Аймақтар • 12 Маусым, 2019

Қауіпсіз орта – бала өмірінің кепілі

2963 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үлкендерден «бала сынап сияқты, көзіңнен таса қылсаң оқыс жағдайға ұрынып қалуы әбден мүмкін» деген сөзді жиі естиміз. Әлеуметтік желінің белсенділігі артып, ақпарат қолжетімді болғалы жазатайым жағдайға тап болған балаларды күнделікті көріп, жаның түршігіп отырады. Елімізде күн сайын орта есеппен кемінде 3 бала оқыс жарақат алудан қайтыс болса, 75 бала емханаға түседі екен. 2016 жылы жарақат алған 992 бала қайтыс болса, 2017 жылы 1257 жасөспірім қыршын кеткен. Мамандар жарақаттанудың 74 пайызы тұрмыстық жағдаймен байланысты екенін, 22-23 пайызы далада ойнап жүрген кезде болатынын айтады. Ал жол-көлік оқиғасынан қаза болатын балалардың саны Еуроодақ елдерімен салыстырғанда 3 есеге дейін көп. Ендеше балаға қауіпсіз орта қамтамасыз ету үшін тек ата-ана жауапкершілігін арттырумен шектелеміз бе?

Қауіпсіз орта – бала өмірінің кепілі

Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлт­­тық орталығы Жұқпалы емес аурулардың алдын алу департа­мен­тінің бөлім басшысы Нәсима Жүнісованың айтуынша, 8 бен 14 жас арасындағы балалар арасында құлап және жол-көлік оқи­ғасынан жарақаттанатындар көп. 4 жасқа дейінгі балалар күйіп қалу, улану, тұншығу, электр тогына түсу және суға ба­­ту сияқты оқыс жағдайларға жиі ұшырайды. Өйткені бұл ба­ла­ның ең тынышсыз кезі болып есептеледі. Жарақаттанудан мү­гедек болып қалатын балалар­ да аз емес көрінеді. Кейбір жа­ра­қаттанудың ұзақ жылдар­­дан кейін зардабы болатынын ескерсек, көрсеткіш арта тү­сетіні анық. «Жарақат алудың салдарынан мүгедек болу басқа инфекциялық емес аурулар бо­йынша 4-орында тұр. 2017 жылғы статистика бойынша, еліміздегі мүгедек балалардың саны 83 мыңға жеткен. Оның 10 мыңы осы жарақаттанудың себебінен болған. Бірақ көбінесе жарақат алған баланың мүгедектігі он шақты жылдан кейін байқалуы мүмкін. Сондықтан бұл статисти­каны дөп басып айтуға келмейді», дейді Н.Жүнісова.

Маманның айтуынша, балаға ал­ғашқы көмекті көрсететін ата-ана болғандықтан интернет­тен қарап немесе біреуден естігені бойынша ем-дом жасауға бол­май­ды. «Кез келген оқыс жағ­дайда балаға қандай көмек көр­сету керектігін білген жөн және міндетті түрде дәрігерден кеңес алу керек. Сондай-ақ әрбір жағ­дайдан бала сабақ алатындай, қалай сақтану керектігін байыппен түсіндірген абзал. Мектеп пен балабақшаларда медбике­лер ай сайын немесе тоқсан сайын әр жарақатқа талдау жасап отырғаны дұрыс. Мұндай са­рап­тамаларды жүргізетіндер кемде-кем. Сараптамаға сай қай кезде қай бала жарақат алатынын анықтап, ата-анасына дұрыстап жеткізіп, мұғалімдердің де на­за­рына салып отырса көп жағ­дайдан сақтануға болады», дейді Н.Жүнісова.

Былтыр ЮНИСЕФ еліміздің 8 өңірінде 14 жасқа дейінгі бала­лардың ата-аналары арасында сауалдама жүргізген. Сауал­дамаға қатысқан 3000 отба­сының 84 пайызы баланы қауіп-қатерден қорғаудың қиын­ға соғатынын айтқан. 82 пайызы инфрақұрылым сапасыз жобаланған деп санайды. 80 пайызы заңнама жеткі­лік­ті деңгейде сақталмайды және қорғалмайды деп ойлай­ды. ЮНИСЕФ және ДДҰ-ның­ жа­ра­қаттану, денсаулық және қор­шаған орта мәселелері жө­ніндегі халықаралық сарапшысы Джоан Винсентен сауалдаманы қорытындылай келе, балаға қауіпсіз орта қалыптастыру үшін ата-анамен қоса аталған мәселеге қатысты мемлекеттік органдар да күш салуы тиіс екенін жеткізді.

«Ата-аналардың айтуынша, балаларды қалт етпей қадағалап отыру қиын. Олар қауіпсіздікті қам­тамасыз ету үшін Үкімет пен қоғамның көмегі керек  еке­нін алға тартады. Атап айт­қан­­да, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қатысты ережелер­дің қатаң бақылауда болуы, көліктердің жылдамдықты асырмауы, құрылыс кезінде мектеп, балабақша, балалар алаңының анағұрлым дұрыс жобалануы сияқты ұсыныстар айтылды. Мысалы, автокөлік орындығының кеңінен қолданылуы үшін тиісті мемлекеттік органдар оны жалға алуға немесе қолжетімді бағамен сатылатын орталықтарды құруға мүм­кіндік туғызғаны жөн. Сон­дай-ақ сақтану шаралары мен әдістерін тек сабақ арқылы ға­на жеткізіп қоймай, тәжірибе жүзін­де де көрсету  керек», дейді ЮНИСЕФ өкілі.

Ал Н.Жүнісова балалардың қауіп­сіздігін сақтау үшін қарапайым тұрмыстық ережелер­ді сақтау аса маңызды екенін айтады. «Ата-аналар ойыншықты баланың жасына қарай таңдау, емізгенде абай болу, өзімен бірге алып жатпау, әсіресе кішкентай балаларды көзден таса қылмау деген сияқты қарапайым тұрмыстық ережені қатаң ұстануы керек. Баланы көлікпен алып жүргенде автокөлік орындығына отырғызу шарт. Оның өлшемінің бала жа­сына сәйкес келуі де өте маңыз­ды. Бала далада ойнағанда, фут­болға барғанда тізеқап, велосипед мінетін болса шлем киюі керек», дейді ол.  

Денсаулық сақтау министр­лігінің өкілі бала қауіпсіздігін арттыру мақсатында жүйелі жұ­мыс жүріп жатқанын жеткізіп, орталықтың жоспарымен де бөлісті. «Біз 2020-2023 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспарымызды дайындадық. Жарақаттанудың түрлері  мен себептеріне талдау жасай отырып оқыту жұмыстарын жетілдіруді көздеп отырмыз. Яғни, ата-ана, тәрбиешілер мен мұғалімдер, көлік жүргізушілері сияқты ба­­ланың қауіпсіздігіне атсалысатын әрбір топпен бағытына қарай жеке-жеке оқыту жұмыстары жүр­гізілетін болады. Олардың әлеуетін арттыру да басты на­зар­­да. Ата-ананың әлеуметтік жағ­дайына да (жұмыссыз, жал­ғыз­басты, тұрмысы төмен, т.б.) баса мән беру керек», дейді Н.Жүнісова.