Дүбірге толы дүние
Жұма, 3 мамыр 2013 1:53
Италия билік дағдарысының қыспағында
Ел президенті Джорджо Наполитаноның белсенділігі, тіпті қатқыл талабы арқасында десе де болғандай, Италияның коалициялық үкіметі құрылды. Оны басқару Демократиялық партия бас хатшысының орынбасары Энрико Леттаға жүктелді.
Жұма, 3 мамыр 2013 1:53
Италия билік дағдарысының қыспағында
Ел президенті Джорджо Наполитаноның белсенділігі, тіпті қатқыл талабы арқасында десе де болғандай, Италияның коалициялық үкіметі құрылды. Оны басқару Демократиялық партия бас хатшысының орынбасары Энрико Леттаға жүктелді.
Бір жыл емес-ау, бірнеше жыл қатарынан қанша үкімет ауыспады бұл елде?! Жаңа сайлау сол билік дағдарысынан құтқарар деген үміт те ақталмады. Жыл басында өткен сайлаудан кейін парламенттің төменгі палатасында Пьер Луиджи Берсанидің Демократиялық партиясы, ал сенатта Сильвио Берлусконидің «Азаттық халқы» партиясы жеңіске жеткеннен кейін кәдімгі демократиялық жолмен үкімет құруға мүмкіндік болмай қалды. Күші қарайлас партиялар ымыраға келмей, бірінің дегеніне екіншісі көнбей, дағдарыс жалғаса берген.
Осы жерде италиялықтар 88 жастағы қарт қайраткер Джорджо Наполитаноның әрекетін, сірә, ұмытпайтын болар. Ол саяси партиялардың басшыларына қатқыл талап қойды: егер олар ымыраға барып жаңа үкіметті құрмаса, өзінің қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол үкімет дағдарысы елдің экономикасына, саяси ахуалға кері әсер ететінін алға тосты. Бұл, шынында да, саяси ерлікке пара-пар қадам еді. Көп адам мұны одан күтпеген.
Расында да, бұл басқаларға сабақ болғандай, елдің тағдырын ойлаған қайраткердің әрекеті еді. Жасы 90-ға жақындаған Наполитаноның жақында ғана президенттік мерзімі аяқталған болатын. Сол саяси партиялардың ымырасыздығынан сонда парламент жаңа президентті сайлай алмады. Жетекші партиялар өз қарсыластарының адамдарын өткізбеуге барын салып, ақырында үш рет дауыс беру де нәтижесіз аяқталды. Сонда саяси партия жетекшілері Наполитаноға қайта сайлану жөнінде қолқа салды. Ол келісімін берген. Бұл өзі – жасы осынша ұлғайған адамның демократиялық жолмен жоғары лауазымға сайлануының сирек мысалдарының бірі.
Сол Наполитаноның саяси партия жетекшілеріне шарт қоюын әсте де саяси ойынға жатқызуға болмайды. Ел қалай да билік дағдарысынан шығып, үкімет күйзеліп бара жатқан экономиканың тізгінін ұстауға тиіс. Ал Энрико Леттаның үкіметі осынау міндетті жүзеге асыра ала ма деген төңіректе біраз әңгіме де болып жатыр. Басқасын былай қойғанда, саяси партиялардың коалициялық үкімет құруға келісімінің өзі әжептәуір жетістік деген жөн.
Енді Леттаның өзіне келсек, ол шын мәнінде саяси күштерді жақындастыруға таптырмайтын тұлға көрінеді. Әңгіме мынада: оның жақын ағайыны Джанни Летта демократтардың басты қарсыласы оңшыл центристердің көсемі атақты Берлусконидің ең жақын адамы екен. Ағайындар тіл табысып жатса, олардың партиялары да жақындасар деген үміт бар. Ал 46 жастағы Энрико Леттаның өзі үкіметке көптен араласып жүрген тұлға. Ол 1999 жылдан бері Массимо Д’Алеманың, Джулиано Аматоның кабинетінде министрлік қызмет атқарса, Романо Продидің үкіметінің статс-хатшысы болды, соңғы жылдарда парламентке сайланған.
Сарапшылар «Үлкен коалиция» үкіметінің құрылуын бірден-бір дұрыс жол санап отыр. Бұған бармаған партияларға жұртшылықтың да сенімі азаяды. Тітпі коалицияға кірген партиялар біраз уақыт ынтымақпен жұмыс істейтін болса, соның өзі үлкен олжа. Бұл уақытта біраз саяси шаруалардың да басын қайтарып алуға мүмкіндік туады. Сірә, президент Наполитано мен премьер-министр Леттаның қазіргі басты шаруасы елдің сайлау жөніндегі заңын реформалау болса керек. Бүгінгі билік дағдарысы соған барып тіреледі.
