Әлем • 10 Маусым, 2019

Форумда жалғасқан жарастық

281 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

АҚШ президенті Дональд Трамп Ұлыбританияға барған сапарында «Брекситті» қатты қолдап, Англия Еуроодақтан шыққаннан кейін екі ел­дің арасындағы экономикалық қарым-қатынастың тереңдей түсе­тініне сенім білдірген.

Форумда жалғасқан жарастық

Алайда бұл сенім оңай іске аспасы мәлім. Алдымен ЕО мен Англияның ажырасуы туралы Брексит жоспа­­рын парламент қолдаған жоқ. Сол үшін премьер-министр Тереза Мэй өзінің отставкаға кететінін де жа­риялаған. Ал Трамптың сапарына Лондон жұртшылығы белсенді қар­сылық көрсетіп, 200 мыңдай адам кө­шеге шықты. АҚШ президентін мазақ еткен плакаттар мен үрленген шарлардың арасында оны Твиттер жазып отырған балақай бейнесінде көрсеткен мазақтар да болды. Бірақ қалай десек те, оны Британияның ханшайымы Елизавета ІІ қабылдап, лайықты құрмет көрсетті.

Дональд Трамп Англиядан кейін Ирландияның премьер-министрі Лео Варадкармен де кездесіп, ке­ліссөз жүр­гізген еді. Осы кездесуде де ол Ұлыбритания мен ЕО-да қала бе­ретін Ирландия арасындағы бола­шақ шекаралық кедергілердің тез енгізілуінен үмітті екенін айтып, оны АҚШ пен Мексика арасындағы проблемаларға теңеп, шалыс бас­ты. Оған Ирландияның премьер-министрі Лео Варадкар іле жауап беріп, «екіжақты шекара – біздің бас тартқымыз келетін дүние сол» деген. Сөйтіп аңдамай сөйлеген Трамп дипломатиялық тұрғыдан тойтарыс алып қалды.

Дональд Трамптың сауда соғы­сын бастаған саясаты Қытайдың да Ресеймен жақындаса түсуіне оң ық­палын тигізіп, сайып келгенде, ол АҚШ-тың өз экономикасына соқ­қы болып тигелі жатыр. Өйткені бұ­рын АҚШ-тан алып келген кейбір ауыл­шаруашылық өнімдерін, түрлі шикізаттарды Қытай енді Ресейден алуға бет бұрып, өз рыногын ашуды көз­деп отыр.

Ресей Ғылым академиясы­ Қиыр Шығыс институтының директо­ры Сергей Лузяниннің айтуына қа­ра­ғанда, «АҚШ-тың Қытайға қар­сы жасап отырған сауда соғысы Ре­сей-Қытай қарым-қатынасының өз­ара іс-қимылын дамытуда жаңа мүм­кіндіктер ашады». Оның пікірінше, бұл мүмкіндіктер агротехникалық коопера­ция, инвестициялық ынты­мақтастық, өзара сауданы дамыту салаларын және Үлкен еуразиялық кеңістікті ЕАЭО шарттары және Қы­тайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамалары шеңберінде бірлесе игеруге жол ашады. «Біздің болжамдарымыз бойынша бұл мүмкіндіктер Ресей мен Қытай арасындағы тауар айналымын 27-30 пайызға дейін арт­тырып, 135-137 млрд долларға жет­кізеді», дейді С.Лузянин.

Алайда осындай оптимистік бол­­­жамдармен қатар пессимистік сәуе­­гейлік білдірушілер де Ресей қо­ғамында аз емес. Мәселен, экономика министрлігі АҚШ пен Қытай­дың сауда соғысы кесірінен сұраныс төмендеп, Ресейдің шикізаттық емес экспорты азаюы мүмкін деген бол­жамдар айтқан. «Фридом Фи­нанс» зерттеу орталығының сарап­шысы Александр Овчинников сауда соғысының салдарынан Қы­тай­дың сұранысы төмендесе, Ресей­дің мұнай, көмір, темір, никель сияқ­­ты шикізаттар экспортының по­­­­­­зициялары азаятынын айтады. «Ре­сейдің Қытайға экспорттайтын ауыл шаруашылығы мен орман ша­руа­шылығы тауарлары және өң­дейтін ши­кізаттары да азаяды», дей­ді тағы бір сарапшы Антон Покатович.

