Аймақтар • 17 Маусым, 2019

Жетісу жасөспірімдері Қобыланды батыр» жырын жатқа айтып жарысты

441 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Жыр – жауһар» байқауы өтті.

Жетісу жасөспірімдері Қобыланды батыр» жырын жатқа айтып жарысты

 Аймақтағы алғыр жастардың басын қосқан сайыс «Қобыланды батыр» жырының Марабай нұсқасын жаттап, айтуға арналған болатын. Негізгі байқауға облыстың барлық аудан, қалаларынан 51 жасөпірім қатысып, олардың ішіндегі 15 үздік жыршы екінші айналымға өтті.

– Ауыз әдебиетімен сусындап өспеген,  оны жете білмеген ұрпақ ертең тіліне жаны ашитын, туған жеріне  қызмет ететін, өз елінің нағыз патриоты болып өседі деп айту қиын. Сондықтан да бүгінгі   байқауымыз  аз  да болса оң септігін тигізеді деген үмітпен, ұзын-сонар жырды жаттап, байқауға бақ сынауға келген әрбір оқушы саналарына сәуле ұялатып, рухани азық алды  деп сенеміз. Батырлар жырындағы патриоттық сезімдерді бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіріп, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытып, көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыратын мұндай игі шара болашақ та да өз жалғасын табуы керек – дейді байқау жайында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев.

Байқау нәтижесінде «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын мүдірмей жатқа айтып қарсыластарынан оза шапқан  Ерасыл Төлегенов бас жүлдені қанжығасына байлады. Ауыз әдебиетіне жетік, сөзге шешен әрі жырды толық жаттаған жасөспірім Іле ауданынан келген екен.  

Алматы облысы