Руханият • 10 Маусым, 2019

Маусым ереуілі. Естелік эсседен үзінді

689 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Сейсенбі, 19 маусым күні таңертеңгі тоғыздар шамасында мен «Мелодия» дү­ке­нінің алдындағы балалардың ойын алаңына (қазіргі «Ramada Plaza Astana» қо­нақүйі тұрған жер) келдім. Жексенбі күнгі келісім бойынша, сейсенбідегі қар­сы­лық шеруі осы жерден басталып, орталық алаңда жалғасуға тиіс еді. Мен келгенде бала­лардың ойын алаңында біршама адам жина­лып қалыпты. Бара-бара адамдардың қа­расы көбейіп, алаңға сыймай кетті. Бүгін қар­сылық ше­руі­не шыққандар тек студент-жас­тар ғана емес еді. Алғашқы студенттер шеруінен бергі өткен төрт күн ішінде Қазақстан аума­ғында, қасиетті қазақ жерінде неміс авто­номиялық облысы ашылғалы жат­қа­ны­нан хабардар болып үлгерген зауыт-фабри­ка­лар­­дың жұмысшылары, қарапайым қала тұр­ғындары көптеп шыққан екен. Орта­ла­рын­да кеуделері ордендер мен медаль­дар­ға тол­ған абыройлы ақсақалдар мен ардақ­ты ана­лар да баршылық.

Маусым ереуілі. Естелік эсседен үзінді

Жергілікті атқарушы органдар да қарап қал­ма­ған екен. «Мелодия» дүкені алдын­да­ғы алаңнан орталық алаңға қарай өтетін Ленин және Карл Маркс көшелері көлденең қо­йылған автобустар және әскери жүк машиналарымен жабылды. Көшелердің ұзына бойында қызыл жағалылар мен халық сақ­шылары қойылды. «Кеңестер үйінің» сыр­тын­дағы қалтарыста 10-15 автобусқа лық толған ішкі әскер жауынгерлері мен бір­не­ше өрт сөндіргіш машиналар тұрды.

19 маусымның таңғы ауасы да тым ты­мырсық еді. Үп еткен жел жоқ. Ауада ұрық шашқан ағаштардың ақ ұлпалары ғана қалқып жүр. Бейне бір алапат дауыл алдындағы үрейлі тыныштық сияқты. Қала­да қалыптасқан ахуал барған сайын болжау­сыз болып барады. Енді болмаса, қаптаған қызыл жағалылар алаң толы халыққа лап қоя­тын сияқты. Шағын алаңға лықа толған халық та ширыға түскен. Толқып кетсе, тосқауыл бермес тау суындай алаңды қор­ша­ған автобустарды төңкере-мөңкере жан-жақ­қа атылатындай түнеріп тұр.

Енді бір сәтте алаң толы халықтың орта­­сынан қолына дауыс күшейткіш мегафон ұстаған Целиноград облыстық ат­қа­ру комитетінің төрағасы Абылайхан Жол­­мұхамедов көрінді. Бір кезде ол ойын ала­ңы­ның ортасындағы бір жағында кіш­кен­тай сатысы, бір жағында сырғанағы бар балалардың мінбер сияқты биік сырға­на­ғы­шы­ның үстіне шығып, дауысын кернеді.

– Жолдастар, бір сәтке тынышталып, менің сөзіме назар аударуларыңызды өтіне­мін. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, біздер тұр­ған алаң жан-жағынан түгел қоршауға алын­­ды. Тәртіп сақшылары мен солдаттар енді ешкімді де Орталық алаңға өткізбейді. Бос­­тан-босқа қақтығысқа ұрынып, жазаға тар­­тыласыздар, – деп А.Жолмұхамедов жи­нал­ған жұрттың үрейін ұшырғысы келген­дей, ызғарлы дауыспен қатқыл сөйледі. Бұл қылығын өзі де кеш түсінгендей, одан әрі дауысын жұмсарта сөзін жалғады. 

– Мен ешкімді де қорқытайын деп тұрғаным жоқ. Дәл қазір қалыптасқан ахуалды айтып тұрмын. Міне, жолдың арғы бетінде облыс­тық кәсіподақтың ғимараты тұр. Оның бірнеше жүздеген адам сыятын мәжі­ліс залы бар. Сол залға кірейік. Талап­та­ры­ңыз­ды сол жерде айтыңыздар...

