Әлем • 14 Маусым, 2019

Қазақстан өз бағытынан ауытқымайды. Шолу

326 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел Президентін ұлықтау рәсімі шетелдік басылымдардың басты назарында болды. Айтулы шара Францияның, Ирландияның, Жапонияның бұқаралық ақпарат құралдарынан да көрініс тапты. Осы орайда ұлықтау рәсімі жайындағы шетелдік хабарларды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қазақстан өз бағытынан ауытқымайды. Шолу

Францияның Le Nouvel Observateur атты журналы Қазақстанның жаңа Пре­зидентінің тәжірибелі саясаткер екенін, сайлауға жеті үміткер түскенін жазды. Сайлауға Қазақстан халқының 77 пайызы қатысқанын атап көрсетіп, жүздеген шетелдік байқаушының саяси шараны бақылағанын  хабарлады. Одан әрі сайлауда 70 пайыздан жоғары дауыс жинап, үлкен басымдықпен жеңіске жеткен жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміне 2500 адам қатысқанын жариялаған. «Қазақстанның мемлекеттік Туы мен Қазақстан Республикасының Консти­туциясы Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына әкелініп, жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекеттік күзет қызметі бастығының рапортын қабылдап, ішке кірді. Қазақстан Президенті ел Конституциясының 42-бабына сәйкес, халқына ант берді», деді франциялық басылым.

Сонымен қатар рәсім соңында Қазақ­стан Республикасының Прези­денті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жо­ғарғы Бас қолбасшысы Тәуелсіздік са­райының алдындағы алаңда Қазақ­стан­ның Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтан рапорт қабылдағанын, Мемлекет басшысы алдынан Қарулы Күштердің әскер түрлері салтанатты сап түзеп өткенін жазды.

Швецияда француз тілінде шыға­тын Le Temps журналы БҰҰ-ның Женевадағы өкілдігінің бұрынғы басшысы Қазақстанның жаңа Президенті болып тағайындалды деп жазады. «Қазақстан халқы жексенбі күні жаңа Президентін анықтау үшін сайлауға барды. Бұл сайлауға мемлекеттің Тұңғыш Президенті үміткер ретінде қатыспады. Сайлауда Nur Otan партиясының өкілі Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Ал 12 маусым күні жаңа сайланған Президент Қазақстан халқына ант беріп, ұлықтау рәсімі өтті», деді швед журналы.

Сонымен бірге шетелдік ақпарат құралы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен өзін қолдаған халыққа алғысын біл­діріп, өз бағдарламасын таныстырып өткенін хабарлады. «Қ.Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жал­ғас­­тыратынын, оған қоса халық­ара­лық қатынастарды одан әрі дамытып, көп­векторлы саясат жүргізетінін мәлім­деді», деп жазды басылым.

Ирландияның Dublin News онлайн-газеті де еліміздегі айтулы шарадан хабар берген. Газеттің жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа Президенті ретінде ұлықталды. Сал­танатты рәсім 9 маусымдағы сайлаудың нәтижесі бойынша өтті.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бо­йынша сайлауға түскен Қ.Тоқаев 12 мау­­сымда Нұр-Сұлтан қаласындағы Тә­уел­сіздік сарайында өткен рәсімнен кейін ресми түрде ел тізгінін қолына ұс­тады. Мемлекет қайраткері 70 пайыздан астам дауыс жинады. Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев бірқатар ма­ңызды мәселеге тоқталып, ел үшін жасалатын жұмыстар төңірегінде әңгіме қозғады», деп хабарлады ирландиялық газет.

Сондай-ақ басылым билік пен халық арасындағы диалог керек екенін, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын мә­лім­деді. Оның құрамына белсенді жас­тар­дың кіретінін атап өтті.

«Президент ант беру рәсімінде «Елдің дамуы, саяси қарқынды есепке алғанда, цифрлы жүйеге көшумен тікелей байланысты. Ол мемлекет пен қоғам қарым-қатынасының құрамын сапалы түрде өзгертеді. Елбасының «Цифрлы Қазақстан» атты бекітілген мемлекеттік бағдарламасы орындалуы тиіс», деп Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Н.Назарбаевтың сая­саты жалғасын табатынын білдірді» деп жазды шетелдік ақпарат құралы.

Ал Жапонияның The Mainichi ұлттық газеті «Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің инаугу­ра­­циясында бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жалғас­тыратынын айтты. 9 маусым күні өткен президенттік сайлауда Тоқаев 70 пайыздан астам дауыспен жеңіске жеткен еді», деп жазды.

Газет Қ.Тоқаевтың бұ­ған дейін Қазақстан Республикасы Пар­ламентінің Жоғарғы палатасында спикер болғанын, оның алдында елдің Үкі­меті мен Сыртқы істер министрлігін бас­қарғанын, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғанын жазды.

Экономикасы негізінен шикізатқа негізделген мемлекетте шағын және орта бизнесті дамытып, экономиканы әртараптандыру Қ.Тоқаевтың бірін­ші міндеті болмақ. Оның үстіне, соңғы жылдары қолға алына бастаған медициналық сақтандыру мен жылжымайтын мүлік нарығын одан әрі дамыту да жаңа Прези­денттің мойнына жүктелетіні сөзсіз.

Ал сыртқы саясатқа келер болсақ, Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай өзге­ріске бара қоймайтын секілді. Саяси мансабында негізінен дипломатиялық қызметтерде болған Қ.Тоқаев Н.Назарбаев­тың сыртқы саясатын жүргізу­шілер­дің бірі болған десек, артық айтқан­дық емес», делінген Жапонияның ұлттық газетінің хабарламасында.