Президент • 18 Маусым, 2019

Құттықтаулар жалғасуда

356 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Президенті болып сай­лануы­на орай құттықтау хаттары мен жеделхаттар келіп жатыр, деп хабарлады Қазақстан Прези­дентінің баспасөз қызметі.

Құттықтаулар жалғасуда

Франция Президенті Эммануэль Макрон Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Президенті болып сайлануымен құт­тықтап, табыс тіледі. Сондай-ақ ол алдағы уа­қыт­та кездесуге, екі ел арасындағы қарым-қатынас­тар­дың перспективалары мен одан әрі дамыту мәсе­лелерін талқылауға әзір екенін жеткізді.

«Франция арадағы қарым-қатынастардың ілгері дамуына ерекше мүдделі. Біз Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев мыр­замен Брюссельдегі кездесуімізде ынты­мақ­­тастықтың экономикалық саладағы үш ба­сым бағытына тоқталдық. Олар: ауыл шаруа­­шылығы және агроөнеркәсіптік кешен, жаңар­тылатын энергия көздері және цифрлық сала.

Мәдениет, білім, лингвис­тика­лық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша қарқынды дамып келеді. Осы бірлескен жұмысымыз Қазақстанның гүлденуіне өз үлесін қосады», делінген жеделхатта.

Жапонияның Премьер-Ми­нистрі Синдзо Абэ құттықтау жеделхатында екі ел арасындағы жо­ғары байланыстарды атап өткен.

«Алдағы уақытта Сізбен саяси, экономикалық, мәдени және басқа да салалардағы ынтымақтастығымыз бен өзара достық қатынасымызды жалғастыра беруді қалаймын», деп жазды Синдзо Абэ. 

Испанияның Королі Фелипе өзінің құттықтауында Қазақстан Пре­зидентімен жақын арада кезде­сетініне сенім білдірді.

«Біздің мемлекеттерімізді бі­рік­­тіретін барлық сала бойынша ынты­мақтастығымыздың алдағы уақытта да нығая беретініне сенімді болыңыз. Бұл терең байланыстарымыз халықтарымыздың бейбітші­лік пен тұрақтылық қағидаттары­на деген адалдығына негізделген»,  делінген жеделхатта.

Польша Республикасының Прези­денті Анджей Дуда өзінің құт­тықтауында Қазақстанды Орта­лық Азиядағы ең маңызды әріптес ретінде атап өтті.

«Польша-Қазақстан арасындағы байланыстар алдағы жылдары да саяси әрі экономикалық салаларда қарқынды дамуын жалғастыра беретініне үміт артамын. Біздің қарым-қатынастарымыздың әлеуеті жоғары екеніне сенімдімін», деп атап өтті Анджей Дуда.

Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистё да Қасым-Жомарт Тоқаевты құттық­тап, тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін білдірген.

«Қазақстан мен Финляндияның қарым-қатынасы өте жақсы, әсіресе сауда саласындағы байланыстар­ға ерекше мән берілген. Біз бұдан әрі қарай да екіжақты және халық­аралық күн тәртібінде өзара іс-қи­мыл­­дарымызды арттыра беруге да­йынбыз», делінген жеделхатта.

Еуропалық комиссия Президенті Жан-Клод Юнкер құттықтау жеделхатында Еурокомиссияның Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге бейілді екенін атап өткен.

«Ауқымды әріптестік пен ын­ты­­мақтастықты қамтамасыз ету біз­дің көпқырлы қарым-қаты­нас­тарымызды, соның ішінде эконо­микалық байланыстарымызды одан әрі дамыту үшін платформа болады», делінген жеделхатта.

Сондай-ақ құттықтау хаттарын ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері бойынша жоғарғы комиссары Ламберто Заньер, Малайзия Королі Сұлтан Абдулла Риятуддин әл-Мұстафа Биллах, Вьетнам Социалис­тік Республикасының Прези­денті Нгуен Фу Чонг, Тайланд Премьер-министрі, генерал Прают Чан-Оча, Кипр Президенті Никос Анастасиадис, Түрік Республикасының Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, ТМД Дінаралық кеңесінің теңтөрағасы Шейх-уль-ислам Аллахшүкір Паша-заде, Армения Жоғары патриархы және барша армяндардың Каталикосы ІІ Гарегин жолдады.