Кенет топты киіп-жарып, жүзі өрт сөн­дір­­гендей түтігіп кеткен қызыл көйлекті жас жігіт жылтыр қаңылтыр төселген сыр­ғанағышты екі-ақ аттап, биікте тұрған А.Жолмұхамедовке жетті. Облыстық атқа­ру комитеті төрағасының қолындағы мегафонды алып, жарықшақтанып шыққан дауысымен жиналған жұртқа айғай салды:

– Бауырлар, бүгін таңертең ерте Ерей­мен­тау қаласынан осы жиынға қатысу үшін соғыс және еңбек ардагерлері бастаған екі-үш автобус адам шығып едік. Жарты жолда қаптаған милиция автобусымызды тартып алып, адамдарды жаяу айдап алып кетті... Мен жол бойымен тығылып, кездейсоқ бір көлікпен зорға жеттім. Бұл не деген сұм­дық?!

Алаң толы халық буырқанған теңіз­дей толқып кетті. Енді бұл тасқынды тоқта­та­тын күш жоқ еді. Осыны түсінгендей А.Жолмұхамедов бастаған топ та үнсіз қалды. Сел тасқындай серпілген адамдар легі Орта­лық алаңға бет бұрды. Шымыр денелі ши­рыққан жас жігіттер тосқауылға қойыл­ған автобустардың тежегіштерін ағытып, жол жиегіне қаңбақтай жеңіл ите­ріп шығарды. Көлденең тұрған жүк машиналарын да көтеріп, адамдар тасқынына бөгет болмайтындай бұрып тастады. Жол­дың қос қанатында қаздай тізіліп тұрған қызыл жағалылар да нөпір халыққа қарсы тұра алмай, кейін шегінді.

Орталық алаңға бет алған шерудің ал­дың­ғы легінде кеуделері орден-медаль­дар­­ға толған ардагерлер мен ардақты ана­лар келеді. Ленин көшесімен қоз­ғал­­ған негізгі шеруге жол бойы облыс орта­лы­ғындағы «Целиноградсельмаш», «Қазақ­­сельмаш» сияқты ірі зауыттардың, М.Мәметова атындағы тігін фабрикасының жұмыс­шы­ла­ры топ-топ болып, қосылып жатты.

Сағат таңертеңгі ондар шамасында мың­даған адамды топтастырған қарсылық шеруі Орталық алаңға келіп кірді. Сол бойда «Қазақ жері бөлінбейді!», «Неміс автономиясына жол жоқ!» деген ұрандарды айғай­лап, алаңды айналып шықты. Содан кейін «Кеңестер үйінің» кіреберісіндегі биік сатының үстінде топталып тұрған облыс­тық партия комитеті өкілдерінің алдына келіп тоқтады. Олар алаңға жиналған жұрт­тың атынан Целиноград облыстық партия коми­тетінің бірінші хатшысы Николий Моро­­зовтың халықтың алдына шығуын талап етті.

Бір сәт бірнеше мыңдаған адам жинал­ған Орталық алаңда «шыбынның ызыңы есті­летіндей» тыныштық орнады. Алаң толы халық та, оларға қарама-қарсы биік саты­ның үстінде сірескен билік те үнсіз. Таң­ертеңнен бері жұбымыз жазылмай келе жатқан Мағау, Мәмет және мен ше­ру­­дің алғашқы легінде, саты үстіндегі сірес­кен билік тобына жақын тұрып қа­лып­­пыз. Иықты езген ауыр минуттар баяу жылжып, уақыт та бір орында тұрып қал­ған­дай. Қауіпті тыныштық тұмшалаған текетірес тым созылып барады. Әлдебір арандатушы шығып, «Аттан!» десе, алаң атылуға дайын тұр. Осыны сезгендей, қол­да­рына дауыс күшейткіш рупор ұстаған ұйымдастырушы жігіттер алаңды аралап, әлсін-әлсін халықты сабырға шақырып жүр.

Алайда алаңды тұмшалаған тыныштық тым қорқынышты еді. Жұрт осылай түнеріп тұра берсе, бір жарға ұрынары анық. Дәл осы сәтте алаң толы адамның қалың ортасынан бір әсем қоңыр дауыс Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін әуезіне келтіре бастап жіберді. Сол-ақ екен, бүкіл алаң қазақтың ұлттық ұранына айнал­ған қасиетті әнді мыңдаған дауыспен қосы­ла шырқап кетті.

