Дүбірге толы дүние
Жұма, 17 мамыр 2013 1:21
ҰЛЫБРИТАНИЯ ЕУРООДАҚТАН КЕТЕ АЛА МА?
Дүйсенбі күні Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Вашингтонда АҚШ президенті Барак Обамамен бірге өткізген баспасөз мәслихатында өз елінің Еуроодақ құрамынан шығуы жөніндегі мәселені қозғап, жұрт назарын аударды.
Жұма, 17 мамыр 2013 1:21
ҰЛЫБРИТАНИЯ ЕУРООДАҚТАН КЕТЕ АЛА МА?
Дүйсенбі күні Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Вашингтонда АҚШ президенті Барак Обамамен бірге өткізген баспасөз мәслихатында өз елінің Еуроодақ құрамынан шығуы жөніндегі мәселені қозғап, жұрт назарын аударды.
Бұған, әрине, ең алдымен Еуроодаққа қарсылар айрықша мән бергені сөзсіз. Сол одаққа кірмекке құмар елдер көп, көпшілігінің оған қолы жетпей жүр. Соларға саусағын нұсқап, «Оу, қарасаңдаршы, сол одаққа несіне қызығасыңдар, оның белді мүшесі Ұлыбританияның өзі одан кеткісі бар», деп қуанғандай көңіл білдірді.
Расында да Еуропа елдері, оның ішінде Еуроодаққа мүше елдер де бар, соңғы кездерде айтарлықтай экономикалық қиындықтарға ұшырады. Біраз жұрт соған Еуроодақты кінәлідей санайды. Тіпті қаржылық құрдымға кете жаздап, сол Еуроодақтың көмегімен аман қалған Грекия, Испания, Кипр сияқты елдердің жұртшылығы Еуроодақты кінәлауға құмар. Рас, Еуроодақ бұл елдердің үкіметтерінен қатаң экономикалық үнем тәртібін орнықтыруды талап етеді. Бұл талап сол елдердегі экономикалық-әлеуметтік жағдайларға әсер етеді: айлық азайып, салық көбейеді. Содан да наразы жұртшылық кінәні қамқоршылардан көреді.
Дәл Ұлыбританияның өзі сол Еуроодақтан зардап та шегіп отырған жоқ. Атап айтар бір жай: сол одақтың жетекші елі ретінде осынау экономикалық қауымдастықтың қазіргі кезде мойнына артылған ауыртпалықты көтеруде оған айтарлықтай салмақ түседі. Соны ауырсынатыны бар. Әркім өз күнін өзі көрсін деген пікірге жығылып, бұл одақтың жарғысын да, жұмыс тәртібін де реформалау қажет деп есептейді. Ағылшын премьер-министрі өзінің бұл пікірін осыдан бір ай бұрын Германия канцлері Ангела Меркельдің отбасылық қонағы болған кездегі әңгімесінде де айтқан, бұл одақ біршама икемді болсын, барлық елді Брюссель бір шыбықпен айдамасын, әр ел өз мүддесіне сай әрекет жасасын деген.
Германия канцлері сонда ағылшындық әріптесінің пікірін толығымен қабылдай қойды деу қиын. Одақ болған соң, жарғы ортақ болуға, ол басқаларға жауапкершілік жүктеуге тиіс, оның мүшелері өзіне міндет те қабылдауға тиіс. Қаржылық күйзеліске ұшыраған елдерге ЕО үлкен қаржылық көмек көрсетті. Сол қаржыны бұл елдер өз жыртығын жамауға жұмсамай, ысырапқа жұмсар болса, ол бүкіл одақты жарға сүйрейді. Мұны Барак Обама да ескертті. Сол біріккен баспасөз мәслихатында АҚШ президенті Англияны бұл одақтан шығуды сөз етуден бұрын Еуроодақта жүргізіліп жатқан реформаларға, шараларға, дұрыс баға беруге шақырды.
Әрине, қандай нәрсені де жақсарта түсуге болады. Бұл жөнінде ізденіс те қажет. Сол Еуроодақты жетілдіре түсу, реформалау жөнінде де әңгіме аз айтылмайды. Жөн дерсің. Алда солай да болар. Бірақ, осыған қарамастан, ол талайлардың көксегені. Жұрттың оған кіргісі келеді және ол негізсіз де емес. Мұнда елдердің, мемлекеттердің экономикалық кірігуінің, бір-біріне қолдау көрсетуінің, ортақ мәселені шешудің игілікті тәжірибесі қалыптасқан.
Сонда Ұлыбритания премьер-министрінің бұл ұйымнан шыға қоюы жөнінде мәселе қозғап, ала-шапқын болуы қалай? Шынымен-ақ олар ЕО-дан шықса, жағдайлары жақсара қоя ма? Еуропадан, АҚШ-тан оқшауланып, Ұлыбритания опа таба ма? Бұл ел бүкіл Еуропамен барлық жағынан кірігіп, ұштасып кеткен. Оны бұзғаннан табары шамалы.