Бір жылы 15 мың еуро тұратын рақымшылық
Естімеген елде көп дегендей, сот шешімімен Босния мен Герцеговина федерациясының президенті Живко Будимир мен оның айналасындағы біраз адам рақымшылықты саудаға салды деген айыппен қамауға алынды.
Бұл әрекеттің барлық жағы да адамды таңдандырады: біріншіден, президенттің қамауға алынуы, сонан соң, рақымшылықтың ақшаға сатылуы. Төңкеріс, шапқыншылық емес, мемлекет басшысын кеңсесіне барып, қолына кісен салып, қамауға алу деген де ақылға сыйыңқырамайды. Ал сотталғандарға кешірім жасауды табыс көзіне айналдырғанды кім естіген? Табыс көзі дегенде, кешірілген әр жыл 15 мың еуроға сатылған ғой!
Ақпарат құралдарының хабарларына қарағанда, бұл өзі жүйелі жолға қойылған қылмыстық топ көрінеді. Оған президент Будимирге қоса кешірім жөніндегі комиссия жетекшісі Хидайет Халилович және президент көмекшісі Петар Баришич кірген, олар бір жыл ішінде 122 адамға кешірім жасаған.
Әңгіме кімге кешірім жасауда болып отыр. Жалпы, кешірімді, рақымшылықты жұрт қайырымдылық әрекет санайды. Айталық, Түркіменстан басшысы жыл сайын түрмеден мыңдаған адамды босатса, ол жазатайым қылмыс жасағандарға, жаңылыс басқандарға рақымшылдық ретінде қабылданады. Ал Будимирдің кешірімі – сауда. Оның әр жылы – 15 мың еуро. Және кешірім жасалғандардың барлығы ауыр қылмыстылар – жоғарыда аталған 122 адамның 35-і адам өлтіргендер екен. Жұртқа белгілі қылмысты дүниенің дөйі Мерсед Хаджич деген пәлекет адам өлтірмек болғаны үшін сотталса, ол да Будимирдің рақымшылығына ілінген.
Кейде бір халықтың соры қалыңдай көрінеді. Босниялықтардың көрген азаптары да аз емес. Сонау Югославиядан азаттық алып шығар жылдардағы (1992-1995) қырғында серб фашистерінің қолынан бұл халықтың оннан бірі қаза тапса, міне, енді өз басшыларынан да қиянат көріп отыр. Қазір ел халқының 40 пайызы жұмыссыз. Ал басшылары қылмыскерлерге «қайырымдылығын» сатып, баюды ойлайды. Бұл елге халықаралық қоғамдастықтың айтарлықтай жақсылық жасағанын да айтқан жөн болар. Ең алдымен, сербтердің айуандығынан арашалап, тәуелсіздігін алып берді, сөйтіп, Босния мен Герцеговина және Серб республикасының федерациясы дүниеге келді. Үлкен мөлшерде елге қаржылай да көмек көрсетті. Бір өкініштісі – бұл бірегей тұтас мемлекеттен гөрі екі автономиялық әкімшіліктің қолдан жасалған құрылымындай болып отыр. Сөз болып отырған қылмыстық әрекеттің орын алуына да сол себеп болғандай. Әр автономия өз дегенін істейді. Оған ортақ бақылау, қадағалау жоқ.
Сондай-ақ, елдегі саяси партиялардың күресі де ел бірлігіне айтарлықтай нұқсан келтіріп отыр. Билік тізгінін ұстаған тұлғалар сол партияларды бір-біріне айдап салып, өздерінің мүдделеріне пайдаланады.
Сиректеу кездесетін сорақы қылмыстың беті ашылды. Бірақ оның немен аяқталатыны әлі белгісіз. Босния мен Герцеговина дейтін шағын елдің тарихына қара таңба болып енетін бұл оқиғадан дұрыс қорытынды жасалса игі. Жасалғанда, қылмыскерлер тиісті жазасын алуымен қатар, бұл саяси дүрбелеңге соқтырмай, елдің тыныштығын бұзбайтын парасатты жол табылса екен дейсің. Бұл ретте кезінде бұл елдегі шиеленісті реттеуге мұрындық болған БҰҰ-ның тағы да оған араласуы қажет сияқты.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».