Үрейлі тыныштық күрт сейіліп, жұрт жігер­леніп сала берді. Алаң ән ырғағымен тербе­ліп, қозғалысқа түсті. Қарсылық шер­уі­не шыққан жұрт бұдан кейін де «Менің Қазақ­станымды» бірнеше рет қосыла шыр­қады. Неміс автономиясына қарсы ереуіл­ге шыққан халықтың Орталық алаңға аяқ басқанына да бір сағаттың жүзі болды. Бірақ облыстық партия комитетінің бірін­ші хатшысы Н.Морозовтың жұрттың алдына шығатын түрі жоқ. Кенет дауыс күшейт­кіш ұстаған жігіттердің бірі «Морозов» деп айғай салды. Жұрт оны іліп әкетті. «Морозов» деп айғайлаған мыңдаған дауыс­тан дала дүркіреп, «Кеңестер үйінің» терезелері діріл қақты.

Сағат тілі 11-ден ауғанда, билік тобы тұр­ған баспалдақ үсті қарбаласқа түсті. Сәл­ден кейін Н.Морозов пен А.Жол­мұ­ха­медов бастаған облыстың бірінші басшы­ларының да қарасы көрінді. Билік тобы арасындағы әлгі бір қарбаласта кең бас­палдақтардың үстіне дауыс күшейт­кіш­­тер қойылып, микрофон орнатылып үлгерілген екен. Алдымен микрофонға А.Жолмұхамедов келіп, халық талабы бойынша ұйымдастырылған митингті ашық деп жариялап, бірінші сөзді Н.Моро­­зовқа берді. «Қымбатты жолдас­тар! Кеше бейбітшілік сүйгіш еліміздің қо­ғам­­дық өмірінде, жалпы бүкіләлемдік қоғам­дас­тықтың өмірінде ерекше оқиға болды. Венада АҚШ президенті Джимми Картер мен КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы, қымбатты Леонид Ильич Брежнев стартегиялық қару-жарақты шек­теу жөніндегі ОСВ-2 шартына қол қойды. Бүгін алаңға осыншама халықтың жи­нал­ға­н­ын пайдаланып, осы бір ерекше оқиғаны барлығыңыздың назарларыңызға жеткізгім келеді...».

«Жоқ, біз ол үшін жиналғанымыз жоқ!», «Неміс автономиясы бола ма, жоқ па? Нақты жауап беріңіз!». «Біз енді алдағанға төзбейміз!» деп жан-жақтан қойылған сұ­рақ­тар мен айқайлай айтылған ұрандар Морозовтың сөзін тұншықтырып, ашық аспан астын жаңғырықтырып жіберді. Бірін бірі итермелей лықсыған халықтың алды билік өкілдері тұрған биік сатыға тіреліп, енді болмаса, аттөбеліндей мына үрейлі билік тобын жапырып өтіп, «Кеңестер үйін» төңкеріп кетердей еді. Қалыптасқан жағдайдың өте күрделі екендігін облыстың бі­рінші басшысы да түсіне қойды. Н.Морозов халықтың қаһарынан шын қаймықты. Оны билік тобынан қол  созым жерде тұрған біз де анық байқадық. Облыс басшысы енді түлкі бұлаңды бірден доғарып, ашық сөзге көшті.

– Қадірлі жолдастар! Мен сіздердің алда­рыңызға бірден шыға алмадым, жоғар­ғы жақтың нақты жауабын күттім. Жаңа ғана, сіздердің алдарыңызға шығар алдын­да мен Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Димаш Ахметович Қонаев­пен тікелей телефон арқылы сөй­лес­­тім. Сіздер маған сеніңіздер! КСРО Жо­ғарғы Кеңесінің депутаты ретінде, облыс­тық партия комитетінің бірінші хатшы­сы ретінде Қазақстанда ешқашан және ешқан­дай неміс автономиясын құру туралы мәселенің күн тәртібінде болмағанын және болмайтындығын ашық айтамын!.. – деді ол.

