Ел қамын ойлаған, жоқ-жітікке қамқор болып, ағайынды бір-бірімен жақындатып, бірлігін нығайтқан, келешегін ойлаған қоғам қайраткері. Текті тұлғаның бойындағы кейбір мінезіне қарап, халық Паң Нұрмағамбет атап кеткен. Бірақ сол кірпияз мінез, талғампаз түйсік биікке де көтерген. Шам шаһарында қажылық сапарға барған Алаш баласына арнап, өз қаражатына арнайы үй салғызған, төрт рет қажылыққа барған адам.
Айрықша әсемдікті, сән мен салтанатты жақсы көрген. XIX ғасырдың соңында ІІ Николай императорды қарсы алып, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін көрсеткен. Жақсы жағынан, әрине. Сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді де қолмен қойғандай етіп саналарына құйып берген. Қазақтың бойындағы тамаша талантты әйгілейтін қолөнер шеберлерінің көрмесін де ұйымдастырған. Сол көрмеде Паң Нұрмағамбеттің тіккен киіз үйі бас бәйгені алса керек. Үйдің сүйегі ғана емес, ақшаңқан киізі де, ішіндегі небір асыл бұйымдары да тәмам жұртты таңғалдырған деседі.
Кейін он екі қанат ақ орда Нижний Новгородта өткен бүкілресейлік көрмеге, Париж қаласында өткен байқауға қойылған. Қазіргі күні Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы. 1898 жылы жылқы шаруашылығын асылдандыруға қосқан үлесі үшін алтын медаль мен сағат алған.
Нұрмағамбет Сағынайұлының қазақ қоғамын өркениетке жетелеудегі еңбегі өз алдына бір төбе. Өнері өріс жайған өзге елдердегі жақсы істі Ерейменнің етегіне әкеліп, елге көрсетіп, жалпақ жұртты осындай жақсылыққа жетелеген. Мойны озық тәжірибелерді туған халқының бойына сіңіруге тырысқан. Демек, бұрынғы қазақ байларының бойындағы жалғыз байлықты ғана місе тұтпай, елінің ертеңіне елеңдеген ұлтжандылық қасиетті Паң Нұрмағамбеттің бейнесінен айқын көруге болады.