Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 5) тармақшасына, «Қазақстан Республикасының Президентi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-1-бабына сәйкес мемлекеттік қызмет жүйесін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды одан әрі жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі болып қайта аталсын. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызмет және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасының сақталуын бақылау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады деп белгіленсін.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қазақстан Республикасының Президентiне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) болып қайта құрылсын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтарын анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеуді жүзеге асыратын құқық қорғау органы болып табылады деп белгіленсін.
3. «Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 наурыздағы № 552 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 12-13, 116-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың тізбесінде:
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі» деген жол мынадай редакцияда жазылсын: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі»;
мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
«Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет)».
4. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратымен бірлесіп бір ай мерзімде:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағаларымен бірлесіп: агенттіктер туралы ережелердің жобаларын;
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің штат санын қайта бөлу жөнінде ұсыныстар енгізсін.
2) осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдасын.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2019 жылғы 13 маусым, №12