Жұрт бір сәт сілтідей тынып қалды. Қалың топтың ортасынан біреулер дуылда­та қол соғып жіберді. Оларға қосыла бүкіл алаң дүбірлете қол соқты. Біреулер «Ура­лап» айғайлап жатты. Сан мың алақан­дарды аямай соққанда шыққан құді­ретті үн жау қайырған мыңдаған тұл­пар­дың тұяқ дүбіріндей Орталық алаңды дүркіретіп жіберді. Халық бір-бірін қызу құт­тықтап жатыр. Жұбымыз жазылмай тұр­ған Мәмет, Мағауия үшеуміз де қайта-қайта құшақтасып, өзара айтуға сөз таппаймыз. Жас тұнған жанарларымыздан «Біз жеңдік!» деген шынайы қуаныш ұшқын­дай­ды!

Иә, бұл шын үлкен жеңіс еді! Қылы­шы­нан қан тамған Қызыл империяның қысас­тығына қарсы тұрған қазақ халқының алғашқы жеңісі! Жарты әлемге шексіз үстем­дігін жүргізіп, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып, ешқашан беті қайтып көрмегені Кеңес өкіметінің шеші­мін тұңғыш рет өзгерткен бірінші бүкіл­халықтық қарсылық күресі, бірінші бүкіл­ха­лықтық жеңіс еді!..

Арада екі аптадай уақыт өтті. Цели­но­г­рад қаласының Орталық алаңында неміс авто­номиялық облысын құруға қарсы ұйым­дастырылған қарсылық шеруіне қа­тыс­ты оқиғалар да көңілден көмескі тарта бастағандай еді. Шілде айының алғашқы күндерінің бірі болатын. Жұмысқа келген бетім сол еді, хатшы қыз келіп басшылық шақырып жатқанын жеткізді. Мен бас редактордың міндетін атқарушы бірінші орынбасар Октябрь Әлібековтің бөлмесіне келдім. Жауапты хатшы Рамазан Ахметов екеуі макет қарап отыр екен.

– Сені облыстық партия комитетінің үшін­ші хатшысы Есмағамбетова шұғыл шақыр­тып жатыр. Не бүлдіріп қойып едің?! – деді Өкең бірден зіркілдей сөйлеп.

Мен аң-таң болып, басымды шайқадым. Облыстық газеттің елеусіз жүрген қатар­да­ғы кіші әдеби қызметкерінің облыс басшысына не үшін қажет бола қойғанын біле алмай, газет басшылығы да дал болды.

– Кезектен тыс үй берейін деп жатпаса? – деді Рахаң дүдәмал дауыспен. – Оған мұның қатысы қанша?! – деді Өкең бірден қи­сынсыз сөздің қиюын қашырып.

– Жарайды, кіреберістегі милицияның алдында аты-жөнің жазулы. Бар енді! – деді Өкең бұйыра сөйлеп.

Мен шұғыл бұрылып, бөлмеден шық­тым. Обкомға жеткенше санамды сан­сы­рат­қан сансыз сұраққа бір тиянақты жауап таппай қиналдым. «Суға кеткен тал қарамайды дегендей», әйтеуір, Рахаңның «кезектен тыс үй беретін шығар» деген дүдәмал үмітін дәтке қуат етіп келемін. Үшінші хатшы оты­ратын бөлменің қарсы алдындағы ұзын дәлізде мені облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің сектор меңгерушісі Сабыр Сипатов қарсы алды. Бас редакторымыз Әмірғали Нүркішевтің үйінде бір-екі рет көрген жүзі таныс, салиқалы да инабат­ты ағамыз еді.

– Бүгін Мағауия Сейіловна болмайды. Менің бөлмемде қауіпсіздік комитетінің адам­дары отыр. Сенен жауап алмақ. Мау­сымдағы қарсылық шарасына қатыс­қа­ның­ды біледі екен. Шамаң жеткенше ештеңені мойын­дамауға тырыс. Артық сөйлеме, нақты жауап бер! – деп Сабыр аға өзінің бөлме­сіне жеткенше асыға сөйлеп, маған мән-жайды барынша түсіндіріп бақты.

Бөлменің есігін аша бергенде, Сабыр аға мені жігерлендіргендей қолымның сыртынан бір қысып, ішке кіргізді. Ұзын үстелді жағалай түрі сұсты төрт адам отыр екен. Отырғандардың үшеуі орыс, біреуі қазақ, бәрі де галстук тағып, костюм киген. Әскери киінген бір адам жоқ.

