Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Экология, геология және табиғи ресурстар жаңа министрлігінің ұжымымен кездесуде ҚР Президентінің Жарлығымен ведомство министрі болып тағайындалған Мағзұм Мырзағалиевті таныстырды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстардың ұтымды пайдаланылуын қадағалау, геология және минералды-шикізаттық базаны қайта өндіру өкілеттіктері, сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтардың айналымы, сумен жабдықтау және су тарту, орман шаруашылығы мәселелері берілді.
А. Мамин М. Мырзағалиевтің білікті маман, тәжірибелі басшы екенін атап өтті. Ол мұнай-газ саласында жұмыс істеген, «Қазмұнайгаз» ҰК төрағасының орынбасары, мұнай және газ вице-министрі қызметтерін атқарған. Қазіргі таңға дейін энергетика вице-министрі лауазымын атқарды.
«Президент Сізге, өте маңызды бағытты басқаруды және жаңа мемлекеттік органның жұмысын ұйымдастырып, алға қойылған міндеттерді орындауды сеніп тапсырды», — деп ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин, барлық ұйымдастыру мәселелерін жедел шешуді және жұмысқа кірісуді тапсырды.