Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Жұқпалы емес аурулардың алдын алу департаментінің бөлім басшысы Нәсима Жүнісованың айтуынша, 8 бен 14 жас арасындағы балалар арасында құлап және жол-көлік оқиғасынан жарақаттанатындар көп. 4 жасқа дейінгі балалар күйіп қалу, улану, тұншығу, электр тогына түсу және суға бату сияқты оқыс жағдайларға жиі ұшырайды. Өйткені бұл баланың ең тынышсыз кезі болып есептеледі. Жарақаттанудан мүгедек болып қалатын балалар да аз емес көрінеді. Кейбір жарақаттанудың ұзақ жылдардан кейін зардабы болатынын ескерсек, көрсеткіш арта түсетіні анық. «Жарақат алудың салдарынан мүгедек болу басқа инфекциялық емес аурулар бойынша 4-орында тұр. 2017 жылғы статистика бойынша, еліміздегі мүгедек балалардың саны 83 мыңға жеткен. Оның 10 мыңы осы жарақаттанудың себебінен болған. Бірақ көбінесе жарақат алған баланың мүгедектігі он шақты жылдан кейін байқалуы мүмкін. Сондықтан бұл статистиканы дөп басып айтуға келмейді», дейді Н.Жүнісова.
Маманның айтуынша, балаға алғашқы көмекті көрсететін ата-ана болғандықтан интернеттен қарап немесе біреуден естігені бойынша ем-дом жасауға болмайды. «Кез келген оқыс жағдайда балаға қандай көмек көрсету керектігін білген жөн және міндетті түрде дәрігерден кеңес алу керек. Сондай-ақ әрбір жағдайдан бала сабақ алатындай, қалай сақтану керектігін байыппен түсіндірген абзал. Мектеп пен балабақшаларда медбикелер ай сайын немесе тоқсан сайын әр жарақатқа талдау жасап отырғаны дұрыс. Мұндай сараптамаларды жүргізетіндер кемде-кем. Сараптамаға сай қай кезде қай бала жарақат алатынын анықтап, ата-анасына дұрыстап жеткізіп, мұғалімдердің де назарына салып отырса көп жағдайдан сақтануға болады», дейді Н.Жүнісова.
Былтыр ЮНИСЕФ еліміздің 8 өңірінде 14 жасқа дейінгі балалардың ата-аналары арасында сауалдама жүргізген. Сауалдамаға қатысқан 3000 отбасының 84 пайызы баланы қауіп-қатерден қорғаудың қиынға соғатынын айтқан. 82 пайызы инфрақұрылым сапасыз жобаланған деп санайды. 80 пайызы заңнама жеткілікті деңгейде сақталмайды және қорғалмайды деп ойлайды. ЮНИСЕФ және ДДҰ-ның жарақаттану, денсаулық және қоршаған орта мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшысы Джоан Винсентен сауалдаманы қорытындылай келе, балаға қауіпсіз орта қалыптастыру үшін ата-анамен қоса аталған мәселеге қатысты мемлекеттік органдар да күш салуы тиіс екенін жеткізді.
«Ата-аналардың айтуынша, балаларды қалт етпей қадағалап отыру қиын. Олар қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Үкімет пен қоғамның көмегі керек екенін алға тартады. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қатысты ережелердің қатаң бақылауда болуы, көліктердің жылдамдықты асырмауы, құрылыс кезінде мектеп, балабақша, балалар алаңының анағұрлым дұрыс жобалануы сияқты ұсыныстар айтылды. Мысалы, автокөлік орындығының кеңінен қолданылуы үшін тиісті мемлекеттік органдар оны жалға алуға немесе қолжетімді бағамен сатылатын орталықтарды құруға мүмкіндік туғызғаны жөн. Сондай-ақ сақтану шаралары мен әдістерін тек сабақ арқылы ғана жеткізіп қоймай, тәжірибе жүзінде де көрсету керек», дейді ЮНИСЕФ өкілі.
Ал Н.Жүнісова балалардың қауіпсіздігін сақтау үшін қарапайым тұрмыстық ережелерді сақтау аса маңызды екенін айтады. «Ата-аналар ойыншықты баланың жасына қарай таңдау, емізгенде абай болу, өзімен бірге алып жатпау, әсіресе кішкентай балаларды көзден таса қылмау деген сияқты қарапайым тұрмыстық ережені қатаң ұстануы керек. Баланы көлікпен алып жүргенде автокөлік орындығына отырғызу шарт. Оның өлшемінің бала жасына сәйкес келуі де өте маңызды. Бала далада ойнағанда, футболға барғанда тізеқап, велосипед мінетін болса шлем киюі керек», дейді ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі бала қауіпсіздігін арттыру мақсатында жүйелі жұмыс жүріп жатқанын жеткізіп, орталықтың жоспарымен де бөлісті. «Біз 2020-2023 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспарымызды дайындадық. Жарақаттанудың түрлері мен себептеріне талдау жасай отырып оқыту жұмыстарын жетілдіруді көздеп отырмыз. Яғни, ата-ана, тәрбиешілер мен мұғалімдер, көлік жүргізушілері сияқты баланың қауіпсіздігіне атсалысатын әрбір топпен бағытына қарай жеке-жеке оқыту жұмыстары жүргізілетін болады. Олардың әлеуетін арттыру да басты назарда. Ата-ананың әлеуметтік жағдайына да (жұмыссыз, жалғызбасты, тұрмысы төмен, т.б.) баса мән беру керек», дейді Н.Жүнісова.