Қоғам • 13 Маусым, 2019

Бардың бағасын білейік

803 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қоғамда бүлік шығарып, іріткі салу, халықты арандату өте ауыр күнә екені, оның бұзақылық болып саналатыны бел­­гілі. Бұл жөнінде Ислам діні жайындағы кітап­тар мен діни уағыздарда аз айтылып жүрген жоқ. Тіпті осы тұрғыда Алла таға­ладан түскен қасиетті Құран Кәрімде: «Бұ­зақылық кісі өлтіруден қиын» (Бақара сүресінің 191-аяты) деп нақты жазылған.

Бұл жердегі «Бұзақылық» сөзі кейбір адам­дардың мәдениетсіздігінен туындай­тын өрескел әрекеттер жөнінде емес, ел-жұрттың ауызбіршілігіне, жарасымды ын­тымағына сына қағар іріткі салушылар ісіне қатысты екені анық. Демек, ел татулығына кері әсе­рін тигізетін әрекеттерге бару, осындай жайт­тарды ұйымдастыру – адам өлтіруден де ауыр қылмыс. Өйткені әлдекімдердің бұ­зық ниетінен туындайтын орынсыз іс-қимылдардың соңы жаппай дүр­белеңге, қақтығысқа ұласып, соның салдарынан адамдардың қаны төгілуі ықтимал. Сон­дық­тан жұртшылықты желіктіріп айдап салу, түрлі жалған ақпараттар тарату арқылы елдің көңіл күйін бұзып, қалыптасқан бір­ліктің берекесін қашырудың амал-айласын қолдану ауыр күнә саналады.

Жалпы, мемлекеттің тәуелсіз болып, оны өз азаматың басқарып, қоғамның бар­лық саласында, атқарушы органдарда өз қандастарың қызмет етіп жүрсе, мұны Ал­ланың берген нығметі, баға жетпес сыйы деп ұққанымыз жөн. Егер біз бұл орасан зор жетістіктің қадіріне жете алмасақ, онда мой­ныңа өзгенің қылбұрауы түсуі мүмкін.

Бүгінде жұртымыз қоғамымыздағы тату­лықты ең басты құндылық санайды, оны орнықты дамудың кепілі деп біледі. Бұл өз кезегінде халқымыздың көңіл күйінің жақсы болуына өзіндік ықпалын тигізіп отыр. Дегенмен, қоғам болған соң әртүрлі келеңсіз көріністер бой көрсетпей тұрмайды. Мұндай жағдаяттардың басым бөлігі шешімін күт­кен бірқатар әлеуметтік мәселелерге қа­тысты екені байқалады. Алайда оларды жал­­­пыұлттық өте күрделі түйткіл ретінде қарастырып, түңілу, сөйтіп оны биліктің басты айыбы санау көңілге қонымсыз. Әркім өзінің әлеуметтік ахуалын өзі шешуге ұмтылуы керек. Мұндай заманда масылдық пиғылы жүре бермейтінін ұмытпаған абзал.

Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз жас ұрпақты отандық және шетелдік жоғары оқу орындарында тегін оқытуда, халықты баспанамен, жұмыспен, тегін медициналық жәрдеммен қамтуда, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда және басқа да ауқымды шараларды жүзеге асыруда көптеген қолдау көрсетті. Бұған жұртшылық куә. Мемлекеттен бері­летін мұндай көмектер баршаға жаппай оңды-солды үлестірілмейтінін, оның белгіленген шарт­тары болатынын ескере сөйлесек, Үкі­мет тарапынан нақтыланған талаптардың үдесінен шыға алмай, тиісті көмектерді ала алмағандар мен берілген мүмкіндікті өзінің қырсыздығына байланысты орнымен пайдаланбай, шаруасы шатқаяқтағандардың кінәні өзінен емес, өзгеден іздеп, ақырында билікті жазғырып шыға келетіні бар... 

Арамызда түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетіп, әлеуметтік желілер арқылы көп­шіліктің көңіл күйін түсірер сөздер айтып, өзін ақиқатшыл, халықшыл, шындықты бетке айтар азамат ретінде танытуға тырысатындар баршылық. Олардың зерделен­беген, ішкі мәні бұлыңғыр ақпараттары қа­ра­пайым халықты әрі-сәрі күй кештіріп, талай­лардың «бұрқ-бұрқ» қайнауына түрткі болуда. Осының салдарынан сондай бүкір пікірлерге имандай сенетіндер ел ішінде жасалып жатқан игілікті істерді, шарапатты бас­тамаларды көріп тұрса да байқамағансып, өзеурейді. Бұл – қауіпті үрдіс, еліміздегі игі­лікті істерді бүркемелеудің айласы, халық пен билік арасында қалыптасып келе жатқан се­нім мен өзара байланысқа соққы беруді мақсат еткен жағымсыз әрекет.

Тағы бір ерекшелер айта кетер жайт, бүгінде жекелеген азаматтардың өз­дерінің әлеуметтік жеке мәселелерін бүкіл халықтың басына түскен ортақ ауыртпашылық ретінде көрсетуге тырысу үрдісі байқалады. Бұл бізге абырой әкелмейді. Өмір болған соң кейде бі­реулердің тірлігі өнбей, жұмысы жүрмей жатады. Мұнысын қасірет көріп, оған бүкіл қо­ғамды айыпты санап, күстәналап, әртүрлі жағымсыз пікірлерге ерік беріп, байбалам салатындар ел тыныштығына кері ықпалын тигізіп, қарапайым халықты арандатып жүргенін ұқса дейміз.