– Мына кісілер 16 және 19 маусымда Орталық алаңда болған митингтің жай-жапсарын білу үшін Москвадан арна­йы ке­ліп отыр. Сіз 16 маусымда Орта­лық алаңда болған екенсіз. Көрген-білген­де­рің­із­ді жасырмай айтып беріңіз, – деді Сабыр аға жоғарыда отырған адамдарды қолымен нұс­қап, барынша сабырлы дауыспен тіл қатып. Осыны айтты да ол отырғандарға сәл иіліп, үнсіз шығып кетті.

– Как фамилия, имя и отчество? Где и кем работаете? – деп төмендеу отырған ши­кіл сары орыс алдында жатқан қағазға шұқ­шиып, маған дүрсе қоя берді.

– Зачем так официально, капитан?! Мы здесь без протокола просто беседуем, – деп төрде отырған қасқа бас, қызыл шырайлы сары кісі ескерту жасап, қолын шошайтты.

– Виноват, товарищ полковник! – деп шикіл сары капитан орнынан ұшып тұрды. «Отыра бер» дегендегі қызыл шырайлы пол­ковник оған тағы да қолын сілтеп, бар зейі­німен маған бұрылып, жымия сұрақ қойды.

– Как вы оказались в тот день на площади? Когда и от кого слышали о предстоя­щей акций?

Мен Сабыр ағам айтқандай, барынша қысқа сөйлеп, нақты жауап беруге тырыс­тым. Сол күні таңертең алаңға редак­цияның тапсырмасымен кәсіптік-тех­никалық училище түлектерінің салтанат­ты мерекесінен репортаж жазу үшін барға­ным­ды, ешқандай қарсылық митингісі болатындығын естімегенімді, бұл акцияға кездей­соқ куә болғанымды айттым...

– Хватит! Прекрати увиливать, я задал кон­керетный вопрос. Когда и от кого слышал о предстоящей акций? – деп ашулы пол­ковник менің сөзімді бөліп, ызғарлана дауыстады. Сол-ақ екен жан-жақтан зілді айғай­лар жауып кетті. Жаңа ғана «сіз» деп сызыл­ған мәдениеттіліктен із де қалмады. «Қарсы­лық митингінің болатынын кім айтты? Алаңға шығуға үгіттеген кім? Шеруді ұйым­дастырушылар туралы не білесің? Лис­товка таратушылардың қатарында кім­дер болды? Басшыларың кім?», деген сияқты сансыз сұрақ нөсердей жауып, есім­нен тандырды. Бір-бірлеп сұрақ қойса, бір жөн ғой. Төртеуі төрт жақтан зіркілдеп, ойлануға мұрша бермеді.

Әзірейілдей зіркілдеген төртеудің талауына түскеніме екі сағаттың жүзі ауды. Қиналғаным соншалық, қара терге малшындым. Сығып алардай суланған ақ көйлегім денеме жабысып, маңдайымнан аққан тер алдыма тырс-тырс тамады. Төртеумен тіресуге енді менде де қауқар қалмаған сияқты. Көзім қарауытып «ес кетіп, жан шықты-ау» деген бір мезетте еңгезердей бір орысты ертіп, бөлмеге Сабыр ағам кірді. Келген адам төрде отырған полковник­ке әлденелерді айтып, қайтадан есікке беттеді. Отыр­ғандар түгел өре түрегеліп, оның соңы­нан ілесуге ниеттенді. Осы кезде полков­ник маған бұрылып бұйыра қысқа-қыс­қа тіл қатты: «Ты можешь идти. Завтра ров­но в десять часов будь здесь!»...

Ертеңіне салым суға кеткендей солбы­ра­йып, Сабыр ағаның бөлмесіне тағы келдім. Ұйқысыз өткізген түннің салдарын әшкерелеп, көзім кіртиіп, ұнжырғам түсіп тұрған маған Сабыр аға бір сәт тесіле қарап қалды. Ол кісі шынылары лупадай қалың, қоңыр көзәйнек киетін. Қалың шыны­лардың сыртынан әнтек үлкен болып көрінетін көз жанарлары маған жылы шы­райын төге қарап, «Бір күннің ішінде осын­­шама неге жүнжіп кеткенсің?! Ер жігіт­тің басынан нелер келіп, нелер өтпейді. Азаматқа бұл лайық емес, көтер еңсеңді!», деген ағалық ақылын үнсіз ұқтырғандай еді.

