Аймақтар • 17 Маусым, 2019

«Құланнан» өрген құлындар

1387 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Торғай өңірінің Амангелді ауданындағы Сарыадыр – «Наз» жеке кәсіпкерлігінің иесі Сәрсенбек Досмағам­бетовтің жазғы жайлауы.

«Құланнан» өрген құлындар

Шаруашылық жылқыны жайлауға ерте көктемде ай­даған болатын. Сарыадырда көк­­тем салқын болды, суық же­лі азынаған құралайдың сал­қыны да біраз күнге созылды. Мамыр айының басында қыл­тиып шыққан қызғалдақты түнгі суық ұрып кетті. Бірақ табиғат нәпақасы жерден бұйырған малдың несібесін кемітпейді екен ғой, далада жусанның қыш­қылтым иісі мұрын жарады. Жусанды суық ұрмайды, күн сайын көтерілді.

2015 жылдан бері мал шаруа­шылығына бел шешіп кіріскен «Наз» жеке кәсіп­керлігі үшін ерте көктем аса ауыр мерзім. Бұл кезде далада тебінде жүрген бие­лер құлындайды. Құлындар суыққа тоңып қала ма, ит-құс іліп кете ме деп, жылқышының көзі ілінбейді. Жылқышылар үйір­ді күнімен-түнімен бағады. Құ­лын­даған биені айдап келіп, сауынға байлау да уақытын жі­бермей айналысатын жұмыс.

– Маусым кезінде биелер жуа­сыды, қолға үйренді. Қа­зір оларды сауу аса қиынға түспейді. Қыс бойы тебінде жүр­ген соң биелер асаусып ке­теді де, құлындағаннан кейін сау­ғызбайды. Олардың аяғын байлап қойып сауамыз, мұның өзі оңай шаруа емес, – дейді Сәрсенбек.

Гүлдана да бие сауудың шебері, қытығы басылмаған жас биелерді сипалап, бірнеше күн­де жуасытып алады. Степняк ауы­лындағы қымыздың нағыз бабын келтіретін «технолог» та, осы Гүлдана. Қымыздың дәмі бал­дай болғанымен бабы қатты.

– Әңгіме қорда ғой, алдымен соны баптау керек. Өткен жылдың күзіне қарай жақсы пісілген қымызды қыс бойы сақ­таймыз да, көктемде жылы жерге қойып, оған сауған сүтті жылыдай әкеліп құя береміз. Бір-екі күн ашығаннан кейін пісеміз, жылдың алғашқы қымызын осы­лай жолға қойып аламыз, – дейді Гүлдана. Биыл облыста бірінші рет Амангелді ауданында өткен «Қызғалдақ» фес­тивалінде Гүлдана ұсынған мамырдағы бал татыған сары қымыздың дәмін туристер әлі ұмыта алмай, тамсанып жүрген болар, бәлкім.

Сәрсенбек ауылда өскен соң аталар құрығын қолға алмай елдің де, жердің берекесі кір­мейтінін айтты.

– «Құлан» бағдарламасына алғысым шексіз. 2015 жылы осы бағдарлама арқылы 10 жыл­қы алып едім, қазір оның саны 30-дан асты. Одан кейінгі жылдары ет бағытындағы ірі қара алғанбыз, қазір оны сүт бағытына ауыс­тырып жатырмыз. Өйткені біз үшін сүтті си­ыр­ларды ұстаудың тиімділігін сезін­дік. Міне, шексіз жатқан жусанды даламыз мынау! Бұл жерге отыз жылқы емес, 300 жылқы ұстауға болады ғой. Бі­рақ қиындықсыз ешнәрсе қолы­ңа көктен түспейді, – дейді Сәр­сенбек.

Ауыл шаруашылығында өндірілген кез келген өнім уа­қы­тылы өтпесе, сол күйінше шығын болып есептеледі. Қазір Аман­гелді ауда­нында өндірілген қымыз бен құрт-майдың өтуі біршама жолға қойылыпты. Сәр­сенбектің отбасы піскен қымыз, Гүлдананың қолынан шыққан сапалы құрт, сары майды сату үшін олар аудан, облыс орталығына немесе Арқалық қаласына барып әуре болмайды екен.

