Қоғам • 14 Маусым, 2019

Ұлттық тіл – ұлттың өзі, оның ар-намысы

1350 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қоғамды толғандырып, толқытып жүрген мәселе жетерлік. Соның ішіндегі ең маңыздысы, ең қасиеттісі – мемлекеттік тіл мәселесі. Ашығын айтайық, бір-бірімізді алдамайық. Қазір қазақ тілі сан салалы тірлігіміздің басым бөлігінде сұраныстан мүлде тыс қалды. Орыстілді отандастарымыз оны қажетсінуді қойып, тіпті менсінбеуге айналды. Неге? Өйткені тәуел­сіздігімізді алған уақыттан бері «Мемлекеттік тілді дамытамыз» деп алуан бағдарламалар жасадық, әрқайсысының іске асуының мерзімін белгіледік.

Ұлттық тіл – ұлттың өзі, оның ар-намысы

Өкінішке қарай, соның бәрі ұмы­тыл­ды, нәтижесі – нөлге жуық. Мем­лекеттік деңгейдегі көзбояушы­лықтың, жауапсыздықтың, негізсіз әсіресақ­тықтың кеселі, Отан алдындағы, ел алдындағы парыздың адыра қалуының кесірі бізді сондай сорақылыққа душар етті. Мемлекеттік тіл қажеттілігі ешкімнен талап етілмейтін болды, оған ешкім жауапты болмайтынға айналды. Миллиардтаған қаржы желге ұшты, қазір де сол сорақылық жалғасын табуда. Соның басты бір себебі – исте́блишментіміздің «Қазақ­стан – көпұлтты мемлекет» деген жал­ғандықты ресми фактор түрінде көр­сетуді әдет қылып алуында. Он­дай әдеттің әбден үстем болып алған бетсіздік саясаты екенін де, қазақ­стан­дық кез келген диаспораның сыртта өз Отаны бар екенін де бәріміз білеміз, бірақ, Қазақстаннан басқа Отаны жоқ қазақтың обалын ешкім ойламайды. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясы да жұмған аузын бір ашқан емес. Ондай салғырттықпен, өтірікпен, ондай аярлықпен өркениет­ке қалай жетпекпіз?!

Үштұғырлы тіл саясатын да ой­лану керек бізге. Тілдерді жастай үй­рену дұрыс-ақ. Бірақ, оның ғылыми не­гізі қайда? Оны түрлі академиялық зерт­­теулерден өткізіп, арнайы ғылыми ке­ңес­­терде барынша талқылап, шетел­дік тә­жі­рибелерді әбден сарап­тап-са­ра­лап барып қана жолға қоюы­мыз керек еді ғой. Өйтпедік. Елбасы­мыз­­дың тілдер турасында жасаған сол ұсы­­нысын біз бұйрық түрінде қа­был­­дап, бірден орындауға кірісіп кеттік. Мем­лекеттің, ұлттың тағды­ры мен болашағы тұр­ғысынан қара­ған­да, сүйінішінен өкіні­ші көп  шаруа­мыз­дың бірі – сол. Ұлт­тық эгосы мүлде қалыптаспаған үш жасар бала­ға балабақшадан бас­тап шет тіл­і оқы­тылатындықтан, бүгін­гі ұрпа­ғы­мыздың тілі барған сайын алашұбарлана түсуде. Жыл өткен сайын ұлтсыз дүбәра ұрпақ саны ұлғайып барады. Қаладағы қазақ мектептерінің оқу­шылары да орыстанып бара жатқанын неге ескермейміз? Керісінше, орыс мек­тептері оқушы­лары­ның қазақ тілінен мүл­де мақұрым екендігі неге айтылмайды? Ол шын­дық­ты неге жасыруымыз керек?! Тегін­де, мемлекеттік тілден өзге тіл­дерді мең­геру әркімнің өз еркінде емес пе еді? Оны әркімге, әр оқушыға зорлап таңудың заңсыз екенін де ойлауды қойдық. Бәрінен бұрын, ол ой­сыз­дық – қазақтың әдебиеті мен мәде­ниетіне, өнеріне жасалып жатқан қас­тан­дық. Өйт­кені бәрінің алтын өзегі – тілде. Бү­гінгі таңда қазақтілді бұқара­ның, оның ішінде, әсіресе қазақ жас­тары­­ның көшеге шығып, билікке өз нара­зы­лы­­ғын білдіріп жатуының басты бір себе­бін мемлекеттік тіліміздің солай­ша ескерусіз, сұраныссыз қалуы­нан да іздеу қажет екенін қашан түсіне­міз?! Сол жастар баспана мен жұ­мыс­сыз­дыққа ғана емес, унитарлық мемле­кеті­міздің бірден-бір қамқор жүйесі ретін­­дегі қазақтың тілдік қадірінің қаш­қанына да бек қорланады. Өз мем­лекеттік тілінің әлеуметтік әр салада босағадан сығалаған жетім баладай өз Отанында өксікті күй кешуі – ұлтты ересен ашындырады әрине. Өйткені ұлттық тіл – ұлттың өзі, оның ар-намысы. Болашағы. Ендігі билік ең әуелі соны ойласын. Қазақ тілінің Отаны – жалғыз, Қазақстан ғана. Соны бір сәт те жадымыздан шығармауымыз ке­рек. Мемлекеттік тіл онсыз да отыз жыл­дай сергелдеңді бастан кешті. Сон­­дық­тан, алдағы бес жыл бола ма, он жыл бола ма, мемлекеттік тілді барша тұр­ғын­дардың меңгеруінің соңғы мер­зі­мін нақты белгілеуіміз шарт. Адам баласынікі секілді мемлекеттің де бар­ша тірлігі – ой арқылы пайда бола­ды, ой арқылы сөйленеді, ой арқылы істе­лі­неді, ой арқылы жүзеге асады. Ал ой дегеніміз, Абайша айтсақ, – «қаріп­сіз-дауыссыз» сөз. Сөз дегеніміз – тіл, тіл дегеніміз – рух. Егер біз ел рухы­ның мықтылығын – бақыт, ел бір­лігін – мақсат, «Мәңгілік ел» идеясын мұ­рат тұтсақ, онда мемлекеттік тілдің тағ­ды­ры қашанда бірінші орында тұруға тиіс. Мемлекеттік тілді білу – еліміздің әр аза­матының да, елге жұмыс іздеп  тұ­рақты мекендеуге келген әр шетел­дік­тің де міндеті мен парызы болмағы абзал. Ата Заңда солай бекітілуі керек. «Ырыс алды – ынтымақ» дейді халқы­мыз, ынтымаққа ұйытқы ретіндегі мем­ле­кеттік тіл құндылығы негізінде топтаса ойлаған-сөйлеген халық қана бірлікте болады. Бірлік туралы басқа ұрандардың бәрі – баянсыз. Аксиома.

 

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

СЕМЕЙ