Кенет Сабыр ағаның алдындағы екі-үш ақ телефонның бірі шыр ете түсті. Ол кісі телефон құлағын көтерер, көтерместен қайта қойып, асығыс бөлмеден шығып кетті. Сүт пісірімдей уақыттан кейін қайта орал­ған Сабыр аға маған қарап, ақырын жы­миды.

– Қазір Есмағамбетованың бөлмесіне бара­мыз. Кешегі тергеу шарасы енді сон­да жал­ғасатын болады. Осында айт­қан­да­рыңнан жаңылма. Ерік-жігеріңді жи! Қатты жаза қолдана қоймас, қорықпа, – деп ме­нің иығыма қолын салып, ақырын сілкіп қойды. Асыл аға менің жігерімді жанып, «қанатымен су сепкен қарлығаштай» қамқор­лығын танытып-ақ жүр.

Үшінші хатшының атшаптырым үлкен кабинетінің оң жағындағы ұзын үстелге полковник бастаған төртеу жайғасыпты. Үстел­дің бас жағында жауар бұлттай түне­ріп, облыстың үшінші басшысы отыр. Өзі сүйкімсіздеу қара кісінің ашудан түтіккен жүзіне қарауға адамның дәті шыдамайды екен. Барлық басшылардың бұл кісінің алдында неге ығатынын енді түсінгендей едім.

Кешегі шикіл сары капитан мені қолы­мен ымдай шақырып, үстелге жақындатты. Үстел­дің үстінде ыбырсып жатқан сурет­тер­дің бірін нұсқап:

– Мына тұрған сен емессің бе?! Енді несіне жалтарасың? – деді.

Иә, суреттердің бірінде Мағау досым екеуміздің бейнеміз анық көрініп тұр. Бұл 16 маусым күні қарсылық шеруінің орта­сында темір жол вокзалына бара жат­қан­да Бейбітшілік көшесінің көпқабатты үйле­рі­нің балконынан түсірілген сурет екенін де жаз­бай таныдым.

Тағы да жан-жақтан зіркілдеген сұрақ, айғайлаған айыптау төпелеп барады. «Төрт күн қарсылық шараларының бел ортасын­да жүргенде, ұйымдастырушыларды біл­меуің мүмкін емес. Әлі басың жас, бола­ша­ғың алдыңда, бәрін түзетуге болады... Кім сені қарсылық акцияларына тартты? Ұйымдастырушыларды айт?..». Мен алда­ғы күні айтқандарымнан жаңылмадым. Кейде үнсіздік танытып, кейде «кездейсоқ кел­дім», «ешкімді білмеймін» деген қысқа жауап­тармен қасарысып тұрып алдым.

– Сен кімсің ей өзі?! Қайдан шыққан жаусың? – деп кенет бағанадан төрде үнсіз түнеріп отырған Есмағамбетова үс­тел­ді бір қойып, орнынан атып тұрды. – Облыстық партия комитетінің органына қалай жұмысқа кіріп жүрсің. Кім жұмысқа қабыл­даған? Саяси бюроның шешіміне күдік келтіретіндей кімсің сен! «Көзіңе көк шы­бын үймелетіп» жазалаймыз...

 Үшінші хатшы бұдан кейін де жер теп­кі­леп, үстелді қойғылап, ұзақ айқайлады. Ешкімді бетіне қаратпай, ешкімнің аузын аштырмай, мені түтіп жейтіндей жерден алып, жерге салды. Үшінші хатшының қаһа­рынан қорыққаным сонша, жаздың күні аязға шалдыққандай қалтырадым. «Ма­ғауия Есмағамбетованың қаһарына ілікпе, бір іліксең біткенің», деуші еді біле­тіндер. Шынымен жағдайымның қиын­да­ға­ны ғой...