Сонда Дэвид Кэмеронның мұнысы қалай? Екі жылдан кейін бұл елде парламенттік сайлау өтеді. Соған дайындық қазірден басталып отыр. Консерваторлық партияның өткен сайлаудағы бір ұраны ЕО-дан шығу болған. Жалпы, халыққа басқаға есеміз кетіп жатыр, барлық нәрсе өзімізге қалсын деген сөз ұнайды. Кэмерон да сол сөзді айтып отыр. Бұл кейін ұмытылуы да мүмкін. Өйткені, Еуроодақтан шығу жөніндегі референдум өте қалғанда, ол 2017 жылға жоспарланған. Оған дейін кім бар, кім жоқ.
ПРИДНЕСТРОВЬЕ ТҮЙІНІН ШЕШУ ҚИЫН
Кешегі КСРО-дан қалған қиын мұраның бірі – Приднестровье. Жиырма жылдан бері түйіні шешілмей келе жатыр. Қаншама келіссөздерге арқау болды, бәрі де нәтижесіз. Жақында тағы да келіссөз өтпек, бірақ оның да нәтижелі болатыны күмәнді.
Приднестровье – Молдованың бір бөлігі. Бірақ кешегі КСРО күйреген заманда сыртқы күштердің ықпалымен Молдовадан бөлініп, өзін Приднестровье Молдавия Республикасы деп жариялады. Бірақ оны ешкім мемлекет деп таныған жоқ. Бұл өзі посткеңестік мемлекеттер тарихындағы қара сүйелдей дау-шарлық субъектіге айналды. Оның басты себебі, Мәскеуге барып тіреледі. Егер Мәскеу араласпағанда, бұл мәселе жалпы туындамауы да мүмкін еді. Әңгіме мынада. Кешегі КСРО милитаристік мемлекет еді, қаруы, әскері көп болатын. Және оны үлкен империяның барлық жеріне орналастырды. Бір армия елдің батысында, Молдавия жерінде, нақтырақ айтқанда, Приднестровьеде еді. Одақтас республикалар өз тәуелсіздігін алып жатқанда, КСРО-ның қарулы күшіне мұрагер болған Ресей 14-ші армия орналасқан Приднестровьені Молдавияға қиғысы келмей, осындағы сепаратистерге барынша қолдау көрсетіп, танылмаған республика пайда болды. Кейін әлем жұртшылығының қысым-талабына орай армиясын әкеткенімен, Ресей өздерінің «бітімгершілік күштерін» қалдырды.
Мәскеудің мұндай әрекетке баруына олардың бұрыннан қалыптасқан басқаның жеріне деген империялық ашкөздігі себеп болғаны анық. Оған желеу де табылған. Мұндағы халықтың үштен бірі орыс, үштен бірі украин және үштен бірі молдаван еді. Өз қандастары – орыстарды басқа мемлекеттің қыспағына қалдырмаймыз деген уәж айтылды. Сепаратистер осындағы әскерге арқа сүйеді.
Ресми түрде халықаралық анықтамаларда ол Молдованың құрамында делінгенімен, Тирасполь Кишиневке бағынбайды. Өз парламенті, өз үкіметі, өз президенті бар. Қаласа, тіпті Молдованың президентін де «өз жеріне» кіргізбейді. Бірде солай да болған. Бірақ солай болса да, оны мемлекет деп таныған ешкім жоқ. Бұған Мәскеу күйінеді.
Кезінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болған кезінде бұл түйінді шешуге әрекет жасағаны бар. Бірақ одан нәтиже шықпады. Оның жолы табылмады. Табылмағанда, Мәскеуді арқаланған Приднестровье Молдоваға қосылғысы жоқ. Күш қолдану, әрине, жол емес. Оған ешкім бармайды.
Ендігі жол қайсы дегенде де, дәл қазір жұрттың нақты айтары жоқ. Содан да алдағы келіссөз раундына қатысатын Ресей, АҚШ, ЕО, Молдова және Приднестровье, сондай-ақ ЕҚЫҰ төрағасы (қазір Украина) қандай бағытта әрекет жасайтыны белгісіз. Бірақ біраз елдің мүдделері айқын. Болашақта Молдованың жеке өзі немесе Румыниямен бірігіп Еуроодаққа кіру жоспары бар. Онда оған Приднестровье ермейді. Сонда ол кіммен қалады? Алыста жатқан Ресейге қосылу қиын, бірақ оның сырттағы (Калининград облысы сияқты) анклавына айналуы мүмкін. Бұл – Ресейдің арманы. Әйтпесе, автономия болып Украинаға қосылу мүмкіндігі бар. Соңғы кезде бұл да біраз әңгіме болып жүр. Әйтеуір көп адам Приднестровьенің Молдова құрамында қалатынына күмәнмен қарайды.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».