17 Маусым, 2019

Екі айда 270 шақырымға шапқан жүйрік

3162 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атымның 150 шақырымға шыдайтынына да сенімдімін.

Екі айда 270 шақырымға шапқан жүйрік


Кеше Тарбағатай ауданында ел тарихында тұңғыш рет «Ұлы Дала қазанаты» атты 140 шақырымдық ат бәйгесі ұйымдастырылған болатын. Қазақтың ұзақ жүріске шыдамды қазанаттарын һәм алаштың атқа мығым отыратын, шымыр жігіттерін анықтау мақсатында өткізілген жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресейден 100-ден астам ат қатысқан-ды. Таңғы сағат 4-тте басталып, түске дейін созылған қыл құйрықтылар сайысында 1 орынды Ақсуат атынан қосылған Алматы облысының Талдықорған қаласының Қыз Жирен есімді (ат иесі – Рүстем Досжанов) жартылай асыл тұқымды жүйрігі иеленген-ді. Ал 2-3 орындарды кезінде қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов «Бошайдың үш қарасы» деп тамсана әңгіме жазған Алтайдың абыз ақсақалы Бошай Кітапбаевтың туған жері – Катонқарағай ауданының атбегілері өзара бөлісті. Бір таңғаларлығы, екі ай бұрын Зайсанда тұңғыш рет ұйымдастырылған 130 шақырымдық бәйгеде 2 орын алған Пырақ есімді ат бұл жолы да осы жетістігін қайталап, елді елең еткізді (айтпақшы, сол жарыста 1 орынды осы ауданның аты иеленген-ді). Біз сол атқа шапқан тақымы тастай шабандозбен аз-кем әңгімелескен едік.      

-Бұл – Катонқарағайдың Өрнек ауылының аты. Аттың иесі – Қайрат Серкенов. Менің әкемнің туған ағасы. Атты дайындап, шапқан – өзім. Аты-жөнім - Қуаныш Тұрсынханов. Зайсанда 130 шақырымды 6 жарым сағатта шауып өттім. Бұл жолғысы 7 жарым сағат деп жатыр бәйгені көрген кісілер, - деп бастады әңгімесін Қуаныш.

-Бұл аттың тұқымы қандай?

-Таза қазақы ат деуге болмайды. Бұрынғы Дон жылқысынан қалған тұқым ғой. Қаны қазақы жылқылармен араласқан. Таза, қазақтың жабы жылқысы емес. Бұл - жергілікті жылқы тұқымы. Қазанат деуге де болатын шығар. Қазанаттың да түбінде тектілік болған ғой. Біздің Катонқарағай ауданының Солдатова деген ауылында орыс ұлтының өкілдері Дон тұқымын көп ұстаған. Бұл - Алтайдың қытымыр қысына да төзімді, жүріске де шыдамды жылқы. Осындай жылқылар Катонқарағайда көп тараған. Яғни қазақы жылқы мен Дон жылқысының тұқымы араласқан.


-Атты бәйгеге қанша уақыт дайындадыңыз?

-Зайсандағы 130 шақырымдық жарысқа 25 күн дайындадым. Бұл жолғы жарысқа Зайсаннан кейін бір айдай тынықтырып барып баптай бастадым.

-Бұл бәйгеге қосылып жүрген ат па? Әлде міністің аты ма?

-Міністің аты. Малға, шаруашылыққа мініп жүрген ат. Аламанға қосылмаған ат.

-Үшінші орынды да Катонқарағайдың аты алды ғой.

-Иә, ол – Үлкен Нарын ауылының аты. Аттың бапкері – атақты Бошай Кітапбаев ақсақалдың ауылынан.  

- 140 шақырым атқа да, шабандозға да оңай болмайтыны анық. Жалпы, жарыс қалай өтті?

- Таң қылаң бере, сағат төрттен 25 минут кеткенде жарыс жолына шықтық қой. 130 шақырым бойы Қарағандыдан келген ат алдына қара салмады. Мәреге жақындағанда басып оздық. Шаршап, шамасы жетпей қалған секілді. Ал 1 орын алған Алматы облысының атымен 40 шақырымнан бері қарай қатарласа шауып отырдық. Мәреге шамамен бір шақырымдай жер қалғанда екеуміз де тізгінді қоя бердік. Екеуміз де мәреден шауып өттік. Талдықорғанның аты аламанға қосылып жүрген ат екен. Алматы жақта тазақанды, асыл тұқымды жылқылар көп қой. Аймақта мұндай аттар аз.

-150 шақырым болғанда озып кетер ме едіңіз?

-Оны айту қиын. Бірақ атымның 150 шақырымға шыдайтынына сенімдімін.

- Бәйгеге бұрыннан шауып жүрсіз бе?

- Өзім Өрнек ауылында тұрамын. Әкем де ат баптайды.

- Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге лайық ат жарысына бір емес, екі мәрте қатысып, жүлде алдыңыз. Екі жарысты қоссақ, екі ай ішінде 270 шақырымды бағындырыпсыз. Алған әсеріңіз қандай?!

-140 шақырымдық бәйге Қазақстанда алғаш рет өтті ғой. Мұндай жарыста бәйге алу үлкен қуаныш, зор мәртебе деп ойлаймын.

- Кеше «алдыңғы ат бәйгеге жолдан қосылды» деген әңгіме айтылды. Бұған не дейсіз?

 -Жарыс әділ болды. Кейбір адамдар «осынша шақырымда неге шаршамайды?» деп ойлаған болуы керек. Бірінші орын алған ат толық шауып шықты. Оған өзім куәмін. Ешқандай дау жоқ.

-140 шақырым шапқанда жолда қанша рет аялдадыңыздар?

- Өзім атымды үш рет тоқтатып, екі-үш минуттан демалтып, аздап су ұртатып отырдым. Жарысқа ұзын саны 104 ат қатысты. Мәреге жеткені - 12. Біз келгеннен бір сағаттан кейін келген аттар да болды.         

- Биылғы сәуір айының 7-сінде Зайсанда өткен 130 шақырымдық бәйгеде 1 орын алған Катонқарағайдың аты өліп қалды деп естідік. Рас па осы?

- Бұл - жалған ақпарат.

- Қуаныш, қысқа-нұсқа сұхбатыңызға алғыс білдіреміз.