Руханият • Бүгін, 08:50

Қайталап оқу терапиясы

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көңілдің кейбір кездерінде қайталап оқығың келетін кітаптар болады. Қарап тұрсақ, бұл да бір жақсы әдеттен туған «ауру» екен. Араға біраз уақыт салып, талай рет оқыған сол шығармаға аңсарың ауып тұратыны қызық. Бұл аңсар кейде мезгілмен келеді. Күздің қоңыр салқынында себепсіз Сайынды оқығың келетіні сияқты.

Қайталап оқу терапиясы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қайталап оқудың ләззаты неде? Оқырман нені сағынады? Көркем шығармадан алған әсерін сағына ма, әлде сол сәттегі тыныштығын сағына ма? Жақсы кітап та уақыт өткен сайын жадыңда жаңғырып, ойға орала беретін аяулы естелік сынды. Сол кейіпкерлерді танымайтындай, сол оқиғалардан  мүлдем бейхабар кейіпте қайта оқи бастайсың. Қайта тебіреніп, қайта толқисың. Кейде сол шығарманы оқыған сәттегі өз күйіңді аңсайсың. Сол күйді қайта кешу үшін тағы оқисың. Бәлки, адамға айналасынан бір сезімдер жетпеген соң, кітапқа бас ұратын болар. Жан дүниесіндегі бос орынды көркем шығармадағы әсермен толтыратын болар, кім білсін? Адамның жеті қатпар жанын тап басып танып, түсіну әсте мүмкін бе...

Иә, кітап та көңіл күй талғайды. Кейде көңілің құлазығанда жаныңды жылытатын үнсіз мекен іздейсің. Шулаған көшелерден, тірі адамдардан жырақ жалғыз қалғың келеді. Осындайда сүйікті авторыңды қайталап оқудан асқан терапия жоқ. Мәселен, ауылдың аңғал адамдарын сағынып, риясыз күлуге Тынымбайды (Нұрмағанбетов), сыр мен сезім кешуге Шыңғысты (Айтматов) қайталайсың. Өмірдің өзін суреттейтін Бейімбет (Майлин), Сәбит (Мұқанов), Бердібек (Соқпақбаев), Шерханның (Мұртаза) да шығармалары ылғи сөреде қолсозым жерде тұрады, алысқа кетпейді.

Бәлки, бұл талғампаздықтан туған әдет болар. Қаншама жаңа дүниелер жазылып, жарияланып жатса да, асқан құштарлық жоқ. Бәлки, бір рет оқылып, ұмытылды. Ал нағыз классика – мәңгілік. Әйгілі анықтама болса да, тәуір шығарманы неге қайталап оқи беретінімізге тереңдей келе амалсыз осы ойға тірелеміз.

«Жасық жаңа шығармаларға, халтура кітаптарға есіл уақытты қор қылмай, қашанғы қымбат дүниелерді қайталап оқудан артық қандай керемет болуы мүмкін, мен түсінбеймін», дейді Сайын бір сұхбатында. Иә, бұл кереметтің ләззаты тым бөлек.

Қайталап оқудың әдеби танымға да әсері көп. Кейде бір шығарма туралы ойыңды түбегейлі өзгертіп жіберетін күші де бар. Әрине, бұл оқырманның сол сәттегі қабылдауы мен деңгейіне байланысты. Мәселен, бұрын өзгеше ойлап жүрген автор хақында тосын пікір естісең, сол жазушыны міндетті түрде оқуға тура келеді. Әуелде, әйдік жазушының шығармаларын жата-жастана сүйсіне оқып, күні-түні көз ілмейтін кездер болады. Жылдар жылжып, қайталап оқығанда көңілден шықпайды, яғни бұрынғы биігіне шыға алмай қалады. Әлі есімізде, студенттік жылдарда жастардың бәрі жапа-тармағай Оралханды (Бөкей) оқып жататын.

Оқырманға өзін міндетті түрде қайта парақтауға мәжбүр ететін, ең алдымен, астарлы туындылар дер едік. Сюжеті терең, композициясы күрделі романдарға қайта оралып отыру – қалыпты құбылыс. Мысалы, «Шегірен былғары», «Дориан Грейдің портреті», «Мартин Иден», «Триумфальная арка», «Анна Каренина», «Өлі жандар», басқа да шығармалардың астарында көркемдік һәм философиялық тұрғыдан мың-сан мағына жатыр. Оқыған сайын әр оқушы өзінің пенделік сезімдеріне, психологиялық болмысына үңіледі. Жан дүниесін бақылайды, тыныштық табады.

Осы тұста қайталап оқылатын жазушы – нағыз жазушы десек, әдеттегідей тым жаттанды көрінер. Дегенмен оқырманның дәстүрлі әдетке айналдырып, бір шығармаға, бір авторға қайта орала беруінің сыры басқа неде?

Әр оқырманның сүйікті жазушысы сол адамның ғұмырымен бірге жасайтын сияқты. Сөйтіп, ғасырды ғасыр жалғап, дүние алмасып кете береді.

Ал сіз кімдерді қайталап оқисыз?

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:15

Бұйырғаны – жеті жүлде

Күрес • Бүгін, 09:05

Өнер көгіндегі ақиық

Тұлға • Бүгін, 08:55

Қайталап оқу терапиясы

Руханият • Бүгін, 08:50