Президент • 13 Маусым, 2019

Еліне адал қызмет етуге ант берді

787 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өткен жаңа сайланған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі туралы отандық және шетелдік ақпарат құралдары жеткілікті деңгейде хабарлар таратты. Осы орайда бүгін біз бірқатар шетелдік ақпараттық агенттіктердің аталған рәсім жөнінде жариялаған хабарларын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Еліне адал қызмет етуге ант берді

MENAFN

Қазақстан Президенті Қасым-Жо­март Тоқаевты ұлықтау рәсімі ұйым­дастырылды. Іс-шара ел астана­сындағы Тәуелсіздік сарайында өтті.

Рәсім барысында жаңа сайланған Президент мемлекеттік тілде ант берді. Осыдан бастап Президент ресми түрде қызметіне кіріседі.

Естеріңізге сала кетейік, 9 маусымда Қазақстанда Президент сайлауы өткен болатын. Дауыс беру нәтижесі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыздан астам басымдықпен жеңіске жетті.

Айта кетерлігі, тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға қатысқан жоқ.

Ұлықтау рәсімінде сөз сөйлеген Қ.Тоқаев алдағы 1 қыркүйектен бастап елдегі жемқорлықты жоятын құжат әзірленетінін жеткізді.

НАСТОЯЩЕЕ ВРЕМЯ

Қазақстан астанасында Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Ол ресми түрде 5 жылға ел Президенті болып сайланды. Ол қазақ тілінде ант берді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға қолын қойып тұрып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Рес­публикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтар­дың құқықтары мен бостандық­тары­на кепiлдiк беруге, Қазақстан Рес­публикасы Президентiнiң өзiме жүк­телген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», деп ант қабылдады.

Ұлықтау рәсімі сайлау нәтижесі жарияланғаннан кейін екі күннен соң өтіп отыр. 9 маусымда Қазақстанда Президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыздан астам басымдықпен жеңіске жетті.

FOX NEWS

Қазақстанның жа­­ңадан сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау салтанаты өтті. Өз сөзінде жаңа Президент бү­гінге дейін елді басқарып келген Нұр­сұлтан Назарбаевтың саясатын жалғас­тыратынын айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусым күні президенттік сайлауда 70 пайыздан астам дауыспен жеңіске жеткен еді. Наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатқаннан кейін сол кезде Сенат Төрағасы болған Қ.Тоқаев оның орнына келген еді.

«Бұл сайлаудың нәтижесінен біз халықтың Елбасы саясатының жал­ғасқанын қалайтынын көрдік», деді Тоқаев ұлықтау рәсімінде. Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің Төр­ағасы ретінде әлі де өз еліне қызмет көр­сете беретіні белгілі.

«Мен Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республика­сының Конституциясы мен заңдарында өзіме жүктелген міндеттемелерді әділ ат­қаруға, халықтың құқығы мен бос­тан­дығына кепілдік беруге ант етемін!» деді жаңадан сайланған Мемлекет басшысы.

Өз сөзінде әлеуметтік мәселелерді айрықша көтерген жаңа Президент бірқатар реформалардың болатынын да ишаралады. Соның ішінде бай мен кедейдің табыс айырмашылығын азайтуды, елде орта тап қалыптастыруды және табиғи байлықтардан түсетін ұлт­тық байлықты теңдей және әділ бөлетінін айтты.

Сонымен қатар Президент адам құқы мен сөз бостандығының да дамуын назарында ұстайтынын жеткізді. Сайлауалды науқан кезінен бастап пікір алуандығына оң қарайтынын, дегенмен ең алдымен диалог орнату керектігін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды біртұтас ұлт болып бірігуге шақырды.


Әлемдегі ірі халықаралық ақпа­рат және жаңалықтар агенттіктерінің бірі THE ASSOCIATED PRESS те еліміздегі ел Президентінің кезектен тыс сайлауы туралы жазды. Жаңа сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі туралы «Қазақстанның жаңа Прези­денті қызметіне кірісті» деген мақалада Қазақстанның жаңа Президенті қыз­метіне кірісіп, зор сенім артқаны үшін қазақстандықтардың бәріне алғыс айтқанын жазды.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев тәуелсіздік алған сәттен бастап ел басқарған Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін атап өтіп, осы сабақтастықты сақтау және оны одан әрі нығайту жолында жұмылуға шақырды. Агенттік Қ.Тоқаевтың «Бұл сайлауда азаматтар Елбасы Н.Назарбаевтың бағытын жалғастыру үшін маған дауыс бергенін мойындау керек», деген сөзін де келтірген.

«Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда өткен сайлауда 70,96 пайыз басым­дықпен жеңіске жеткен болатын. Оған 6 539 715 адам дауыс берген. Қ.Тоқаев наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттілігін тоқтатқаннан кейін Прези­дент қызметіне кіріскен», деп ақпараттық агенттік өткенге шолу жасаған.

Сонымен қатар агенттік «Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қам­тамасыз ету және әрбір азаматтың құ­қы­ғын қорғау. Қазақстанның ұлттық мүд­десін әрқашан және барлық жерде қорғайтын боламын», деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтірген. Президент ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде қоғамдағы он басым бағытты белгілеп, олардың барлығын жақын арада жүзеге асыру керегін айтты. Оның ішінде халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл­дар жасау, соттық-құқықтық реформа, әділетті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сыртқы саясат, сондай-ақ, жастарды қолдау мәселелері көтерілді.


Түркияның жет­ек­ші басылымдары да Президент ұлықтау рәсімін ха­бар­лаудан қа­лыс қал­мады. Олар жаңа Мемлекет басшысын сайлау­дағы жеңісімен, қызметіне кірісуімен құттықтап, сәттілік тілесті.

Атап айтар болсақ, Анадолу агент­тігі тәуелсіздік сарайында өткен маңызды шараға Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелерi, Жоғарғы сот судьялары, Қазақстанда тір­­келген дипломатиялық корпус өкіл­дері және басқа да шақырылған қонақ­тардың қатысқанын, 2500-ге жуық адам болғанын хабарлайды.

Сонымен бірге ұлықтау рәсімі барысында Орталық сайлау комиссиясы жаңа сайланған Президентке Қазақстан Республикасы Президентінің куәлі­гін тапсырғанын, Президент рәсім барысында Қазақстан халқына ант бер­ге­нін жазады. Түрік агенттігі Қазақ­стан Конституциясына сәйкес жаңа­дан сайланған Президент ант бергеннен кейін ресми қызметiне кірісетінін хабарлады.

Одан кейін Анадолу агенттігі Мем­лекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөй­леген сөзінде зор сенім артқаны үшін қазақстандықтардың бәріне ал­ғыс айтқанын, Қазақстанның Тұң­ғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың ерекше рөлін атап өткенін жеткізген. Президенттің «Қазақстанның ұлттық мүддесін әрқашан және барлық жерде қорғайтын боламын» деген сөзін келтіреді.

«Қазақстан Президенті он негізгі бағытты белгілеп берді және олар­дың бәрін жүзеге асыруға дереу кірісу керегін айтты. Қазақстан Прези­денті қолға алатын негізгі мәселесі – сы­байлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау екенін ескертті. Одан бөлек, халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сот-құқықтық реформа, әділетті әлеумет­тік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сыртқы саясат, сондай-ақ, жастарды қолдауды қолға алатынын мәлімдеді» делінген агенттік хабарламасында.