– Белгілі бір кәсіпкерлер біздің өндірген тауарымызды үйден келіп алады да, Қос­танай, Арқалық, Нұр-Сұлтан қалаларына жеткізеді. Тіпті алу­шылар биенің сүтін, саумалын, қымызын бөлек-бөлек дайындауымызды сұрайды. Өйткені оларға биенің енді сауған сүтіне де сұраныс беретіндер бар екен. Бұл бізге де үлкен көмек болып тұр. Өкінішке қарай біз биыл сиырды көбірек сауып, қымызды күніне 25 литр ғана өндіріп отырмыз. Бірақ сапасы жақсы болған соң, қолға тигізбей алып кетеді, – дейді Сәрсенбек.

Амангелді ауданында жыл­­қы ұстап, қымыз өндіріп отырғандар тек Сәрсенбектің от­басы ғана емес. «Құлан» бағ­дарламасының арқасында құ­лындар көбейіп, қымыздың бе­ре­кесі артты. Қазір аудан бо­­йынша 18 323 бас жылқы бар, соның 7963 басы – бие. Мал ба­сының артуына «Құлан» бағ­дарламасының ықпалы мол болған. 2014-2017 жылдар ара­­­­лығында мемлекеттік осы бағ­дарлама аясында аудандағы 11 шаруа қожалығы 98,3 миллион теңгеге 248 бас бие сатып алған.

2018 жылы «Игілік» бағдар­ламасымен аудан­да 39 кәсіпкер 320 бас жылқы алса, 2019 жылы осы бағдарлама аясында 18 кәсіпкер 120 бас жылқы алған.

– Амангелді ауданында мал ұстауға жағ­дай жеткілікті. Ең бастысы, жайылым бар. Биыл мемлекеттік бағдарламалармен тағы да мал алуға ниет білдір­гендер құжаттарын рәсімдеуге кірісті, – дейді аудан әкімінің орынбасары Болат Алпысбаев. Алған малын одан әрі көбейтіп, Сәрсенбек Досмағамбетов се­кілді кәсібін дөңгелетіп отыр­ғандар қатары да көбейген. Құм­кешу ауылдық округының Айт­бай ауылында «Жұман» шаруа қожалығы 350 бас жылқы өсіріп отыр. Шаруашылық 50 бие байлап, өндірген қымызын Арқалық, Нұр-Сұлтан және Қостанай қалаларына өткізеді. Шөбі шүйгін Амангелді ауданынан жеткізілген қымыздың сапасын тұтынушылар біледі. Ел аузында «Амангелдінің қымызы» деген брендке ие. Аудандағы «Қамысбай-Қырықмылтық» шаруа қожалығы 30 бие байлайды, олар өндірген қымызын Қостанай қаласының орталығында «Тор­ғайда өндірілген» деген атпен тұтынушыларға ұсынады. Со­нымен қатар «Батпаққара» ша­руашылығының 25 бие­ден сауған қымызы да Қостанай мен Нұр-Сұлтан қалаларына «Торғайда өндірілген» деген атпен жеткізіледі. Амантоғай ауылдық округындағы Қаражар ауылында «Рахымбек» шаруа қожалығы 50 бие сауады. Олар электр­мен жұмыс істейтін арнайы бие сауу желісін орнатып, қымыз өндіруді өндірістік дең­гейге жеткізуге талпынып отыр.

Әрине, Батпаққара даласында мал басының көбейгені ауданның ғана емес, облыста мал шаруашылығының дамуына оң әсер етеді. Алайда, бұл істе шешімін күткен мәселелер бар. Ең бастысы, ауданда малшы, жылқышы жетіспеушілігі белге тебеді.

– Құлындаған биелерді сауынға үйретпесе, теуіп жазым етуі мүмкін. Оны үйретуге қол күші керек, яғни жылқышы, жұ­мыс істейтін адам жоқ. Со­ның салдарынан біздің ша­руа­шылықтағы тебінде жүріп құлындаған 11 бие әлі сауыл­май жүр. Ауылдағы басты мәселе жылқышы мен малшы­ның жетіспеуі дер едім. Қазір ауылдағылар табысты қолын­дағы малынан да тауып отыр, сондықтан жұмысты аса қажет етпейді, – дейді Сәрсенбек.

Ауылдарда жұмысы жоқ­тар да жетеді. Бірақ мал бағуға келгенде мойны жар бер­мей­тіндер көп. Оның үстіне мал ұрлығы да жаудай. Ұзын аяқты малды үйірімен, табынымен айдап кететіндер бар. Осын­дай қиындықтар мал шаруа­шылығын дамытқысы келетін кәсіпкерлердің алдына көлденең тұрады. Амангелді ауда­нында осындай қиындықтарға қара­мастан «Құланнан» өрген құ­лындар көбейіп, қымыз да молайып келеді.

 

Қостанай облысы,

Амангелді ауданы