретінде елімізде ұлтаралық татулық, ынтымақ болғанын қалаймын. Сол үшін бүгін азаматтық парызымды атқарып, дауысымды бердім» дейді жас сарбаз.

Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімде қызмет етуші Қайрат Өтегеновтің туған жері – Алматы облысы. Әскери киім кигелі өткен 7 ай ішінде қызметінің қыр-сырын, қоғамдық тәртіптің маңызын, татулық пен ынтымақтың баға жеткісіз құндылық екенін ұғып қалыпты. «Отанымызда бейбіт өмір мен келісім орнап тұр. Соған мақтанамын!» дейді ол.

- Ұйымшылдықпен өткен дауыс берудің нәтижесін қорытындылап та үлгердік. Бізге қарасты барлық 5 жабық сайлау учаскесінде тіркелгендер 100 пайыз дауыс берді. Заң бұзушылықтар болмады. Таңертеңгі сағат 10-да толығымен таңдауымызды жасап үлгердік, - дейді подполковник Бақыт Алазов.

Айта кетейік, Қазақстанның батыс өңіріндегі әскери бөлімдерде сайлау құқығы бар 5 мыңға жуық азамат қызмет етеді.


Батыс Қазақстан