Аймақтар • 11 Маусым, 2019

Түркістан: жастардың тың жобалары қолдау тапты

980 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалында қайта даярлаудан өткен жас мемлекеттік қызметшілер өңірді дамыту бойынша әзірлеген жобаларын ұсынды. Облыс әкімдігінде өткен жиынында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев жобалар әкімдік тарапынан толық қолдау табатынын мәлімдеді.

Түркістан: жастардың тың жобалары қолдау тапты

Жобалардың басым көпшілігі туризм саласын дамытуға бағытталған. Мысалы, Жанбота Оразбаеваның «I-Shatyr» жобасы  ыстық климатты Түркістан қаласына арналған. Қ.А.  Ясауи кесенесі аймағында ыстықтан қорғайтын смарт шатырлар жүйесі туристердің көлеңкелеуіне арналған. Жобамен танысқан облыс әкімі бұл жүйені күз мезгіліне қарай іске қосу қажеттігін тапсырды. 

Ал «EKO-Jai» Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірі айлнасында туристер үшін шағын демалыс үйлерін салу жобасының авторы Нұрбол Мәметтің айтуынша, экологиялық үйлерде туристерге барлық жағдай жасалады. Жалпы құны 50 млн. теңгеге 10 үй салу ұсынылып отыр. 

«Zhan-Uia» жобасын ұсынған  Саматулла Нурила өңірдегі қарттар үйі мен балалар үйін біріктіру арқылы бала мен мейірімге мұқтаж жандарды жақындастыруға болады деп есептейді. Жобамен танысқан облыс басшысы келесі жылдан бастап Түркістан қаласынан жобаға қажетті ғимараттардың құрылыс жұмыстарын бастау қажеттігін тапсырды. Алдағы уақытта жүзеге асатын жобалардың тағы бірі - «EthnoVillage». Қаланың тарихи аймағына этноауыл салу көзделген бұл жобаның авторы Айжан Қоспаева туристерге қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен тағамдарын, төл ойындары мен қолөнерін таныстыруға мүмкіндік туатынын айтты. 

Ал «Таза сана, таза қала» жобасы –   Кентау қаласындағы тазалық жүйесін цифрландыруға бағытталып отыр. Жоба авторы Елнұр Ермановтың баяндауынша, қоқыс жәшіктеріне арнайы QR-кодтар қойылып, қоқыстың көбейгені, жәшіктің босатылған уақыты орталықтандырылған жүйеге хабарланып отыратын болады. 


Түркістан облысы