Өкінішке қарай, соның бәрі ұмытылды, нәтижесі – нөлге жуық. Мемлекеттік деңгейдегі көзбояушылықтың, жауапсыздықтың, негізсіз әсіресақтықтың кеселі, Отан алдындағы, ел алдындағы парыздың адыра қалуының кесірі бізді сондай сорақылыққа душар етті. Мемлекеттік тіл қажеттілігі ешкімнен талап етілмейтін болды, оған ешкім жауапты болмайтынға айналды. Миллиардтаған қаржы желге ұшты, қазір де сол сорақылық жалғасын табуда. Соның басты бір себебі – исте́блишментіміздің «Қазақстан – көпұлтты мемлекет» деген жалғандықты ресми фактор түрінде көрсетуді әдет қылып алуында. Ондай әдеттің әбден үстем болып алған бетсіздік саясаты екенін де, қазақстандық кез келген диаспораның сыртта өз Отаны бар екенін де бәріміз білеміз, бірақ, Қазақстаннан басқа Отаны жоқ қазақтың обалын ешкім ойламайды. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясы да жұмған аузын бір ашқан емес. Ондай салғырттықпен, өтірікпен, ондай аярлықпен өркениетке қалай жетпекпіз?!
Үштұғырлы тіл саясатын да ойлану керек бізге. Тілдерді жастай үйрену дұрыс-ақ. Бірақ, оның ғылыми негізі қайда? Оны түрлі академиялық зерттеулерден өткізіп, арнайы ғылыми кеңестерде барынша талқылап, шетелдік тәжірибелерді әбден сараптап-саралап барып қана жолға қоюымыз керек еді ғой. Өйтпедік. Елбасымыздың тілдер турасында жасаған сол ұсынысын біз бұйрық түрінде қабылдап, бірден орындауға кірісіп кеттік. Мемлекеттің, ұлттың тағдыры мен болашағы тұрғысынан қарағанда, сүйінішінен өкініші көп шаруамыздың бірі – сол. Ұлттық эгосы мүлде қалыптаспаған үш жасар балаға балабақшадан бастап шет тілі оқытылатындықтан, бүгінгі ұрпағымыздың тілі барған сайын алашұбарлана түсуде. Жыл өткен сайын ұлтсыз дүбәра ұрпақ саны ұлғайып барады. Қаладағы қазақ мектептерінің оқушылары да орыстанып бара жатқанын неге ескермейміз? Керісінше, орыс мектептері оқушыларының қазақ тілінен мүлде мақұрым екендігі неге айтылмайды? Ол шындықты неге жасыруымыз керек?! Тегінде, мемлекеттік тілден өзге тілдерді меңгеру әркімнің өз еркінде емес пе еді? Оны әркімге, әр оқушыға зорлап таңудың заңсыз екенін де ойлауды қойдық. Бәрінен бұрын, ол ойсыздық – қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне, өнеріне жасалып жатқан қастандық. Өйткені бәрінің алтын өзегі – тілде. Бүгінгі таңда қазақтілді бұқараның, оның ішінде, әсіресе қазақ жастарының көшеге шығып, билікке өз наразылығын білдіріп жатуының басты бір себебін мемлекеттік тіліміздің солайша ескерусіз, сұраныссыз қалуынан да іздеу қажет екенін қашан түсінеміз?! Сол жастар баспана мен жұмыссыздыққа ғана емес, унитарлық мемлекетіміздің бірден-бір қамқор жүйесі ретіндегі қазақтың тілдік қадірінің қашқанына да бек қорланады. Өз мемлекеттік тілінің әлеуметтік әр салада босағадан сығалаған жетім баладай өз Отанында өксікті күй кешуі – ұлтты ересен ашындырады әрине. Өйткені ұлттық тіл – ұлттың өзі, оның ар-намысы. Болашағы. Ендігі билік ең әуелі соны ойласын. Қазақ тілінің Отаны – жалғыз, Қазақстан ғана. Соны бір сәт те жадымыздан шығармауымыз керек. Мемлекеттік тіл онсыз да отыз жылдай сергелдеңді бастан кешті. Сондықтан, алдағы бес жыл бола ма, он жыл бола ма, мемлекеттік тілді барша тұрғындардың меңгеруінің соңғы мерзімін нақты белгілеуіміз шарт. Адам баласынікі секілді мемлекеттің де барша тірлігі – ой арқылы пайда болады, ой арқылы сөйленеді, ой арқылы істелінеді, ой арқылы жүзеге асады. Ал ой дегеніміз, Абайша айтсақ, – «қаріпсіз-дауыссыз» сөз. Сөз дегеніміз – тіл, тіл дегеніміз – рух. Егер біз ел рухының мықтылығын – бақыт, ел бірлігін – мақсат, «Мәңгілік ел» идеясын мұрат тұтсақ, онда мемлекеттік тілдің тағдыры қашанда бірінші орында тұруға тиіс. Мемлекеттік тілді білу – еліміздің әр азаматының да, елге жұмыс іздеп тұрақты мекендеуге келген әр шетелдіктің де міндеті мен парызы болмағы абзал. Ата Заңда солай бекітілуі керек. «Ырыс алды – ынтымақ» дейді халқымыз, ынтымаққа ұйытқы ретіндегі мемлекеттік тіл құндылығы негізінде топтаса ойлаған-сөйлеген халық қана бірлікте болады. Бірлік туралы басқа ұрандардың бәрі – баянсыз. Аксиома.
Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
СЕМЕЙ