Президент • 13 Маусым, 2019

Әділ Ахметов: Жарқын келешек кілті – жасампаздық

1175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Әділ Ахметов: Жарқын келешек кілті – жасампаздық

Еліміздегі орын алып жатқан әртүрлі саяси оқиға мен реформаның басында – 9 маусымда өткен Қазақстан Республикасының жаңа президентін сайлауы тұрғаны анық. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихи дәуірге өту жолындағы жауапты сәт, қайырлы қадам. Еліміз егемендік алғанға дейін де, қасиетті Тәуелсіздігіміз тұғырын нықтағаннан кейінгі 30 жылға тарта уақытта да түрлі саяси жағдайларды, қиындықтарды басынан кешірді. Сондай сындарлы сәтте қазаққа қазақтығын сақтап, бүгінгі әлемдік аренадағы абыройлы орнын белгілеуде, мызғымас ынтымағымызды сақтап қалуда бізге қашанда ауызбіршілік, салқын ақыл мен сабыр серік болғаны анық. Ұлтымыздың мінезіне тән осы бір қалыбымызды қазір де жоғалтпай, керісінше барлығымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға ұмтылуымыз керек. Себебі қазір заман алмағайып, тез құбылғыш. Біз сондай тұрақсыздау саяси ахуалдардың ортасында өмір сүріп жатырмыз. Жан-жағымыздан қаумалап, сәл ғана аяғымызды шалыс басып, мүлт кетуімізді аңдып отырғандар айналамызда өте көп. Сондай сәтте қызбалыққа салынудың қажеті жоқ. Тұтас ұлт деңгейіндегі өзгеріс бір сәтте орнамайды. Асығыс қадамның соңы кейін орны толмас өкінішке алып келуі мүмкін. Бұл тұрғыдан бізге қай кезде де тарихтың тауқыметті беттері сабақ болып, үнемі тәубеге түсіріп отыруы керек деп есептеймін. Бізге алауыздық емес, бірлік керек. Жастар білімге ұмтылғанда ғана еліміздің келешегін кемел ете алады. Шүкір, қазір Тәуелсіздік тәрбиелеген еркін ойлы, зиялы азаматтар өсіп келе жатыр. Уақыты келгенде елдің ертеңін, жарқын келешегін сөзсіз біз жасайтын боламыз. Сол үшін де бүгінгі бейбіт өмірімізге тәубе деп, әрбір қазақ ұлттың болашағын баянды етуге ұмтылуы керек. Ал жеңістің кілті – бірлікте, білімде. Тәуелсіздік –  ата-бабаларымыздың бізге қалдырған қасиетті аманаты. Осыны ұмытпасақ екен деймін.

Әділ АХМЕТОВ, 

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театр және кино актері