Аймақтар • 13 Маусым, 2019

Солтүстік Қазақстанда белгілі жазушы-журналистің мерейтойы атап өтілді

789 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің ұйымдастыруымен белгілі жазушы-журналист, қоғам қайраткері, облыстың құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменовтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Журналист. Қайраткер. Қаламгер» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтті.

Солтүстік Қазақстанда белгілі жазушы-журналистің мерейтойы атап өтілді

Саналы ғұмырының жарты ғасырға жуық бөлігін журналистика саласына арнап келе жатқан Жәкеңді республика жұртшылығы «Мағжантанушы» ретінде де жақсы біледі. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы, «Мағжан» әдеби-көркем көпшілік журналының бас редакторы, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-нің директоры  ретінде  алты алаштың ақиық ақынының өмірі мен шығармашылығы туралы қазақ, орыс тілдерінде бірнеше жинақ, энциклопедия шығарды. «Қожаберген», «Мәңгілік елдің мәңгілік мақтанышы», «Дауылпаз баба Қожаберген»  кітаптарын баспаға әзірледі. Ондаған әңгіме мен повестер, эсселер жинақтарының авторы. Республика  Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Екінші дәрежелі «Достық», «Құрмет» ордендерімен марапатталған.

Алқалы басқосуды ғылым және инновациялар жөніндегі проректор, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева жүргізіп, бірінші сөзді Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимовқа берді. Танымал ғалым Жарасбай Қабдоллаұлының бір бойына тоғыстырған азаматтық қасиеттері ішінен Парламент Мәжілісінің депутаты болған кезеңде тіл, діл үшін болған күресте ар-намыстан таймаған мақсаткерлік, рухани биік, ойы терең болмысын даралап айтты. Филология  ғылымдарының докторы Зинаида Табакова, қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Жанбай Қадыров, бала кезден бергі досы, ақын Тоқтар Зікірин, ауылдасы Балдырған Ілиясов, шәкірті, «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Ербақыт Амантай, тағы басқалары ел сеніміне лайық тұлғаның шығармашылығы, жас журналистерге берген өнегесі мен тәлімгерлік қамқорлығы жайлы кеңінен толғана сыр шертті. Журналистика бөлімінің түлектері Жәкеңнің әңгімелерін мәнерлеп оқып, құлақ құрышын қандырды.

Ақмарал Ғосманқызы ғылым кеңес шешімімен Жарасбай Қабдоллаұлына құрметті профессор атағы берілгенін жариялап, салтанатты түрде табыс етті.

«Дөңгелек үстел Ж. Сүлейменовтің шығармашылығына арналған студент-жастар сайысын қорытындылап, сертификаттар тапсырумен аяқталды.