Туыс халықтардың түсініскенін жөн дерсің
Жұма, 8 наурыз 2013 7:32
Ақпарат құралдарының осыдан он бес жылға таяу бұрын түрмеге жабылған Күрдстан жұмысшы партиясының көсемі Абдолла Оджаланның күрд мәселесі шешілмесе, Түркияға қарсы 50 мың жасақшыны көтеремін деген мәлімдемесін жариялауы талай адамның жүрегін зырқ еткізгені анық.
Жұма, 8 наурыз 2013 7:32
Ақпарат құралдарының осыдан он бес жылға таяу бұрын түрмеге жабылған Күрдстан жұмысшы партиясының көсемі Абдолла Оджаланның күрд мәселесі шешілмесе, Түркияға қарсы 50 мың жасақшыны көтеремін деген мәлімдемесін жариялауы талай адамның жүрегін зырқ еткізгені анық.
Жалпы, бұл мәселе қазір ғана емес, көптен бері түркі дүниесі халықтарының жүрегінде түйткіл болып келе жатыр. Түркі дүниесінің басын біріктіру керек дейміз, сол жолда біраз шаралар жүзеге де асып жатыр. Ал сол түркі дүниесінің негізіндей болып отырған Түркияда түрік және күрд халықтарының тіл табыспай отырғаны жанға батады. Бұл жерде кінә кімнен дегеннен бұрын жұрт қалай болғанда да осынау түрік халықтары ішіндегі ең ірі екі тармағы тіл табысуы керек қой дегенді айтады.
Мұны да көп халық өз мысалына қарап айтады. Күні кеше КСРО дейтін алпауыттың ішінде болып, ұлттық сипатынан айырыла жаздаған талай халықтың тәуелсіздікке қол жеткен кезде оларға алғаш қолдау көрсеткен, адами тұрғыдан алып қарағанда, алғаш қуанған Түрік мемлекеті болды. Оны біздер, қазақтар да, ешқашан ұмытпаймыз. Тәуелсіздігімізді бірінші таныған түрік ағайындар деп айтудан жаңылмаймыз. Енді сол елде екі халық неге тіл табыса алмайды деп жүрек шіркін ауырады.
Әрине, үй ішінен үй тігу жарамайды, елді бөлшектеуге ұмтылу да жарамайды. Ешбір мемлекет жеке отау тіге қой деп өзінің бір пұшпағын ешкімге кесіп бере салмайды. Бірақ бір шаңырақтың астында келісіммен, сыйластықпен өмір сүруге болады ғой. Өмір сүріп жатқандар да аз емес. Оған мысал іздеп қиналмайсың.
Тарихқа үңілсек, осы Түркиядағы күрд халқының өкілдері, ақпарат құралдарындағы мәліметтерге қарағанда, олар ел халқының 18 пайызы екен, өткен ғасырдың аяғында бөлініп шығуды мақсат тұтып, біраз белсенді әрекеттерге барды. Оджалан басқарған Күрдстан партиясы оны қарулы күреспен жүзеге асыруды да ойластырды. Содан кейін бұл партия лаңкестік ұйым қатарына жатқызылып, оның қызметі тоқтатылды, ал көсемі Абдолла Оджалан өмірлік түрмеге жабылды.
Уақыт өзгерді. Көпшіліктің қарулы күрестен нәтиже шықпасына көзі жеткен соң, күрд халқының өкілдері осы ел ішінде автономия беруді, өздеріне түріктермен бірдей құқық берілуін, ұлттық мектептер ашуды, күрд тілінде БАҚ шығаруға рұқсат етуді талап ете бастады. Күрд халқының мұндай талаптарын артық деуге ауыз бармайды. Өз тілі, ұлттың құндылықтары үшін жаны ауырмайтын адам жоқ. Оның ішінде өзіміздің дініміздегі халықтың бұл жөніндегі талабы орындалып жатса, оған қуануың да керек қой дейсің. Мұндай талап Түркияда емес, басқа мемлекетте айтылып жатса, біз дауысымызды қаттырақ та шығарар едік.
Дегенде, соңғы кезде түрік және күрд ағайындардың арасындағы қарым-қатынаста түсіністікке бағытталған әрекеттердің пайда болғаны қуантатын. Тіпті парламенттегі күрдтік Бітім және келісім партиясы депутаттарының Оджаланмен кездесуіне мүмкіндік берілуі де жақсылықтың нышанындай еді. Бірақ жоғарыда айтылған Оджаланның 50 мың жасақшыны көтеру пікірінің сол кездесу кезінде айтылғаны қынжылтады. Осыған орай Түркия премьер-министрі Реджеп Ердоғанның: «Бітімгершілік процесі өте нәзік нәрсе, мұндай қатқыл мәлімдеме оған пайда келтіре қоймайды», деген сөзінің жаны бар. Әрине, күрдтердің тілектері жылдамырақ орындалса деген талаптарын да түсінуге болар. Күрд өкілдері бұған дейін премьер-министр Р.Ердоғанды да, оның Әділдік және даму партиясын да қолдап келіпті, енді соның неге қайтарымы жоқ дегенді айтатын көрінеді.
Күрд дейтін халықтың тағдыры қиын-ақ. Әлемде 40 миллиондай күрд бар екен. Бірақ мемлекеті жоқ. Әр елде шашылып жүрген халық. Өз мемлекетіміз болса деген асыл арманы бар. Бір ауылдың халқындай ғана халқы бар мемлекеттер де бар (Науру, халқы 13,4 мың). Ал 40 миллиондай халықтың мемлекеті жоқ. Трагедия. Ең болмаса, халық деп санап, өз тілімізде оқып-жазуға мүмкіндік беріңдерші деп шырылдайды. Аяйсың.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».