Жалпы, «Аманат» платформасы өз жұмысында бес бағытты таңдаған – даярлық, адалдық, кәсібилік, диалог және сенім. Осы бағыттардың әрқайсысы бойынша платформа белсенділері күні-түні тынбай жұмыс істеген.
Брифинг барысында сөз алған платформа әкімшісі Лима Диас сайлау барысындағы анықталған бұзушылықтарға да тоқталып өтті.
– Сайлау барысында бұзушылықтарға қатысты 165 ауызша ескерту жасалды, оның бәрі дер кезінде жойылды. Қосымша 18 ескерту сол арада түзелген жоқ немесе бұл кемшіліктер елеулі саналып, олар бойынша актілер толтырылған. Сол 18 актінің ішінде 8-і сайлау жәшігіне топтап бюллетеньдер салуға қатысты болды, – деді Л. Диас. Бұл ретте ол сайлаудың Қазақстан үшін ерекше болғанын атап өтті.
Платформа әкімшісі Президент сайлауында жастардың өте белсенді болғанын да сөз етті. Әсіресе өз ықтиярымен байқаушы болуға ынта білдіргендер саны көп болған.
Ұйым өкілдері өз жұмыстарының басты жетістігі ретінде еліміз бойынша ең көп тәуелсіз байқаушы даярланғанын атап өтті. Мәселен, «Аманаттың» 11 мыңға тарта байқаушысы еліміздегі сайлау учаскелерін толық қамтыған.
«Аманат» платформасының өкілдері сайлаудан түйген ойларын қорыта келе, бірнеше маңызды мәселені іріктеп алған. Атап айтқанда, қазақстандық сайлаушылардың еліміздің заңнамаларынан хабарсыздығы, тәуелсіз байқаушылардың сайлау заңдылықтарын талап ете отырып, өздері сақтамайтындығы анықталған. Осыдан келіп қоғамға құр айқайшы емес, заңды білетін адамдардың қажеттігі туралы пікір қалыптасқан.
Платформа өкілдері сондай-ақ байқаушыларға саяси мәдениеттілік артықтық етпейтініне көз жеткізген.