– Жолдас полковник, бұл жігіттің мәсе­ле­сін енді бізге қалдырыңыз. Бұл біздің қателігіміз, біз жіберіп алған кемшілік. Сон­дықтан өз кемшілігімізді өзіміз түзе­ту­ге мүмкіндік беріңіздер. Бұл енді мұн­дай шараға қатыспақ түгілі, Орталық алаң­­­ның ығынан жүрмейтін болады. Көз­қа­расын өзгертпейтін болса, ешқандай жер­ге жұмысқа қабылдамай қаңғыртамыз. Келісесіз бе, жолдас полковник?! – деп үшінші хатшы оң жағында отырған полковникке бұрылып, оған тура қарады. Ол Мағауия Сейілқызы Есмағамбетованың шатынай от шашқан өткір көздеріне тура қарай алмай, басын изей берді...

Мен үшінші хатшының бөлмесінен «жердің үстімен келіп, астымен шыққандай» болдым. «Сен ертең редакцияға бар да, алаң­сыз жұмысыңды істей бер. Бұл жерде болған әңгімені редакциядағы бірде-бір адам білмейтін болсын. Октябрь Қайыр­ұлы­мен өзім сөйлесемін», деп Сабыр аға сыбырлай сөйлеп мені дәлізге дейін шыға­рып салды...

Міне, содан бері тура қырық жыл уа­қыт өтіпті. Ардақты ағаның шынайы қам­­­қор көңілі мен сабырлы қоңыр дауы­сы санамда әлі сайрап тұрғандай! Ойлап қарасам, сол бір күндері Сабыр Сипатов пен Мағауия Есмағамбетова менің арын­да­ған жас өмірімді миллиондардың тағ­дырын тәлкек еткен қанқұйлы «үш әріп­тің» жезтырнағынан құтқарып, қатал тота­ли­тарлық жүйенің мемлекеттік жазалау машинасының темір табанына түсуден сақтап қалған екен ғой...

1979 жылғы маусым көтерілісінің тари­хи маңызына келетін болсақ, оның бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін өлшеусіз тағдыр­шеш­ті әсері болғандығы даусыз. Егер Мәс­кеу шешімін өзгерткен маусым оқиғасы болмаса, қазір тәуелсіз Қазақстанның қақ төрінде, ел астанасының дәл іргесінде дербес Неміс автономиялық республикасы өмір сүретін еді... Оны көзге елестетудің өзі қандай қорқынышты?! Егер дәл сол бір 1979 жылдың маусым күндері КОКП ОК Саяси бюросының солақай шешіміне дер кезінде тойтарыс берілмегенде, халықтар достығының «лабораториясына» айналған Советтік Қазақстанда келесі кезекте тағы бір автономиялық облысты ұйымдастыру күн тәртібіне қойылатыны әбден мүмкін мәселе еді. Ал қабылданып кеткен шешімнің қателігін түзеу әрекеті орны толмас ойранға ұрындыратынын Әзербайжандағы Таулы Қарабах автоно­мия­лық облысының, Молдовадағы «Днестр жағалауы республикасының» ащы мысалдары арқылы уақыттың өзі көрсетіп отыр.

Иә, ХХ ғасырдағы халықтар түрмесіне айналған қызыл империя ұлттардың да, ұлыстардың да мүддесімен ешқашан санасқан емес. Кремль шешімі кеңестер құрамындағы халықтар үшін бұлжымас заң еді. Қазақстанда Неміс автономиялық облысын құру жөніндегі Саяси бюроның 1979 жылғы маусымдағы шешімі де бұлжытпай орындалуға тиіс осындай пәрмен болатын. Бірақ қасиетті жерін қызғыштай қорғай білетін қазақ халқы ұрпағының киелі мұрасы үшін басын бәйгеге тігіп, қылы­шынан қан тамған Қызыл империяға қарсы шықты. Қарсы келгенді қанға бөкті­ретін тоталитарлық жүйенің мұндай қарсы­лық­ты кешірмейтінін де білді. Алайда тарих таразысы азаттық сүйгіш адал халық­тың мүддесін қорғап, әділеттілік салта­нат құрды. Қасиетті қазақ жерінің тұтас­ты­ғы сақталып қалды. Міне, 1979 жылғы «Ақмола көтерілісінің» Тәуелсіз Қазақстан шежі­ресіндегі тарихи да, саяси да маңызы осын­да.


Сурет жазушы А.Кәкеннің «Шыр­ға­лаң» кі­та­­бы­нан алынды.