Сайлау • 10 Маусым, 2019

Байқаушылардың пікірі оң

674 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент сайлауының барынша ашық өтуін қадағалау мақсатында Қазақстанға шетелдерден бірқатар байқаушы келгені мәлім. Еліміздегі ең алып мегаполис саналатын Алматыдағы қызу саяси науқанды бақылауға 80-нен астам халықаралық сарапшы қатысты. Шаһардағы 563 сайлау учаскесіне 1 миллион 130 мың 792 сайлаушы тіркелген. Учаскелер тасымалданатын және тұрақты сайлау жәшіктерімен, қажетті ақпараттық материалдармен толықтай қамтылды.

Байқаушылардың пікірі оң

«Қазақстан» қонақүйінде журналистермен баспасөз мәс­лихатын өткізген Польшадан кел­ген байқаушы Виолетта По­ровсканың сөзінше, мемлекет тарихындағы тағдыршешті оқиға барлық талаптарға сай өтті.

«Қазақстан сайлауға жо­ға­ры деңгейде дайын­далған. Халықаралық байқау­шылар­дың жұмысына ешқандай шектеу қойылған жоқ. Біз бір-бірімізбен еркін пікір ал­масып, барлық процесті ба­қы­лап отырдық. Мен бір учаскеде 47-ші байқаушы болып қатыстым. Бұл дегеніңіз сайлауды көптеген елдің бай­қау­шылары бақылап отыр­ды деген сөз. Сайлау әділ әрі ашық өтіп жатыр деп айта аламын. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тарихи оқиғадан тыс қалмауы ескерілгені қуан­­­тады», дейді Виолетта По­ровска.

Румын елінен келген қос бірдей байқаушы Триф Рареш пен Юркан Жонаш Флориш те осы пікірге тоқайласты. Алма­тыдағы 10 сайлау учаске­сіне барып, процесті өз көздерімен бақылаған сарапшылар ешқан­дай заңбұзушылық әрекетін байқамағандарын жеткізді.

«Маған Қазақстандағы сайлау процесін бақылау өте қызық болды. Сайлауға жастардың белсенді түрде қатысқанын анық байқадым. Бұл – жас буынның ел ертеңіне немқұрайлы қара­май­тынын аңғартса керек. Түс­ке дейін сайлаушылардың 20 пайы­зы дауыс беруге келді. Бұл – өте жоғары көрсеткіш», дейді Юркан Жонаш Флориш.

«Ешқандай заңға қайшы жағдайды байқаған жоқпын. Тек бір әйел азамат өзін дауыс берушілер тізімінен таппады. Ондай жағдайлар жиі болып тұрады. Сайлаушылардың арасында студенттердің кезекте тұрғанын бақыладық. Бұл – азаматтық қоғамдағы демо­кратияның салтанат құрғанын көрсетеді», деді Халықаралық Адам құқықтарын қорғау ұйы­мының кеңесшісі Рареш Триф.

№40 мектепте орна­ласқан сайлау учаскесіне отбасымен келіп таңдау жасаған қала әкімі Бауыржан Байбек болашағымызды айқындайтын сәтте елім деген әрбір азамат сайлаудан қалыс қалмау қажет дейді. Бұдан бөлек Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева сынды өнер майталмандары барша қала жұртшылығын белсенді болуға шақырды. №54 сайлау учаскесінде дауыс берген елі­міздегі «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, пиа­нист Рахат-Би Әбдісағын ел­дің жарқын болашағы үшін сай­лауға Италиядан арнайы ұшып келгенін айтты.

Тағы бір айта кетерлігі, айтулы күні қаладағы бар­лық қоғамдық көліктер жолау­шы­ларға тегін қызмет көрсетті.

 Арман ОКТЯБРЬ,
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