Екі елдің арасында АҚШ ықпа­лымен қалыптасып отырған осындай экономикалық жағдайда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин биылғы 5 мау­сымда Ресей Федерациясына ресми сапармен келді. Қытайдың «Синьхуа» агенттігінің хабарына қарағанда, ол «саудадағы протекционизмге қарсылығын көрсетіп, көпжақты еркін сауданың дамуын қолдап, ашық түрдегі әлемдік экономика құруды жақтайтынын білдіріп, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің шақыруымен Санкт-Петербургтегі халықаралық экономикалық форумның жұмысына қатысады». Агенттік Петербург фо­ру­мын осы заманғы қауіп-қатер­лер­ мен өзекті мәселелерге қар­сы ха­лық­аралық диалог құруға мүм­кін­­­­дік беретін әлемдегі жетекші алаң­­дардың бірі деп жоғары баға берген.

Осы арада сонау, Ельцин заманынан, яғни 1997 жылдан бері үзбей өткізіліп келе жатқан Петербургтің халықаралық экономикалық форумы жөнінде айта кетуге тура ке­­­­­­­­­ліп тұр. Жыл сайын шамамен 120 елден 10 мыңға жуық адам қа­ты­­­сатын бұл шара Ресейдегі ең үл­кен экономикалық форум бо­лып есептеледі. 2005 жылдан бері мемлекет басшысының өзі үз­бей қатысып келе жатқан форумға ре­сейлік және шетелдік ірі компания­лар басшылары, президенттер мен саяси көшбасшылар, үкімет бас­шы­лары мен министрлер, губернаторлар келеді. Форумның не­гізгі мақсаты – Ресей және басқа ел­дердің арасында бизнестің дамуы­на қарсы кедер­гілерді қалай еңсерудің жол­дарын анықтау. Онда қатысушы ел­дердің үкімет, қоғамдық ұйымдар мен бизнес қауымдастығының өкіл­дері экономиканың дамуы мен көп­жақты тиімді өзара ын­ты­мақ­­­тас­­тықтарды нығайту мәселе­ле­рі бойынша пікір алмасып, жа­һан­­­­­дық экономикалық тәртіптер па­радигмаларының өзгеруін, әлем­­­дік сауданың тұрақтылығын, жаһан­данудың болашағын және т.б. өзекті мәсе­лелерді талқылайды.

Бұл форумға Қазақстан  Респуб­ликасының Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев 2007, 2008, 2011 және 2016 жылдары төрт рет қатысқан еді. Басқа да ТМД мемлекеттерінің басшылары 2-3 реттен түгел қатысты, ал Қытай Ха­­лық Республикасының төрағасы бұған дейін бір-ақ рет, 2011 жылы ғана келген болатын. Ол кездегі төраға Ху Цзиньтао еді. Ал АҚШ президенттері бұл форумға бірде-бір рет келген емес. Әлемдегі үшінші эко­номика саналатын Жапонияның көш­басшысы Синдзо Абэ былтыр бірінші рет қатысты.

Си Цзиньпин мен Владимир Пу­тин алдымен Кремльде кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. Кез­десудің қорытындысы бойынша жа­саған мәлімдемеде Си Цзиньпин «Қытай мен Ресей қатынасы қазір өз дамуының үздік кезеңін бастан кешіп отырғанын» айтты. Ресей президенті Владимир Путин АҚШ пен Қытай арасындағы кикілжіңнің үдей түсуі аясында Мәскеу мен Бейжіңнің әріп­тестігі «өте жоғары деңгейге жетіп отыр» деп жария­лады. Сонымен бірге ол барлық әлем­дік мәселелер бойынша Ресей мен Қытайдың ұстанымдары жа­қын еке­нін атап өтті.

Екі көшбасшының кездесуі туралы ақпарат жазған Ресей прези­дентінің ресми сайты «Кремлин ру» да бұл кездесу туралы ең жақсы, ең жылы сөздерін де аяп қалмапты. Екі алып елдің де ортақ қарсыласы үшінші алып болып отырғанда өзара жақын­дасу жолында екі жақ аянып қалмайтын секілді.

Ал Қытайдың «Синьхуа» агент­­­тігі Си Цзиньпин сапары алдында жазған деректерінде Д.Трамптың кикілжіңі салдарынан 2019 жылғы сауда көлемі 2,7 пайызға төмендеу болжамы бар екенін айтқан. Сонымен бірге оның унилатерализм (біржақты доктрина) мен протекционизмінің кесірінен АҚШ бүкіл әлемде кикілжіңдер тудыруға себеп болып отырғаны айыпталған.