Президент • 11 Маусым, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды

5010 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 22.00-де Орталық сайлау комиссиясы 9 маусым күні өткен Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауының қорытындысын жария етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды
Екі айға созылған сайлау науқанының ресми қорытындысын Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен хабарлады.

Оның баяндауынша, облыстық, рес­публикалық маңызы бар қалалардың және астананың сайлау комиссияларының дауыстарды санау нәтижелері туралы хаттамалары Орталық сайлау комиссия­сына толығымен келіп түскен. Оның қорытындысы бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны 9 млн 274 мың 034 адамды құраған. Оның ішінде дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны 22 427 немесе барлық сайлаушылардың 0,19 пайызы болған.

Сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны 105612 немесе сайлаушылардың 0,88 пайызы болған. Ал жарамсыз деп танылған сайлау бюллетеньдерінің саны 71 624 немесе барлық бюллетеньдердің 0,59 пайызын құраған. Сонымен қатар жойылған бюл­летеньдердің саны – 793 010. 

– «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 66-бабы 2-тармағы 1-тармақ­шасына сәйкес сайланған Республика Президенті болып дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан артық дауыс алған кандидат танылады. Осы нормаға сәйкес 2019 жылғы 9 маусымда болған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының қорытындыларын анықтау туралы қау­лы жобасы дайындалды. Оған сәйкес «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 9-бабының 1-тармағына, 12-бабының 10-тармақшасына, 44-бабының 1-ші және 5-тармақтарына, 65-бабына, сонымен қатар 9 маусым күні өткен дауыс беруде аумақтық сайлау комиссияларының дауыстарды санаудың нәтижелері туралы хаттамаларының негізінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сайланған Президенті болып танылды. Қ.Тоқаевтың кандидатурасы үшін сай­лау­шылардың 6 млн 539 мың 715 дауысы берілді немесе дауыс берген сай­лау­шылардың 70,96 пайызы жақтады, – деді Л.Сүлеймен.  

Енді еліміздің заңнамасына сәйкес ОСК төрағасы сайланған Президентке Қазақстан Президентінің куәлігін тапсырады. 

Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы сайланған Президенттің ант беру күнін 2019 жылдың 12 маусымына белгіледі.

– Бүгін біз соңғы екі айға созылған сайлау науқанын қорытындыладық. Барлық деңгейдегі сайлау органдары Қазақстан Президентінің 2019 жылдың 9 маусымына белгіленген президенттің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі Жарлығын орындады. Сайлаудың соңғы нәтижелері айқындалды, Қазақстан Президенті сайланды. Барлығыңызды осы маңызды мемлекеттік оқиғамен құттықтаймын, – деген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев сөзінің соңында сайлауды ұйымдастырушыларға, ұлттық және халықаралық байқаушыларды сайлау үдерісінде ашықтық пен транс­поренттілікті қамтамасыз еткені үшін, ал белсенді сайлаушыларға позициялары үшін алғыс білдірді.